Қалалық қоғамдық-саяси газет

Тәуелсіздік – таңдайдағы тәтті ұғым

0 345

Қалалық «Jambyl-Taraz» газетінің ұжымы «Тәуелсіздік дастарқанын» жайып, азаттық жолында күрескен, сол күнді жақындатуға үлес қосқан тұлғалардың рухына құран бағыштады.

Құралай СЕЙСЕНБЕКҚЫЗЫ Суреттерді түсірген Сәкен АБЖАПАРОВ

Тараз қалалық мәслихатының депутаты, аталмыш газеттің директор-бас редакторы Эльмира Мырза-Ғалидің бастамасымен тәу етер Тәуелсіздік күніне орай биыл алтыншы жыл қатарынан ақ дастарқан жайылып, Халық қаһарманы Қайрат Рысқұлбеков атындағы саябақтағы Қайрат Ноғайбайұлының ескерткішіне алқызыл раушан гүлдері қойылды.
Ата-бабамыз аңсап жеткен азаттықтың ақ таңын қадір тұту – баршамыздың міндетіміз. Қадірлі күннің құрметіне орай кешті газет ұжымы ақын Абдрахман Асылбековтің сөзі мен сазгер Әбиірбек Тінәлінің әніне жазылған, ызғарлы жылдың әнұранына айналған «Желтоқсан желі» әнімен бастады.
– Ұлттың ең басты құндылығы – тәуелсіздік. Барлық игі іс, ізгілік болашақ үшін жасалады. Тәуелсіздік, ынтымақ, бірлік, тыныштық өз қадіріңді білумен келеді. Бұл ұғымды көздің қарашығындай сақтау к-ерекпіз. Аяқ-қолымыз қалтырап, шашымызды ақ қырау шалып, таяққа сүйеніп, кәрілік жеткенде, алға жетелейтін болашақ ұрпақтың бойына барлық жақсы қасиетті дарытайық. Бүгінді болашаққа табыстау – үлкеннің міндеті. Алақанды ашқандай, жұдырықты жұмғандай ынтымақ орнасын! – деді алғашқы болып сөз алған жазушы Несіпбек Дәутайұлы.
Кеш барысында шаһар басшысы Айтқазы Қарабалаев, Тараз қалалық мәслихатының хатшысы Батырбек Құлекеев, қалалық қоғамдық кеңестің төрағасы Қаржаубай Бекболатұлы өз кезегінде азат күннің қадірі туралы сөз қозғап, егемен ел тарихының тамыры тереңде жатқанын толғана айтқан танымға толы пікірлері көпшіліктің көкейіне қонды.
– Алақан жайып, азаттықтың жолында құрбан болған азаматтардың рухына бағыштаған құран қабыл болсын. Мен Алматы қаласында Халық қаһарманы Қайрат Рысқұлбековпен бірге оқыдым. Қайраттың анасы Дәметкен апайдың да көзін көрдік. Сол уақытта Желтоқсан оқиғасына қатысқан ұл-қыздар – менің құрдас-замандастарым. 1986 жылдың ызғарлы желтоқсанының суығына шалынып, құрбан болғандардың жандары жәннатта болсын. «Тәуелсіздік дастарқанын» жайып, ел ішінде жақсы үрдіске бастама болып отырған ұжымға алғысым шексіз. Қандай игілікті іс болмасын жемісін берсін, – деді қала әкімі Айтқазы Дәулетқұлұлы.
Тәуелсіздікті дәріптеп, тұғырын биіктетіп, қадірін арттыру қаламы қарымды ақын-жазушылардың да үлесінде екені анық. Осы орайда, көктегі күнді қағазға қондырып, азаттық жолында тәуелсіздіктің таңдайдағы тәтті ұғым екенін жырмен кестелеп жеткізіп жүрген облысқа танымал ақындар Табиғат Абаилдаев, Нұржан Қадірәлі, Арайлы Жақсылық, Сәндібек Піреновпен қатар кішкентай ізбасарлары Дастан, Димаш Бағжандар, Ділназ Жақсылық, Дархан Мәтібай, Жансая Сейсенбек кеш барысында азаттық жайлы рух оятар жырлардан шашу шашып, көпшіліктің ыстық ықыласына бөленді. Сонымен қатар жиынға 1986 жылы жандарын мұз қарып, қара шашын ақ қырау шалған бір топ Желтоқсан оқиғасына қатысушы Қали Қораласбаев, Санат Қоңырбаев, Мұрат Бердалиев, Өмірзақ Айдаралиев тәуелсіздіктің құрметіне жайылған ақ дастарқан төрінен табылып, Желтоқсан оқиғасын тебірене еске алды. Осы орайда, «Желтоқсан ақиқаты» республикалық ҚБ Жамбыл облысы мен Тараз қаласының филиалы атынан «Jambyl-Taraz» газетінің басшысы Эльмира-Мырза-Ғалиға құттықтау хаты ұсынылды. Сонымен қатар жас әншілер Дидар Базарбай, Мағжан Маралбек, Айдана Лесбек пен Саят Алихан патриоттық әндерден шашу шашты.
Шара соңында келген қонақтарға қазақы дәстүрге сай кәдесый тарту етілді.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.