Қалалық қоғамдық-саяси газет

Таң шығындай мөлдіреп

0 249

Күн нұрымен шуағын төккен көктем мерекесіне орай таң шығындай мөлдіреген балғын арулар сынға түсті. Нәзіктігі мен алғырлығы астасып, зеректігі мен зиялылығы үйлесім тапқан 13 бойжеткен «Тараздың инабатты аруы – 2019» байқауында бақ сынасты.

Құралай СЕЙСЕНБЕКҚЫЗЫ Суретті түсірген Ю.Ким

Сұлулар сайысына белгілі ақын Үміт Битенова, «Jambyl-Taraz» газетінің директор-бас редакторы Эльмира Мырза-Ғали, стилист-визажист Сания Тоқанова, «Асыл Арман» ұлттық дәстүр мен өнерді қолдау» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Ринат Нұрақбаев, Тараз қаласы әкімдігі ішкі саясат бөлімінің Жастар ресурстық орталығы директорының міндетін уақытша атқарушы Гүлім Еркебекова қазылық етті.

Тараз қаласы әкімдігі ішкі саясат бөлімінің Жастар ресурстық орталығы мен «Асыл Арман» ұлттық дәстүр мен өнерді қолдау қоғамдық бірлестігінің «Инабат» қыздар клубы ұйымдастырған байқауға 27 ақпан күні Керімбай атындағы №12 мектеп-гимназиясында іріктеу кезеңі өтіп, 15 пен 18 жас аралығындағы 21 қыздың арасынан іріктелген 13 үміткер қалалық байқауға жолдама алған.

2011 жылдан бері дәстүрлі түрде жалғасын тауып келе жатқан «Инабатты ару» байқауы бұл жолы бұрынғыдан өзгеше өтті. Алғашқы кезеңде сайысқа қатысқан сұлулар өз жеңгелерімен ортаға шықты. Олардың арасындағы сыйластық, үйлесімділік, жеңге мен қайын сіңілінің ілтипат-ізеті басты назарға алынды.

– Бұл жолы қыздар жеңгелерімен бірге төрге озған себебі – қазақ қызы жеңгесімен сырлас болған. Анасы мен бауырларына айта алмаған құпиясын бөлісіп, сырласып, қыздың жіңішке жолында қол ұшын беріп, ақыл-кеңесімен бөлісу үшін жеңге ең таптырмайтын асыл адам. Сондықтан арулардың сырлас жеңгесін ерте келгені сондай жарасымды көрінді, – деді «Асыл Арман» ұлттық дәстүр мен өнерді қолдау» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Ринат Нұрақбаев.
Қылықты қыздар «Сымбат пен сыры жарасқан» бөлімінде биязылығы мен ізеттілігін білдіріп, шыққан тегі, ата-анасы, өскен ортасын өлеңмен өрнектеп, поэзия әдебімен өз әлемін таныстыруға тырысып бақты.

«Анадан тәлім алған қыз» кезеңінде үйінде анасымен бірге әзірлеген тағамдарын және қолөнер бұйымдарын көрсетіп, қыз балаға тән ісмерліктерін де танытты. Өз қолынан шыққан бұйымдарының жасалу жолын алдын ала таспаға түсіріп, бейнекөрсетілімдерін көпшіліктің назарына ұсынды.

«Қыз өссе, елдің көркі» айдары арқылы өнер көрсеткен қыздар ақылына көркі сай екенін дәлелдеп, күлкісі әуен, жүрісі би қылықтылар сән-салтанатымен қоса, талғамына сай һәм жарасымды етіп киім кию үлгісін де көрсетті. Тал бойына құйыла кеткен әсем көйлектер қазақ қыздарының образын аша түскендей болды. Бойжеткендердің бойына ұлттық тәрбиені сіңіріп, өнер-білімге баулу мақсатында өткен байқаудың аруларға берері мол болғаны даусыз.

Кеш барысында барлық сын тезінен сүрінбей өткен Тараз қалалық №46 орта мектеп оқушысы Қазына Шакенбаева бас жүлдені жеңіп, 26-27 наурызда өтетін облыстық байқауға жолдама алды. №5 мектеп-гимназиясының оқушысы Мерей Әбіл 1-орын биігінен көрінсе, №60 орта мектептің оқушысы Әнел Бейсехан 2-орынды, №49 мектеп-гимназиясынан келген Әмина Серікбек пен №43 орта мектептің оқушысы Ұлдана Құлжабаева 3-орынды олжалады.

Осы орайда байқау барысында ерекше көзге түсіп, қазақ қызының иманды, инабатты болмысын сән-салтанаты жарасқан ұлттық киімімен көпшілікке әлеуметтік желі арқылы танытып жүрген, №5 мектеп-гимназиясының оқушысы, аталмыш байқаудың 1-орын иегері Мерей Әбілмен тілдескен едік.
– Мен бұл байқауға қатысу үшін бір апта бойы дайындалдым. Сайыста жақсы нәтиже көрсету үшін ата-анам, ұстаздарым мен жеңгемнің қолдауына, көмегіне жүгіндім. Мен бала кезімнен киелі сахнаға шығып, өнер көрсетіп жүргендіктен, мен үшін бұл байқауға қатысу аса қиындық тудырмады. Менің ойымша, бар әдебім осы сайысқа сай болды деп ойлаймын. Бала кезімнен бойыма барлық жақсы қасиеттерді сіңіріп, өнер-білімге деген құштарлығымды оятқан ата-анама алғысым шексіз, – деді Мерей Сағатбекқызы.

Байқаудың басқа қатысушылары «Шаңырақтың шамшырағы», «Өнерлі ару», «Парасатты ару», «Үкілі ару», «Сымбатты ару», «Сүйкімді ару», «Сәнқой ару», «Бұрымды ару» номинациялары бойынша арнайы диплом және бағалы сыйлықтармен марапатталды.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.