Қалалық қоғамдық-саяси газет

Тақтайдай жол, таза ауыз су – халық игілігіне

0 752

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында 2025 жылға дейін жергілікті жолдардың кемінде 95 пайызын жақсарту жөнінде Үкіметке тапсырма бергені белгілі. Бұл жұмыстар Жуалы ауданында тиісті деңгейде атқарылуда.

Бүгінгі таңда аудандағы автомобиль жолдарының жалпы ұзындығы 561,2 шақырымды құрайды. Оның 58,1 шақырымы республикалық маңызы бар автомобиль жолы. Ал облыстық маңызы бар автомобиль жолдарының ұзындығы 132 шақырымды құраса, оның бүгінгі таңдағы қанағаттанарлық жағдайы 93 пайызды құрап отыр. Сондай-ақ аудандық маңызы бар автомобиль жолдарының жалпы ұзындығы – 108,12 шақырым. Бұл жолдың да қанағаттанарлық жағдайы облыстық мәндегі жолға тең. Ал ауыл ішілік автомобиль жолдары 263 шақырымды құраса, оның қанағаттанарлық жағдайы 68 пайыз болып отыр.
Президент Жолдауларында көлік-логистика инфрақұрылымының тиімділігін арттыруды да назардан тыс қалдырған емес. Президент ішкі өңірлік қатынастарды жақсарту үшін автожолдардың жергілікті желісін жөндеу мен қайта салу бағытындағы жұмыстарды ұйымдастыруға, қаржы бөлуге өңірлердегі барлық әкімдіктердің белсенді қатысуын талап еткен болатын.
Жол – күретамыр. Бұл бағытта қабылданып жатқан бағдарламалар мен жобалар баршылық. Соның бірі – «Нұрлы жол» бағдарламасы. Бұл бағдарлама бойынша аудандық мәндегі автомобиль жолдарын орта жөндеуден өткізуге үш жол енген. Оның жалпы ұзындығы 26,49 шақырымды құрайды. Атап айтсақ, өткен жылы Шыңбұлақ ауылындағы 7,6 және «Күйік-Теріс-Ащыбұлақ» бағытындағы 10,63 шақырымды құрайтын автомобиль жолдарының құрылыс жұмыстары аяқталып, пайдалануға берілді. Ал «Б.Момышұлы-Береке-Жүрімбай» бағытындағы 8,26 шақырымды құрайтын автомобиль жолдарының құрылыс жұмыстары жалғасуда. Бұл нысан ағымдағы жылға өтпелі болғандықтан оның құрылыс жұмыстарын биыл аяқтау көзделген. Өткен жылдың қортындысымен аудандық маңызы бар жолдардың жақсы және қанағаттанарлық үлесі жоспар бойынша 97,7 пайыз болғанымен, жоғарыда көрсетілген автомобиль жолы 2023 жылға өтпелі болғандықтан 95 пайызды құрап отыр.
– Бүгінгі таңда тұрғындар тарапынан ауылішілік жолдарға қатысты сындар көп айтылуда. Біз ол қолайсыздықты жою мақсатында жаңа жобаларды қабылдап, жаңаша бағыта жұмыс істеуді қолға алдық. Атап айтар болсақ, алдыңғы жылдары 40 ауылішілік көше жолы жөнделген болатын. Өткен жылы ауылішілік жолдар бойынша 15 жоба қолға алынып, 19,3 шақырымды құрайтын 22 көшенің автомобиль жолдары орта жөндеуден өткізілді. Бұл жобалардың 13-і жергілікті бюджет есебінен, ал екеуі «Ауыл – Ел бесігі» жобасы аясында жүзеге асырылды. Сөйтіп, өткен жылдың қорытындысымен ауылішілік автомобиль жолдарының жақсы және қанағаттанарлық үлесі 75 пайызды құрады, – дейді аудан әкімдігі тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Қайрат Жатқанбаев.
Ауа райының қолайсыздығына байланысты Көкбастау ауылдық округі Көктөбе ауылындағы Жамбыл көшесі тұйығындағы 1,9, Күреңбел ауылындағы Бейбітшілік және Қарабастау көшелері 2,1 шақырымына асфальт жабынын төсеу көзделуде. Бұл жолдарға асфальт жабынын төсеу жұмыстарын «Меркі Мерей» мен «М-Строй Груп» ЖШС алдағы уақытта жүргізеді.
– Ауылішілік көше жолдарымен қатар көше жарығын орналастыру жұмыстары қатар жүргізілуде. Ауданның мекемелері мен тұрғындарының күнделікті тыныс-тіршілігі аудандық электр желілерін тарату мекемесінің атқарып жатқан жұмыстарымен тығыз байланысты. Ауданымыздың техникалық прогресінің алға басуына, мекемелердің және тұрғындардың электр қуатымен толық әрі сапалы қамтамасыз етілуіне «Жуалы аудандық электр желілері» мекемесі жауапты, – дейді бөлім басшысы.
Электр желілерін тарату мекеме тарапынан өткен жылы біраз жоспарланған жұмыстар атқарылған. Атап айтсақ, жалпы ұзындығы 165,6 шақырымды құрайтын 35, 10 және 0,4 киолавттық әуе желілері күрделі жөндеуден ал, 25 дана қосалқы стансалар 10/0,4 киловат күрделі жөндеуден өткізілген.
Кернеудің төмендігіне байланысты Көлбастау ауылы Қ.Рысқұлбеков көшесінде 900 метр АС-25 маркалы электр сымы АС-50 және АС-35 маркалы сымға және Қайрат ауылы Ә.Беделбаев көшесінде 2000 метр АС-25 маркалы сым АС-50 және АС-35 маркалы сымға ауыстырылып, кернеу қалпына келтірілді. Сондай-ақ қазіргі таңда Ертай ауылы бойынша инвестициялық бағдарлама бойынша 146 ағаш бағана темір бетон бағанаға, 15 300 метр ескі АС-25 маркалы электр сымдары АС-35 маркалы электр сымына ауыстырылған.
«Инвестициялық бағдарлама бойынша Көлтоған ауылы №134 10/0,4кВ қосалқы стансаның 0,4кВ әуе желісінде 73 дана ағаш бағаналар темір-бетон бағанаға, АС-35 маркалы электр сымы АС-35 маркалы электр сымына, Қошқарата ауылы №112 10/0,4кВ қосалқы стансаның 0,4кВ әуе желісінде 121 дана ағаш бағаналар темір-бетон бағанаға, АС-35 маркалы электр сымы АС-35 маркалы электр сымына ауыстыру жоспарлануда. Күреңбел ауылында 1,4 километр 10кВ әуе желісін соғылып, қосымша 100кВА-лық 10/0,4кВ қосалқы станса салынды», – дейді бөлім басшысы.
Бүгінде еліміздің баса мән беріп отырғаны халықты тұрғын үймен, таза ауызсумен, көгілдір отынмен, жалпы ауыл тұрғындарының әлеуметтік жағдайын көтеру. Яғни, мұның барлығы құрылыс саласымен байланысты екені де белгілі.
Жуалы аудандық тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің мәліметінше, бүгінгі таңда аудандағы 36 елдімекен таза ауыз сумен қамтылған. Бұдан бөлек, сегіз елді мекенге таза ауызсу құбырын тарту жұмыстары жүргізілуде екен. Қазіргі таңда бірнеше елді мекендегі таза ауызсу жүйесінің құрылыс жұмыстары аяқталып, қабылдау үшін мердігер тарапынан құжаттар әзірленуде.
– Бүгінгі таңда таза ауызсумен қамтылған ауылдарда 45145 тұрғын таза су ішіп отыр. Яғни, бұл аудан тұрғындарының 85 пайызын құрайды. Өткен жылы жалпы құны 2 миллиард 206 миллион теңгені құрайтын жоба аясында 7 елді мекенге таза ауызсу құбырын тарту жоспарланған. Атап айтсақ, үш ауылдық округте орналасқан Қоңыртөбе, Тасбастау-Кәріқорған, Рысбек батыр, Жаңаталап-Ақтоған, Бәйтерек ауылдарына ұзындығы 55 шақырымды құрайтын құбыр тарту жұмыстары атқарылды. Бұдан бөлек, Ақтасты ауылындағы ауызсу жүйесіне «Жуалы-Су» мекемесі тарапынан ағымды жөндеу жұмыстары жүргізілді. Бұл жұмыстарға бөлінген қаражаттың 1 986 167,7 мың теңгесі республикалық, 220 685,3 мың теңгесі облыстық бюджеттен қаралған болатын, – дейді бөлім басшысы Қ.Жатқанбаев.
Өткен жылдың соңында Қоңыртөбе, Рысбек батыр, Жаңаталап-Ақтоған ауылдарындағы құрылыс жұмыстары аяқталып, қабылданған. Ал Бәйтерек, Тасбастау-Кәріқорған ауылдарындағы жұмыстар 2023 жылға өтпелі. «Жуалы-Су» мекемесі тарапынан жүргізілген Ақтасты ауылындағы құрылыс жұмыстары да аяқталған. Бөлім басшысының айтуынша, өткен жылдың қорытындысымен жалпы 35 елдімекен таза ауызсу жүйесіне қосылып, жоспар толық орындалған. Соңғы қабылданған Ақтасты ауылындағы таза ауызсу жүйесімен жоспар бір елдімекенге артып, 36-ға жеткен.
Құрылыс жұмыстары жүргізілген Қоңыртөбе, Тасбастау-Кәріқорған, Рысбек батыр, Жаңаталап-Ақтоған, Бәйтерек және Шақпақата елдімекендеріндегі құрылыс жұмыстары аяқталып, өткен жылға жоспарланған қаржы мердігерлер тарапынан толық игерілген.
Расында, Жуалыда таза ауызсу мәселесі өзекті мәселеге айналған. Өйткені, кейбір елді мекендерде кеңестік заманнан қалған ескі құбылар ескіріп, жарамсыз болып қалған. Ал, кейбір жерлерде су тапшылығы сезіліп, тұрғындар таза ауызсуға зәру болуда. Бұл мәселені аудан басшылары да тікелей назарға алып, биылғы жылы біршама жұмыстар атқарылуда. Мәселен, аудан әкімінің бастамасымен жергілікті бюджеттен 30 миллионға жуық қаржы бөлініп, ол су тапшылығы мәселесін жоюға жұмылдырылуда. Өңір басшысының тікелей тапсырмасымен ескі құбырлар ағымдағы жөндеуден өткізілуде.
Көлбастаулық тұрғындар да су тапшылығын көресіндей-ақ көріп келген еді. Тұрғындардың аулаларына көктем айынан бастап қара күзге дейін су келмей, әбігерге түскеніне он жылдай уақыт болған. Әсіресе, жаздың күндері судың тапшылығы бірден сезіледі. Елді мекен тұрғындары таза ауызсу мәселесін жыл сайын көтеріп, мәселелерінің шешімін шешіп беруді сұрап келеді. Міне, бұл мәселе биыл өз шешімін кезең-кезеңімен тауып, ауылға су келуде.
Жуырда Көлбастау ауылының Д.Қонаев, Қ.Рысқұлбеков көшелерінің жоғарғы бөліктерінде ауызсу құбырларына ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілген. Нәтижесінде тұрғындар ауыз су құбырларын ауласына кіргізіп, су есептегіш құрылғылар орнатылған. Бұған қоса Қ.Рысқұлбеков көшесінің жоғарғы жағынан ұңғыма қазылып, іске қосылды. Мұнда 150 метр тереңдікте ұңғыма қазылып, 100 метрге жуық су құбырлары жалғанып, ол су толтыру бассейіне қосылған. Судың көлемі де жақсы. Құбырдың ішінен судың сыңғырлаған даусы мен жылдамдығын естуге болады. Айналасында әлі де бірқатар жұмыстар атқарылуда.
«Жуалы-су» мекемесінің дерегінше, мұнда жаз мезгілінде аудан көлемінде су тапшылығы сезіледі. Оған бірден себеп – аудан халқының санының көбеюі, аула санының өсуі, қолдану аясының артуы. Көлбастау ауылындағы су тапшылығын жою мақсатында ұңғыманың құрылысын жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жүргізген. Қазіргі таңда бұл қосымша су Д.Қонаев, Д.Ковешников, Б.Майлин, Қ.Рысқұлбеков, Б.Момышұлы көшелеріне жіберілді. Яғни, 500-ге тарта тұрғын үй сумен қамтамасыз етілуде. Ұңғымадағы су бассейінге қосылған. Негізінен су бассейнге толмай, көп мөлшерде жиналмай су тапшылығын тудыратын. Енді, міне, сапалы су шығып, ауыл тұрғындарын қуануда. Әлі де реттеу жұмыстары жүргізілуде. Барлық реттеу жұмыстары аяқталса, Көлбастау ауылындағы су тапшылығы мәселесі өз шешімін табады. Алдағы уақытта Б.Момышұлы, Ә.Рысбек көшелерінде ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Сонымен қатар, Қайрат ауылынан да ұңғыма қазылуда. Қазіргі таңда 600-ге жуық су есептегіш құрылғылары орнатылды. Бұл жұмыстар да әлі де жалғасын табуда екен.
Бұған ондаған жыл бойы су тапшылығын көрген көлбастаулықтар дән риза.
Солардың бірі Қ.Рысқұлбеков көшесінің тұрғыны Нұркен Сыздықбаев..
– Су – тіршіліктің көзі. Осы тіршілігіміздің мәнісі енді кіргендей болып отыр. Өйткені, қаншама жылдар бойы су жетпей, жан-жақтан тасып ішуге мәжбүрміз. Қалай жаз мезгілі келеді, солай судан таршылық көреміз. Тек қыркүйек айының аяғына қарай су берілетін. Міне, биыл құбырлар жөнделіп, үйге жаңа құбырлармен су кіргізіп алдық. Есік алдында және үйдің ішінде де таза ауыз су ағып тұр. Су есептегіш құрылғысын да орнатып алдық. Осындай игі істі қолға алып, ауылдықтарды қуантқан аудан басшылығына, – дейді Нұркен Аманұлы.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ауылдық елдімекендерді сапалы ауызсумен қамтамасыз ету үшін Үкімет бұл іске барлық қаражат көздерінен жыл сайын кем дегенде 100 миллиард теңге қарастыруы қажет екендігін қадап айтқан-ды. Құнды құжатта айтылған «Ақбұлақ» бағдарламасы да өңірде өз шешімін тауып, кезең-кезеңімен іске асырылуда. Қазір өңірде таза ауыз сумен қамтылған елдімекендер саны едәуір артқан.
Тағы бір айта кетерлігі, Бәйтерек, Тасбастау-Кәріқорған ауылдарындағы жұмыстарды аяқтау және Әбдіқадыр ауылына суды тазартудың кешенді блок модулін орнату жоспарланған. Сонымен қатар Түктібай, Б.Момышұлы, Қайрат, Көлбастау, Бақалы, Күреңбел ауылдарын ауызсу жүйесінің құрылысына және реконструкциялауға жобалық-сметалық құжаттамасы әзірленген.

Құрмаш Қаптағай

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.