Қалалық қоғамдық-саяси газет

Тәуелсіздік мерекесі ұлықталды

0 248

16 желтоқсан – Тәуелсіздік күні мерекесіне арналған іс-шаралар жоғары деңгейде ұйымдастырылды.

Сәндібек Піренов

«Тәуелсіз Қазақстан» монументіне гүл қою рәсіміне жиылған халықтың қарасы қалың болды. Әуелі бір минуттық үнсіздік жарияланып, «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының бірлескен оркестрінің сүйемелдеуімен облыс әкімі Асқар Мырзахметов пен қала әкімі Айтқазы Қарабалаев ескерткішке алғашқылардың бірі болып гүл шоқтарын қойды.

Бұл күні «Желтоқсан-86» орталығында да кездесу өтті. Желтоқсан оқиғасының тауқыметін көрген Қайрат Рысқұлбековтің әпкесі Гүлнар Ноғайбайқызы кештің қонағы болып, жастардың патриоттық сезімін оятатын әңгімелерімен бөлісті.

– Желтоқсан оқиғасына қатысқан боздақтар көп болды. Соның ішінде менің бауырым Қайрат та тәуелсіздік жолында жанын құрбан етті. Бауырымның соты басталған кезде бізге ешқандай хабар келмеді. Екі аптаға созылған сот отырысында жазықсыздан-жазықсыз ату жазасына кесілді. Сонда Қайрат «Анашым, мені кешіріңіз! Аққа Құдай жақ» деп ақталып шығатынына сенімді еді. Шынында да, кейін ату жазасына кесілген Қайраттың ісі қайта қаралып, 20 жылға бас бостандығынан айыру үкімі кесілді. Бірақ арты бауырыма қастандық жасалумен тынды, – деген Гүлнар Ноғайбайқызы көз жасын жасыра алмады.

Шара барысында «Ustaz» университетінің «Жансарай» шығармашылық тобы театрландырылған қойылым көрсетті. Ғибратты шараның қорытынды бөлімі Желтоқсан орталығына экскурсия жүргізумен аяқталды. «Желтоқсан-86» орталығының меңгерушісі Ләззат Қабылбекова қонақтарды музей сөрелерінде тізілген желтоқсаншылар жайлы естеліктермен таныстырып, алдағы уақытта Желтоқсан құрбандарына арнап кітап шығару жоспарда бар екенін айтты.

Осы күні Тәуелсіздігімізге 28 жыл толуымен қатар, Жамбыл облыстық қорғаныс істері жөніндегі департаментінің 80 жылдық мерекесі де тойланды. Жамбыл облыстық қорғаныс істері жөніндегі департаменті баспасөз қызметінің бастығы, майор Меруерт Смағұлдың мәліметі бойынша айтулы күнде ұйымдастырылған шара бірнеше буынның басын қосып, салтанатты түрде әнұран айтылып, бір минуттық үнсіздікпен өмірден озған ардагерлерді құрмет тұтып еске алумен басталған. Бұл күні сала үздіктері марапатталып, мерекелік шараның соңы Абай атындағы Жамбыл гуманитарлық колледжі өнерпаздарының «Елімнің бақытын тербеткен тәуелсіздік» атты концерттік бағдарламасына ұласқан.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.