Қалалық қоғамдық-саяси газет

Тәуелсіздік – тәңірден келген тәтті сый

0 950

Еліміз тәуелсіздіктің 30 жылдық белесін артқа тастап, дамудың дара дәуіріне аяқ басты. Қайта жаңғырған Қазақ мемлекеті өткенге ой жүгіртіп, келешегімізге жауапты міндеттер жүктеген жылдардың тізбегімен қарқынды қадам басып келеді.

Тұңғыш Президенттің «Тәуелсіздік тағылымы» атты тәлімі мол, мазмұны терең мақаласында: «Осыдан отыз жыл бұрын біз саналы түрде өз дүниетанымымыз бен болмысымыздың негізі ретінде бостандық пен азаттыққа таңдау жасадық. Бүгінге дейінгі бұл мерзім адамзат тарихы үшін қас қағым ғана сәт болғанымен, орда бұзар жасқа енді толған тәуелсіз Қазақстан үшін ол – үлкен белес, асқаралы асу. Мұндайға тек рухы күшті, бірлігі бекем жұрт қана қол жеткізе алады.
Арғыда сақ, ғұн бабаларымыз, беріде қаһарман түркі аталарымыз аласапыран замандардағы алақұйын дауылдарға төтеп беріп, Ұлы далада ұлық ұлыс құрды. Талай жұрт алапат соғыстар мен арпалысқан айқастарда үдере көшіп, бордай тозып, тастай үгіліп, құмдай шайылып кеткен замандарда қазақтар түрік жұртының атақонысын, қара шаңырағын сақтап қалды», – деп ой түйіп, барша қазақстандықтарды тәуелсіздік қадірін бағалауға, өткеннен сабақ алып, ынтымақ пен бірлігіміз арқылы келешекке ұмтылуға шақырған болатын.
Шынында да, бұл күнге Қазақстан халқы бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығара отырып жетті. Небір зұлмат жылдарды, репрессияны, аштықты, тіпті соғысты бастан өткізсе де, еңсесін түсірмеген еліміз азаттықтың ақ таңына аман жетті. Бұл туралы Нұрсұлтан Әбішұлы өз мақаласында: «Әрине, мен бұл оқиғалардың бәрін көзіммен көрмесем де, әкем мен анамның өзегін мұң мен зар өртеп, жанарын жасқа шылап отырып айтқан сөздерінен, азаттық жолында шейіт болған аруақтарға арнап күбірлеп оқыған дұғаларынан естіп-біліп, көкірегіме түйіп өстім. Кейде ойлаймын: қазақ деген не деген төзімді халық?! Көнбеске көніп, шыдамасқа шыдаған. Болашағы бұлдыр болған күннің өзінде, сағын сындырмай, келешектен үмітін үзбеген. Қиындық атаулыға қасқая қарсы тұрып, үздіксіз алға жылжыған», – деген таңданысымен бөліседі.
Құнды мақалада Тұңғыш Президент Кеңес Одағының қызыл саясаты туралы да ой қозғайды. Жетпіс жыл бойғы жоспарлы экономика, жоғарыдан басқару, халықпен етене араласпау түптің түбінде Кеңес Одағын іштен ірітті. Ал сірескен социализм дәуірінен мүлде жаңа нарықтық экономикаға негізделген жүйеге көшу сол жылдары қиялмен тең дүние еді.
Еліміз егемендікке қол жеткізген алғашқы жылдары Нұрсұлтан Назарбаев «Алдымен – экономика, содан соң – саясат» қағидасын ұстанды. Бұл өз кезегінде еліміздің нарықтық экономикаға көшуіне, кәсіпкерлікті дамытуға, ел еңсесін көтеруге жол ашты. Соның нәтижесінде өткен 30 жылда ел дамуына елеулі үлес қосып, азаматтық қоғамның ауыр жүгін арқалай алатын, бәсекеге қабілетті жаңа буын өсіп-жетілді.
«Қамданған қапы қалмайды» дейді халқымыз. Ертеңін ойлаған ел ғана озады. Мақаланың өн бойынан жоспарлы, мақсатты стратегиялық ұстанымдар айқын көрінеді. Болашақ ұрпағымыз ештеңеден тарықпауы үшін Ұлттық қор мен алтын-валюта қорын жасақтап, оған мол қаржы жинақтадық. Дәл осы мол қаражат пандемия кезінде бізге көмек болды.
Ең негізгі мәселе халықтың әл-ауқаты, экономиканы жетілдіру болғанымен, оны кедергісіз дамыту үшін осы саяси, ұлтаралық, дінаралық жағдайларды реттеу қажеттілігі туындады. Шындығында, халқымыз тағдыр-талайына жазылған жаңа мемлекет құру миссиясын толықтай жүзеге асырды. Тарих тұңғиығына батып кетпей, жасампаздық жолында жаңа міндеттер арқалады. Өзгелерден оза шауып, әлемдік қауымдастықта дараланды.
Аталған мақалада Н.Назарбаев: «Мен отыз жыл бойы халқымды қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқыттырмай, қайраңға қалдырмай, әлемдік өркениеттің алдыңғы шебіне, дүниедегі ең дамыған 40 елдің қатарына қостым. Осы жылдар ішінде әлемдік ғылым мен мәдениеттің ең үздік жетістіктерін меңгерген жаңа ұрпақ қалыптасты. Жаңа елордамыз салынды. Біз тәуелсіздікке бейбіт жолмен қол жеткізсек те, оған барар жолда бабалар қаны аз төгілген жоқ. Тәуелсіздік сол киелі қанның өтеуі еді. Мен мұның бәрін біз сенген, тәрбиелеген бүгінгі жас ұрпақ білсін, санасына сіңірсін деп әдейі жазып отырмын», – деп жазған болатын.
Сондай-ақ «Тәуелсіздіктің мән-мағынасы туралы түрлі ғылым өкілдері өзінше тұжырым жасайтыны анық. Бірақ бір нәрсе ақиқат, ол – ата-бабаларымыздың азаттық жолындағы жан алысып, жан беріскен сан ғасырлық күресінің заңды жалғасы, халықаралық құжаттармен бекітіліп, мәңгілікке берілген сыйы. Тәуелсіздік те бақыт сияқты – бағалаған адамның, аялаған қоғамның қолына тұрақтайды. Халқы тату, экономикасы қуатты, саяси жүйесі тұрақты, мәртебесі биік, абыройы асқақ Қазақстанның болашағы кешегіден кемел, бүгінгіден нұрлы екеніне кәміл сенемін», – деп ой қорытады.
Ендігі жерде тәуелсіздікті қастерлеп, елін, жерін қадірлеп, егемендігін бағалау әрбір азаматтың парызы болуы тиіс.

Қымбат ШӘРІП,
М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университеті «Конвергенттік журналистика» мамандығының
3-курс студенті

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.