Тәуелсіздікті жырлайды еркін елдің жастары!
Қазақтың бағзы заманнан арман еткені – Тәуелсіздік. Бабалар аңсаған азат күнге арнап қалам тербеген ақындар аз болмаған. Бұл қатарда бейбіт күннің бесігінде тербеліп өскен жамбылдық жас жыр жампоздары да бар. Төменде назарларыңызға тараздық шайырлардың тәуелсіздік тақырбындағы тұма жырларын ұсынамыз.
ТӘУЕЛСІЗДІК – ТҰҒЫРЫМ
Бабалардың ұлы аманат, бөлшегі,
Қымбат нарқы, бағасы мен өлшемі.
Қазақ елі – бүгінгі күн танымал,
Тәуелсіз ел, дербес, азат, еңселі.
Тәуелсіздік жетті көптен аңсаған,
Жан мен қанын беріп батыр қаншама.
Қорғап қалды шаршамастан, талмастан.
Ұшқан құстың қос қанаты талса да.
Салтанатпен бүгін нұрын жайса күн,
Жоғалтумен талай боздақ, жайсаңын.
Желтоқсанда күресумен жан берді,
Күресумен қайсар қыз бен қайсар ұл.
Өткен күннен мұзды ызғар еседі.
Қиындықтар – тарихтар ғой кешегі.
Ата-баба аңсағаны өтелді,
Тәуелсіздік – айқын дәлел, есебі.
Тәуелсіздік – Тәңір құты түскен күн,
Тәуелсіздік – шын нышаны күшті елдің.
Тәуелсіздік – тұғыр, тірек қашанда,
Ол бар кезде күллі әлемде үстеммін!
Тәуелсіздік – қамсыз ұйықтар бөбегім,
Тәуелсіздік – шырқалатын өлеңім.
Тәуелсіздік – сұңғыла ой басшымыз,
Халқым сыйлап, елім жақсы көретін.
Тәуелсіздік – қыран құсым самғаған,
Тәуелсіздік – таусылмайтын арман ән.
Тәуелсіздік – тәу ететін құндылық,
Үміттерді мақсаттарға жалғаған.
Марал ХАНТӨРЕ,
республикалық
байқаулардың жеңімпазы
ОТАНЫМ
Ордасы боп талай-талай қағанның,
Зұлматын да көрген талай заманның.
Қазақ елі – атауы бағзы кезден,
Орын алған хақ төрінен ғаламның.
Ғасырлардан ғасырларға тоғысқан,
Шежіреміз мына біздің алыста.
Сақ, ғұндар мен Көк түріктер атауы,
О, адамзат, барлығыңа таныс па?
Шөгіп кеткен аналардың жасынан,
Балбал болған бабалардың басына.
Дәуірлердің таңбаланған тарихы
Бұл жерлердің тамыр біткен тасына.
Қыраны ұшып емін-еркін көгінде,
Құрақ ұшып досы отырған төрінде,
Отаным деп оққа тосып кеудесін
Мың арысы өтіп кеткен өмірден.
Ақындар бар ауызы атқан жыр-жалын
Батырлары тұрғызатын бір дауыл.
Домбырасы шертіп халық қайғысын,
Қоңыр қобыз ескен әр кез мұң-зарын.
Туылғаннан естілген маған аты
Киелі өлкем – бабалар аманаты.
Тәуелсіз Республикам – Қазақстан
Тәуелсіз қазағымның қағанаты.
Отаным, сенде шығар жарқ ете күн
Сенде жатыр таулардың қарт етегі.
Отаным, сені ардақтап, тағзым етіп,
Өле-өлгенше қорғауға ант етемін.
Әлімжан ШӨҢГЕРБАЕВ,
«Жыр жауһары» облыстық
поэтикалық дуэлінің бас жүлдегері
ДӘУІР ДЕМІ
Сарнап келіп қыл қобызын Қорқыттың,
Барлап көріп жүз жүректі толқыттым.
Шерді күйік шертіп шерлі домбырам,
Түйсік тегін өзегімнен өр тұттым.
Ғазиз басым дар ғасырға тоғысқан,
Тоғысқаны тағдырыммен табысқан.
Егіз бұлақ – фәни, бақи қоштасып,
Қол бұлғасып қапияда қалысқан…
Жасқа малып жанарымның жыртығын,
Өзекті өртер заманымның шырпығын.
Мұңлығымды зарлығымнан жасырдым,
Күбі піскен көмейімнің жыр түбін.
Әулиелі елдің әулетінен аса алмай,
Ділсіз діннің… сәждесінен бас алмай.
Аманатқа күпіршілік қылмадым,
Қиянатты қиып түсер ғазалдай.
Ұлықтығы кішік болған ұлыстың,
Тарих болып дақпырттарын ұғыстым.
Атадан алтау тарыдай тарқап туысым,
Үдере көшіп, Арқадан әрі ығыстым.
Қарт Қаратау қойнауында сыр бүгіп,
Қара күзде көк бұтағым көк бүріп.
Назы бар найзағайдай қаһар төккен,
Көңілімде күлге айналған көп күдік.
Елдігім деп жар басымды тасқа ұрам,
Көмейімде көлдей тұнған тасқын ән.
Қарға тамыр қазағымды ендігі
Желеп-жебер Жаратқанға тапысырам.
Нұрсұлтан РАХЫМБАЙ,
ҚР Журналистер одағының мүшесі,
«Aulieata-Media» ЖШС цифрлық контент
орталығының жетекші-редакторы
ТЕҢДІК ҮНІ
Қанды жебе қадалған Тұран дала,
Соқтықпалы жолдары тұрған дара.
Дауалаған жүректер мен тәуекелдің
Бүгінгі сарқыншағы – өзің ғана.
Қойныңда жатыр білем көп қасірет,
Ғасырға сіңген үн бар «тоқташы» деп
Теңдік үшін қан мен жас пора болған,
Жабысқанда жат елдің ноқтасы кеп.
Еске түссе езіліп, жылар ішің,
Ал еркіндік – бүгінде қуанышың.
Қаншама шейіт болған батырлар бар
Қазіргі қазағымның тұрағы үшін.
Қарғып өткен қаншама егестерден,
Болашағы байланысты белестермен
Алты Алаштың айбыны әлі де асқақ,
Жігері құм емес-ті белдескеннен.
Құндылығы санаған өр намысын,
Ізгілікпен астастырған тұнған ісін.
Кеудесінде қуаныш ұрпағының
Дүниеде «қазақ» боп туғаны үшін.
Ғалия АБЫЛАЙ,
республикалық, облыстық жыр
мүшәйраларының жеңімпазы
ҰЛЫ ДАЛА – БІЗГЕ АМАНАТ
Тәуелсіздік – қасиетті тұғырым,
Еркіндігім, елдік пенен теңдігім.
Азаттықты сүйген ердің қанымен,
Бағымызға бұйырды кең жер бүгін.
Тәуелсізбіз, әрбір таңым арайлы,
Қыран құсым көгімде еркін самғайды.
Ұлы дала мәңгілікке мұра боп,
Ата-баба аманатын жалғайды.
Жасай берсін егемен ел, азат күн,
Мақтан тұтар ұрпақ үшін ғажап тым.
Болашағың, ұлы Отаным, биікте,
Тәуелсіздік – бақыты ғой қазақтың!
Туған елге арналады әніміз.
Тыныш елім, біз бақытты баламыз.
Болашақта жақсы оқып талпынып,
Туған елге бар үлесті қосамыз.
Балнұр АҚАНҚЫЗЫ,
Керімбай атындағы
№12 мектеп-гимназияның
5 «Г» сынып оқушысы