Қалалық қоғамдық-саяси газет

Тәжтажалмен табанды күрес

0 1  026

Әлемнің апшысын қуырып, адам тағдырын жұмса жұдырығында, ашса алақанында ұстауды ойға алған тәжтажал ойсыз болсаң ойнақтап төріңе озбақшы. Қаламызда әлемдік эпидемиямен күресудің түрлі жолдары басталып кетті.

Құралай СЕЙСЕНБЕКҚЫЗЫ

Қала әкімінің орынбасары Алмас Садубаев қоғамдық көліктерде карантин режимін сақтауға қатысты түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Тұрғындардың дені бетпердесіз жүр. Өзінің және өзгенің денсаулығына жауапкершілікпен қарамаған азаматтарға және автобусқа отырғызған жүргізушіге айыппұл салынатын болады. Әзірге түсіндіру жұмыстары қолға алынды.

– Сәуір айының 1-ші жұлдызынан бастап, мониторингтік топ өз жұмысын бастап кетті. Бұл жасақтың ең басты мақсаты – қоғамдық көлік, адам көп шоғырланатын орындар мен сауда-саттық жүргізіліп жатқан тұстарды бақылап, сақтық шараларын сақтауды талап ету, – деді қала әкімінің орынбасары Алмас Садубаев.

«Тараз қаласында эпидемиологиялық талаптарды сақтау және шектеу нормаларының бұзылуының алдын алу» туралы мониторингтік топ жүргізген рейд жұмыстарының нәтижесінде қала бойынша 74 мейрамхана, 220 кафе, 75 супермаркеттер мен сауда орталықтары, 645 азық-түлік дүкендері, 19 сауда базарлары, 63 құрылыс дүкендері, 44 монша бар.

Тараз қаласының әкімі Ержан Жылқыбаевтың 2021 жылғы 31 наурыздағы №24-Ө «Тараз қаласында эпидемиологиялық талаптарды сақтау және шектеу нормаларының бұзылуының алдын алу» бойынша мониторингілеу тобы қайта жаңартылып, бекітілді. Сонымен қатар 2020 жылғы 2 желтоқсандағы №128-Ө «Тараз қаласы аумағында коронавирустық инфекцияның пайда болуы мен таралуына жол бермеу» мақсатында үйлестіру орталығы да құрылған. Мониторингтік топ қалада орналасқан кәсіпкерлік субъектілеріне рейдтік жұмыстарды күнделікті жүргізуде. Ағымдағы жылдың ақпан айына дейін шектеу шараларын, оның ішінде карантинді сақтау талаптарының бұзылуы анықталған кезде әкімшілік сипаттағы шараларды қолдану бойынша лауазымды адамдардың іс-қимыл алгоритміне сәйкес жұмыс жүргізді. Карантиндік шектеу іс-шараларын сақтамағандығы үшін Жамбыл облысы әкімдігінің денсаулық сақтау басқармасы №5 қалалық емхана жанындағы үйлестіру орталығынан 109 жедел хабарлама және полиция бастамасымен 156 материал келіп түскен. 305 әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама толтырылып, 65 850 500 теңге сомасына, ал 2021 жылдың өткен уақытында 117 әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама толтырылып, 23 955 260 теңге сомасына айыппұл салынған. 12 талап-арыз материалдары ауданаралық экономикалық сотқа нысанның қызметін тоқтатуға жіберіліп, 4 нысанның қызметі тоқтатылған. Оның ішінде «М-Фэшн» отбасылық мейрамханасы, «Сальвадор» ретро-бар, «GQ» клуб-караоке, «Коала» кафесі, «Марко Поло» кафесі, «Тропикано» кафесі, «Гауһартас» мейрамханасы, «Диско 80-90-х» кафесі, «Самурай» ойын клубы бар.

Пандемияның бірінші толқынында бірі сенбестіктен, екіншісі білместіктен түрлі жағдайда вирус жұқтырып, тағдырын тәжтажал жалмағанын көз көрді. Арада бірнеше айға бәсеңсіген инфекция қайта өршіп, енді міне екінші толқынын басымыздан өткеріп отырмыз. Бетперде кию, тазалық сақтау, сонымен қатар бүгінде вакцина салдыру да ауруды тежеуге көмектеседі.

Вакцинациялау мәселесі қалай шешілуде?

Жамбыл облысындағы COVID-19 вакцинациясының барысы туралы айта кетер болсақ: 20.02.02 – 26.03.2021 аралығында Ресей өндірісінің «Гам-Ковид-Вак» вакцинасының (Sputnik V) CVI I компонентіне қарсы вакцинациясы бойынша 1 ақпаннан бастап медицина қызметкерлері – 4562 адам (59,24%), мұғалімдер – 1403 адам (18,22%), ішкі істер департаментінің қызметкерлері, ҰҚК, әскери бөлім – 44 адам (0,6) %), басқа топтардан – 1661 адам (21,6%) және 18 студент (0,2%), медициналық-әлеуметтік мекеменің қызметкері (ЛМУ) – 1 (0,01%), әкімдік қызметкерлері (мемлекеттік қызметкерлер) – 11 (0,14%), барлығы 7700 адамды құрады.

Ал 25 наурыздан бастап II компонентті вакцинацияның 2 кезеңінің барысында – 631 адам, оның 419-ы медицина қызметкері, 137-сі мұғалім, 15-і Ұлттық қауіпсіздік комитетінің қызметкерлері, 59-ы басқа салалардың қызметкерлері және тілек білдірушілер, 1-і студент. 22 ақпаннан бастап II компонентті вакцинацияланған медицина қызметкерлері – 2162 (28,0%), 288 мұғалім (3,74%), ішкі істер департаментінің қызметкерлері, ДКНБ, МО – 20 адам (0,25%), 137 басқа салалардан келген адам (1,8%), 1 студент (0,01%), барлығы – 2608 адам.

Мамандар не дейді?

– Халықты вакцинациялау 90 пайыздан жоғары болуы қажет. Осы жағдайда «Вакцинация әркімнің жеке ісі болғаны әділетті ме?» деген сұрақ туындайды. Әрине, вакцинаны зорлап салуға ешкімнің хақысы жоқ. Екпенің пайдасы мен зиянын түсіндіріп болған соң ғана қағаз жүзінде рұқсат алынады. Ал ең алдымен қан қысымы, сатурациясы, дене қызуы бақыланып, денсаулығы жіті тексеруден өтеді. Бұл дерттен сақтану ауа тамшысы жолымен жұғатындықтан, өзіңді бақылауда ұстау өте қиын. Вирустың алдын алу үшін адам толық оқшаулану керек. Әлеуметтік ортада өмір сүргендіктен, көп жағдайда ешкіммен араласпау мүмкін емес. Сондықтан бұл мәселеде ең тиімді жол – жаппай вакцинациялану болып отыр. Вакцинаның негізгі міндеті адам ағзасына енген соң, ағзаның иммундық жүйесі вирусты немесе бактерияны танып, оған қарсы белгілі антигендерді бөледі. Кейін сол вирус ағзаға енген кезде иммундық жүйеңіз антиген бөліп шығарып, вирусты жояды. Халық арасында вакцинацияланған адам саны көп болған жағдайда денсаулығына байланысты екпе алмаған немесе денсаулығына байланысты бас тартқандардың өзі ұжымдық иммунитеттің қорғауында болады. Бұл дегеніңіз өз кезегінде инфекцияның одан әрі таралуына тосқауыл болады. Екпе алу арқылы адам қорғауда болғандықтан, отбасыңыз бен қоғам мүшелерін, сондай-ақ балалар мен иммундық жүйесі әлсіреген қарт адамдарға жұғу қаупі төмендейді. Сөйтіп, қоғамдық иммунитет қалыптасады. Вакцинацияның эпидемияларды тоқтатқаны туралы мәлімет өте көп. Иммундау арқылы дифтерия, сіреспе, көкжөтел, тұмау, қызылша сияқты аурулардан жыл сайын 23 миллион өлімнің алдын алып отырмыз. Жаппай вакцинацияны қолға алғанда ғана бәрі жақсы болады, – деді Жамбыл облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің бас маманы Гаухар Макуетова.

Вирус таралмау үшін

Қоғамдық орындарға көз салсаңыз, бетперде кию, әлеуметтік қашықтықты сақтау дәрежесінің тым төмен екенін бірден байқауға болады. Былтырғы жаз мезгілінде көптеген қиын кезеңді бастан өткере тұрып, вирус дамыл тапқан тұста еркінсіп қалған халық қайтадан той тойлауды бастап кетті. Мамандардың айтуынша, Қазақстан Республикасы «қызыл» аймақта. Алайда Жамбыл облысы «жасыл» аймақта тұрғанымен, бұл қауіп мүлде жоқ деген сөз емес. Себебі тасымал, көлік, сауда-саттық, тіпті тіршілік бар жерде вирустың даму қаупі де тоқтамайтыны анық. Алайда «Сақтансаң, сақтайды» деген қағиданы ұстану бәрін реттейді. Сол себепті мейлінше вирус таралмау үшін қолдан келген барлық жағдайды жасау қажеттігін айтып, дәрігерлер дабыл қағуда. Ол үшін сақтық шараларын сақтап, бетперде киіп, той-томалақтан аулақ болыңыз.

– Бірінші толқын басталған кезде ауырған адам көп болды. Сол уақытта дерт шыққан ошаққа бардық. Дерт жаңа тараған уақытта адамдар бұл дертке сенбейтін. Толық тұмшаланған, арнайы қорғаныс киімімізден үрейленеді ме, әйтеуір адамдар бізді жолатпай, таяқпен, таспен қуған кездерді де бастан кешірдік. Сол уақытта ауруханада бір жұтым ауаға зар болып жатқан адамдарды өз көзіммен көріп жүргендіктен, ауруды әлі сезіне қоймаған адамдардың немқұрайлығы діңкелетіп жіберді. Егер бұлай жалғаса берсе, қиын күндер дамылдамайтыны сөзсіз еді. Көзімізге жас келді. Вирусты анықтауға барғанда, аурудың кімдермен қарым-қатынаста болғанын анықтауға көмектесудің орнына кедергі келтіріп, бізді шошына қуғаны жанымызды шоқтай қарыды. Кейін уақыт өте келе бұл дерттің салдары өте қиын екеніне адамдар көз жеткізген соң, өздері хабарласып, тексеріс жүргізуімізді өтінетін болды. Алайда араға біршама уақыт салып, арқаны кеңге жайып үйренген халық дерт енді міне қайта көтерілген тұста бұрын басынан кешірген қиындығын ұмыта бастады. Санитарлық талаптарды сақтағысы келмейтіні қынжылтады. Бұл дерт вакцинациялаумен тоқтам табады. Ал таратпау үшін өзіміз де сақтануымыз аса қажет, – дейді Гаухар Қызайнбекқызы.

Осы орайда қала тұрғындарынан тәжтажалға қарсы вакцина салдыруға қалай қарайтыны туралы сұрау салдық.

– Мен зейнет жасындамын. Вакцина салдырар едім, бірақ менің қан қысымым бар. Бұл вакцинаға қарсы көрсеткіш екен. Сондықтан вакцина салдыруға болмайтын болып шықты. Менің таныстарымның көбі вакцина салдыруға қарсы емес, – деді Ұлтуар Бекбауова.

Сондай-ақ 35 жастағы қала тұрғыны Айткүл Бубеева вакцина салдыруға дайын екенін жеткізді.

– Мен вакцина салдыруға еш қарсылығым жоқ. Бұл – дертті тоқтатудың амалы. Әлемді жайлаған дерттің емі – вакцина. Бұл екпені салдырмай, жағдай ушыға береді деп ойлаймын. Ауырып ем іздегенше, ауырмаудың жолын іздейік, – деді Айткүл.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.