Жамбыл облыстық қоғамдық-саяси газет

Тәуелсіздікке тұғыр болған төл құжат

0 4  620

Азаттықтың ақ таңына жеткенше қанша қазақ құрбан болғанын айтудың өзі ауыр. Адамзат басып өткен жолда халқымыз бұрын-соңды болмаған ұлы зұлматтарды бастан кешіріп, жылдар керуенімен жылжып келіп, Керей мен Жәнібек көксеген, Абылай хан мен Әлихан аңсаған алтын таңға Алаш ұрпақтары аман жетті.

Осы ұлы даланың иесі де, қожасы да өзі екенін қазақ баласы ешқашан ұмытқан емес. Сондықтан бүгінге дейін Қазақстан талай қиын жолдан өтті. Өйткені өз егемендігін, тәуелсіздігін жариялау жолында талай қаракөз қызымыз бен боздақ ұлымыз кеудесін оққа тосып, белуардан қан кешті.
Қазақстан тәуелсіздікке қол жеткізбей тұрып оның іргетасын қалаған ұлт зиялылары мен ұлт көсемдері еді. Олар «Оян, қазақ!» деп ұрандап, халқын оятуға ұмтылды. Алаш арыстары – Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатұлы, Халел Досмұхамедұлы бастаған ұлт қайраткерлері елдің азаттығы мен жер тұтастығы үшін басын бәйгеге тікті.
Кеңес дәуірінде де ұлт рухы өшкен жоқ. 1950-1980 жылдар аралығында ұлттың тілін, мәдениетін, дәстүрін сақтап қалу жолындағы күрес идеологиялық қысыммен қатар жүрді. Ал 1986 жылғы Желтоқсан көтерілісі қазақ халқының азаттыққа деген аңсарының нақты көрінісі болды. Сол күндері алаңға шыққан жастар бүгінгі тәуелсіздіктің шырақшыларына айналды. Осылайша 1990 жылы 25 қазанда «Қазақ Кеңестік Социалистік Республикасының мемлекеттік егемендігі туралы» Декларация қабылданды. Бұл – Қазақстанның тәуелсіздік алуына жол ашқан маңызды құжат болатын.

Декларацияда Қазақстанның тәуелсіз мемлекет ретіндегі саяси-құқықтық негіздері жарияланды. Алғаш рет ел аумағының тұтастығы, қазақ халқы мен басқа да ұлт өкілдерінің мәдениеті, дәстүрі мен тіліне қайта жаңғыру беріліп, ұлттық болмысты қалыптастыру және нығайту сияқты мемлекеттік қағидаттар бекітілді. Осы құжаттың арқасында Қазақ Кеңестік Социалистік Республикасы өз ішкі әскерін, мемлекеттік қауіпсіздік және ішкі істер органдарын құру құқығына ие болды. Ал Президент елдің басшысына айналды.
«Декларация» сөзі «жариялау» деген мағынаны білдіреді. Бұл – заң емес, бірақ саяси маңызы зор құжат. Оның басты мақсаты – барша әлемге, халықаралық қауымдастық пен одақтас мемлекеттерге Кеңес Одағынан шығуға шешім қабылданғанын жариялау еді. Демек, декларация тәуелсіздікке бастар жолдың алғашқы қадамы болды, егемендіктің саяси-құқықтық негізін қалады.
Тарихқа сәл шегініс жасасақ, 1920 жылы Қазақ автономиясының құрылуы қандай тарихи оқиға болса, араға 70 жыл салып қабылданған бұл декларация да сондай ұлы сәт болды. Онда ел аумағының тұтастығы, оған қол сұғылмайтыны, ұлттық мәдениет пен тілдің қайта түлеп дамуы, ұлттық қадір-қасиетті нығайту сияқты мемлекеттік қағидаттар бекітілді. Сонымен қатар саяси, экономикалық және әлеуметтік мәселелерді өз бетінше шешу принципі жарияланды.
Тәуелсіз ел тарихына көз жүгіртсек, Республика күні мемлекеттік мереке ретінде алғаш рет 1995 жылы қазанда жарияланды. Кейін 2009 жылы заңға өзгерістер енгізіліп, 30 тамыз – Конституция күні ретінде ұлттық мереке болып жарияланып, Республика күні мерекелер тізімінен алынып тасталды.
Дегенмен, ел үшін ұлық күнге айналған бұл мереке араға 13 жыл салып, халықпен қайта қауышты. 2022 жылы 16 шілдеде Ұлттық құрылтайда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Республика күніне ұлттық мереке мәртебесін қайтаруды ұсынып: «1990 жылы 25 қазанда Қазақстанның егемендігі туралы Декларация қабылданды. Бұл – еліміздің тәуелсіздік жолындағы тұңғыш қадамы. Республика күні – елдің мемлекет құру жолындағы тарихи шешімінің символы болуы керек», – деген болатын.
Нәтижесінде Қазақстан Республикасының Парламенті «Қазақстан Республикасындағы мерекелер туралы» заңға түзетулер енгізіп, Республика күніне ұлттық мәртебе берді.
Халықаралық тәжірибеге сүйенсек, көптеген елде дәл осындай декларация қабылданған күн ұлттық мереке ретінде атап өтіледі. Мысалы, АҚШ-та тәуелсіздік туралы декларация 1776 жылы қабылданған және сол күн – басты мемлекеттік мереке. Ресей де 1990 жылы 12 маусымда «Мемлекеттік егемендік туралы декларацияны» қабылдап, кейін бұл күн «Ресей күні» болып аталды.
Кейде жұрт арасында «Неліктен тәуелсіздікті кеш алдық?» деген сұрақ туады. Себебі белгілі. Кеңес Одағын ұстап тұрған негізгі үш күш – Коммунистік партия, Мемлекеттік қауіпсіздік қызметі және армия еді. Тоталитарлық жүйе осы үш тірекке сүйенді. 1985 жылы Михаил Горбачев билікке келіп, елді демократияландыруды бастаған соң ғана бұл жүйе әлсіреп, одақтас республикалар өз партияларын, қозғалыстарын құрып, азаттық жолындағы күреске шықты.
Егемендіктің ең ірі жетістігі – ел жүрегі Астана қаласының салынуы еді. Бүгінде ол Тәуелсіз Қазақстанның айбары мен айнасына айналды. Әрі егемендік жылдары еліміздің шынайы тарихы түгенделіп, Алаш қозғалысы, саяси қуғын-сүргін, ашаршылық, ұжымдастыру және басқа да ақтаңдақтар қайта зерттелді.
Республика күнін қайта жаңғырту – ұлттық бірлігіміздің, тарихи жадымыздың қайта түлеуі. Бұл күн – өткенге тағзым етіп, болашаққа бағдар беретін мереке. Осындай тарихи сәттерді еске алу арқылы біз ұлт ретінде кім екенімізді, қайдан шыққанымызды және қайда бағыт алып бара жатқанымызды айқындаймыз.
Түйіндей айтқанда, Республика күні – тәуелсіз мемлекет ретінде қалыптасуымыздың бастауында тұрған тарихи белес. Бұл мерекенің қайта жаңғыруы – ұлттық сананың серпілісі. Осы күні еліміздің жеткен жетістіктері, халықтың бірлігі мен татулығы, мемлекетіміздің стратегиялық мүдделері кеңінен насихатталуы тиіс.
Тарихшылардың айтуынша, Қазақстан егемендігін заң мен ақылға сүйене отырып, бейбіт жолмен алған санаулы елдердің бірі. Бұл – ұлттың саяси мәдениетінің жоғары екенінің айғағы. Егемендік декларациясын қабылдауда зор еңбек сіңірген ұлт қайраткерлері – Шерхан Мұртаза, Әбіш Кекілбай, Манаш Қозыбаев, Мұрат Әуезов, Қадыр Мырза Әлі сынды тұлғалардың есімі – мәңгі ел жадында.
Тәуелсіздік – ата-бабаларымыздың сан ғасырлық күресінің заңды өтеуі, Жаратқанның әділдігі. Осы ұлан-ғайыр жердің бүгінгі ұрпаққа аман жетуі – сол ерлердің ерлігі. Бүгінде елімізде Тәуелсіздік есімді – 1, Егемен есімді – 21, ал Қазақстан есімді 31 азамат бар. Бұл – ата-бабамыз аңсаған азат күнге деген құрметтің айқын көрінісі.
«Жақсы сөз – жарым ырыс» дейді. Ендеше, егемен елдің ең ұлық мерекесі – Республика күнінде тілегіміз түзу, ниетіміз ақ, көңіліміз кіршіксіз болсын. Осы күні Отанымызбен мақтанайық, бірлігімізді нығайтайық, елдігімізді танытайық, бірге қуанайық! Ұлттық мерекені ұлықтау – ұлтқа қызмет етудің ең асыл жолы. Тарихын құрметтеген халықтың болашағы баянды болмақ. Баршаңызды еліміздің басты әрі ұлттық мерекесі – Республика күнімен шын жүректен құттықтаймыз! Егемен еліміздің еңсесі биік, тәуелсіздігі тұғырлы, мемлекеттілігі мәңгі болсын!

Жұматай КӨКСУБАЙ

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.