Қалалық қоғамдық-саяси газет

Тәуелсіздіктің 30 жылдығына 30 жаңа атау

0 505

Жыл сайын ономастика комиссиясының отырысында қаладағы көшелерге атау беру және қайта атау бойынша мәселелер жан-жақты зерделеніп, тиісті жұмыстар жүргізіледі. Осы жылы да комиссия отырысына ұсынылатын көше атаулары Тараз қалалық мәслихатының көпшілік тыңдауында қаралды.

Сәндібек АСАНӘЛІҰЛЫ

Көпшілік тыңдауға қалалық қоғамдық кеңестің төрағасы Сембек Сейдәзімов, жұмысшы топ мүшелері, бөлім басшылары қатысты. Күн тәртібіндегі мәселе бойынша, яғни қаланың бірқатар құрамдас бөліктеріне атау беру және қайта атау туралы қалалық әкімдіктің мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Бақыт Тоқсанбаева баяндама жасады.

– Биыл Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығы. Соған сәйкес қала көшелеріне 30 жаңа атау ұсынып отырмыз. Иә, жыл сайын көшелердің атауын ауыстыру бойынша жұмыстар атқарылады. Соған қарамастан, бүгінде қала бойынша мағынасы ескірген 166 көше бар. Оған бұрылыстар мен тұйықтарды қосыңыз. Естеріңізде болса, осыдан бес жыл бұрын 14-ші және 15-ші шағын аудандарға атау ұсынғанбыз. Бірақ ұсыныс облыстық мәслихат депутаттарының тарапынан қолдау таппады. Міне, биыл сол бастаманы қайта көтеріп, қоғамдық кеңесте қарап, ардагерлермен ақылдаса отырып, 14-ші шағын ауданға «Әулиеата», ал 15-ші шағын ауданға «Ұлы дала» атауын беруді ұсынып отырмыз. Сондай-ақ 13-ші шағын ауданның «Бәйтерек» деп аталатынын көпшілік біледі. Бірақ сол атаудың заң жүзінде толық шешімі әлі күнге дейін шықпаған. Сонымен қатар «Шаңырақ» шағын ауданын білесіздер. Ол атауды да осы тыңдауда жұмысшы топ мүшелері бірауыздан қолдаған. Осы уақытқа дейін шағын аудандағы 32 көшенің атауын ұсынған едік. Республикалық ономастика комиссиясына ұсынылған 32 көшенің 28-і нақты бекітілді, – дейді Бақыт Тілегенқызы.

Бүгінде «Құмшағал», «Шөлдала» шағын аудандарында 56 қайта аталатын көшелердің атауы және бірқатар мағынасы ескірген көшелерді қосқанда жалпы 94 көшені атау бойынша шешім Республикалық ономастика комиссиясында бекітіліпті. Қазіргі уақытта шешім облыстық қоғамдық кеңестің қарауынан өткен, ендігі кезекте облыстық мәслихаттың және облыс әкімінің бірлескен шешімі де жуық арада белгілі болмақ.

Республикалық ономастика комиссиясының отырысында қолдау таппаған төрт көшенің атауы бойынша комиссия құрамы өздері ұсыныспен шыққан. Мәселен, «Шаңырақ» шағын ауданындағы 15-ші көшеге геолог-ғалым Ақшан Машани есімін, 16-шы көшеге Түркістан Кеңестік Федеративтік Республикасының мемлекет қайраткері, саясаткер Төреқұл Жанұзақовтың, 18-ші көшеге Қайду ханның, сондай-ақ «Гидрокешен» аумағындағы бір көшеге опера әншісі, КСРО Халық әртісі Роза Жаманованың есімін ұсыныпты. Бұдан бөлек, Алматы тас жолындағы қалаға кіреберіс қақпадан Автобекетке дейінгі аралықты «Кенесары хан даңғылы» деп атау ұсынылды.

Баяндамадан кейін жұмысшы топ мүшелері тыңдауда қала көшелеріне атау беру және қайта атау бойынша ұсынысты бірауыздан мақұлдады.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.