Қалалық қоғамдық-саяси газет

Тәуелсіздік ұстанымын ту еткен Тұрар

0 1  791

«Ер жігіт ел үшін туады» демекші, қазақ халқының маңдайына біткен біртуар тұлғалардың тағылымды өмір жолы мен көрнекті ерен еңбегі ел тарихының беттерінде алтын әріптермен жазылып қана қоймай, мәдениетіміздің, зор рухани құндылықтарымыздың берік болуына ықпал етуде. Қазақ халқының осындай елін сүйген ер ұлдарының бірі де бірегейі – Тұрар Рысқұлов.

Тау тұлға Тұрар Рысқұлов 1894 жылғы 26 желтоқсанда бұрынғы Жетісу облысы, Верный уезі, Шығыс Талғар болысында дүниеге келген. Болашақ мемлекет қайраткері 10 жасқа толған жылы әкесі Рысқұл Жылқыайдарұлы сол кезде ауылды қанап, озбырлық көрсетіп отырған Саймасай Үшкемпіров атты болысты атып өлтіріп, түрмеге қамалады. Кейін маңдайына біткен жалғыз ұлын қасына алдырады. Тұрардың «Түрме баласы» лақап атымен аталатын кезі де сол жылдар. Жас бала түрме үйлерін сыпырып, түрме бастығының атын бағатын болады. Сол жерде жүріп елгезек бала орыс тілін жетік меңгеріп алады. Дегенмен Рысқұлға 10 жыл жаза кесіледі де, Сахалинге жер аударылады. Ал кішкентай Тұрарға нағашыларының қолына келіп тұруға тура келеді. Нағашыларына келген Тұрар «Қырғызбаев» атты жалған текпен өмір сүреді. Кейін Меркідегі орыс-түземдік бастауыш мектепте тәлім алады.
Алаш ардақтысы 1910 жылы Бішкек қаласындағы І дәрежелі ауыл шаруашылығы мектебіне оқуға түседі. Ал 1914 жылғы қазан айында аталмыш оқу орнын бау-бақша өсіруші мамандығы бойынша үздік дипломмен тәмамдайды. Білімге құштар жас 1915 жылы Ташкент қаласындағы мұғалімдер семинариясында оқуын жалғастырады.
Жалпы Рысқұловтың еңбек жолы студенттік шағынан бастау алады. Ешкімі жоқ жас бала оқуымен қатар Ташкент қаласының жанында орналасқан Красноводск тәжірибе алаңында бағбан болып жұмыс атқарады. Ал 1916 жылы қазақ даласында ұлт-азаттық көтеріліс басталады. Сол кезде Тұрар Рысқұлов оқуын тастап, Әулиеата уезінде орналасқан Меркі ауылына жол жүреді. Мұндай Тұрар ащы ызаға толы халық пен әскердің қарулы қақтығыстары шарықтай түскен шағына тап болады. 1917 жылғы Ақпан төңкерісінен кейін Тұрар Рысқұлов Меркіге қайта оралып, Қазақ жастарының революциялық одағын құрады. Ал жазда Ресей социал-демократиялық жұмысшы партиясының (РСДЖП) құрамына мүше болып қабылданады. 1918 жылы сәуір айында Әулиеата уездік кеңесінің атқару комитеті төрағасының орынбасары болып сайланады. Аталмыш қызметте Тұрар Рысқұлов сол кездегі шиеленісушілік туындаған орыстар мен қазақтардың қарым-қатынасын реттеу, өткізілетін кеңес отырыстарына өңірлердегі халықтық өкілдерді тарту, халықтың мұң-мұқтажын жеткізу арқылы қорғау жолында бар күш-жігерін салып жұмыс істейді. Ал сол жылдың қыркүйек айында Түркістан автономиялы Республикасының Денсаулық сақтау халық комиссары болып тағайындалады. Аталмыш комиссариаттың мақсаты өңірдегі денсаулық жүйесін қамтамасыз етумен қатар, аштықпен күресу еді. Дегенмен комисариаттың әл-ауқаты мен бар күш-қуаты сол кезде орын алған аштықпен күресуге мүлдем қауқарсыз болды. Осы себепті Тұрар Рысқұлов елді жайлаған аштықпен жүйелі түрде күрес жүргізу мақсатында түрлі комиссариаттардың өкілдерінен тұратын арнайы ұйым құру қажеттігі туралы бастама көтереді.
Ал 1919 жылғы 14 наурызда Түркістан Республикасы кеңестерінің VІІ съезінде Тұрар Рысқұлов Орталық атқару комитеті төралқасы төрағасының орынбасары болып сайланды. Осы жылы наурыз айының 14-31 күндері аралығында Ташкент қаласында Түркістан КП-ның ІІ конференциясы өтеді. Бұл конференцияда ОК жанынан Мұсылман бюросын құру туралы шешім қабылданады. Осыған орай Тұрар Рысқұлов Мұсылман бюросы қызметін жандандыру мақсатымен ұйымдастыру, редакция-баспа, мәдени-ағарту және әскери бөлімшелерін құрады.
1919 жылы шілдеде Түркістан Республикасы атқару комитеті Әулиеата және Черняев уездерінде орын алған саяси-әлеуметтік және ұлтаралық қарым-қатынас жайында ақпарат алу мақсатында арнайы комиссия тағайындайды. Тұрар Рысқұлов төрағалық еткен сол комиссия Әулиеата атқару комитеті мүшелерінің жұмыс сапасына көңілдері толмай, қатаң сынмен қатар комитеттің таратылғаны туралы хабарлайды. Осыдан кейін сынға қалған комитеттің орнына Түркістан атқару комитетінің шешімімен Әулиеата уездік уақытша Революциялық комитет ұйымдастырылады.
1920 жылғы 21 қаңтарда Тұрар Рысқұлов Түркістан Орталық атқару комитетінің төрағасы болып сайланады. Тұрар Рысқұлов төрағалық еткен жылдары Орталық атқару комитеті Түркістанның тарихи жағдайы мен ерекшелігін басшылыққа алып жұмыс істейтін органға айналады. Сондай-ақ сол өңірдегі халықтың құқығын қорғайтын ұйым дәрежесіне ие болады. Сонымен қатар Тұрар Рысқұлов Түркістан Республиканың Конституциясына сай әрекет ету арқылы орыс шаруаларының қарусыздандырылуына, олардың экономикалық жағдайының жергілікті халықтың әлеуметтік-экономикалық жағдайларымен теңестірілуіне, орыс шаруалары мен казактардың көшпелі халықтардан тартып алған жерлерін иелеріне кері қайтаруларына қол жеткізеді.
Тұрар Рысқұловтың Түркістан Республикасының егемендігі жолындағы қажырлы күресі – тарих беттерінде мәңгі сақталатын ерлік бейнесі. Ол Түркістан Республикасын түркі тілдес халықтардың ұлттық мемлекетіне айналдыру, саяси-экономикалық, әскери және мәдени мәселелерге қатысты еркіндікке, егемендікке қол жеткізу, халықтың құқығы мен мүддесінің қорғалуы жолында бар күш-жігерін жұмсады.
1924 жылғы 4 ақпанда РКП(б) ОК шешіміне сәйкес Тұрар Рысқұлов Коминтерн атқару комитетінің құрамына қызметке алынып, Коминтерн атқару комитетінің Орталық-Шығыс бөлімі меңгерушісінің орынбасары болып тағайындалады. Сол жылы Коминтерн атқару комитетінің Моңғолиядағы өкілетті уәкілі болады. Өкілетті уәкіл лауазымында Тұрар Рысқұлов Моңғол Халық Республикасының тұрақты мемлекет ретінде қалыптасуына ерен еңбек сіңіреді. Мәселен, Моңғолия Конституциясының жобасын әзірлеуге атсалысып, сондай-ақ Моңғолия астанасының атын Улан-Батор деп қоюды ұсынды.
1926 жылғы наурызда Тұрар Рысқұлов Қазақстанға оралады да, Қазақ өлкелік БК(б)П комитетінің баспа бөлімінің меңгерушісі қызметіне тағайындалады. Ал 19 сәуірде Қазақ өлкелік БКП(б) комитеті қаулысына сай «Еңбекші қазақ» газетінің жауапты редакторы лауазымында жұмыс істейді. 31 мамырда Бүкілодақтық орталық атқару комитетінің қаулысымен Ресей Федерациясы Халық комиссарлары кеңесі төрағасының орынбасары болып сайланады. Аталмыш лауазыммен қатар, Тұрар Рысқұлов Түрксіб теміржолын салу жөніндегі үкімет комиссиясының төрағасы болады. Осы қызметте жүріп, 6 жылда аяқталуы тиіс Түрксіб теміржолының 3 жылда толығымен пайдалануға тапсырылуын қамтамасыз етеді. Тұрар Рысқұлов Ф.Голощекиннің «Қазақстанда кіші Қазан» төңкерісін жасау идеясына ашық қарсы шыққан болатын. Сондай-ақ ол кеңестік ұжымдастыру саясатының зардаптарын жою, Қазақстандағы ашаршылықтың апатынан халықты құтқару жайында И.Сталинге нақты ұсыныстар жасады.
Кисловодск қаласында демалыста болған Тұрар Рысқұлов 1937 жылғы 21 мамырда «пантүрікшіл», «халық жауы» деген айыппен тұтқынға алынды. Кеңестік қуғын-сүргінге ұшыраған Тұрар Рысқұлов Мәскеу түрмесінде жүрек ауруынан қайтыс болды. Тұрар Рысқұловтың әйелі Әзиза да кеңестік қуғын-сүргінге ұшырап, 18 жыл АЛЖИР-де айдауда болды. Тұрардың ұлы Ескендір түрмеде қайтыс болды. КСРО Әскери коллегиясы Жоғарғы Сотының шешімімен Тұрар Рысқұловтың есімі 1956 жылы 8 желтоқсанда ақталды.
Алаш зиялыларының ішінен алғашқылардың бірі болып оққа ұшқан Жүсіпбек Аймауытовтың: «Қазақ азаматтарына дәл қазір мына үш қасиет айрықша керек. Біріншісі – білімділік, екіншісі – табандылық, үшіншісі – ұлтшылдық», – деген сөзі бар. Жүсіпбек атамыздың замандасы, бірегей тұлға Тұрар Рысқұловтың бойында осы үш қасиеттің болғанын аңғарамыз. Халқы барда Тұрар Рысқұловтың есімі ешқашан ұмытыл-майды.

Жұмаш Жолболды

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.