Қалалық қоғамдық-саяси газет

Тәуекелдің талабы таудай

0 244

Жамбыл облысы, Мерке ауданында дүниеге келіп, № 19 қазақ орта мектебін алтын медальмен үздік аяқтаған Қарақат Сатымбаева тергеуші болуды көздеп, мақсатына жету үшін Алматы қаласындағы Қазақ мемлекеттік университетінің заң факультетіне оқуға түскен.

Құралай СЕЙСЕНБЕКҚЫЗЫ

Еңбек жолын 1985 жылы Қырғыз Республикасының Талас қалалық прокурорының қылмыстық-сот қадағалау бойынша жәрдемшісі қызметінен бастап, 1994 жылға дейін облыстық прокурор жәрдемшісі, тергеушісі қызметтерінде болған. Ал 1994-1997 жыл аралығында Қырғыз Республикасы Чүй облыстық прокуратурасында прокурор жәрдемшісі, аға тергеуші қызметтерін атқарған. 1997 жылы қаңтар айында Қазақстан Республикасы Жамбыл облысына Мемлекеттік Тергеу Комитетінің шұғыл – тергеу басқармасына аса маңызды істер бойынша аға тергеуші болып ауысып, Мемлекеттік Тергеу Комитеті жойылғанға дейін, яғни 1997 жылдың желтоқсан айына дейін қызмет істеген.

1997 жылдың желтоқсан айынан 2005 жылға дейін Жамбыл облысы ішкі істер басқармасында аса маңызды істер жөніндегі аға тергеуші қызметін атқарған. 2005 жылы Жамбыл облысы бойынша экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы Департаментте аса маңызды істер бойынша иснпектор – Департаменттің баспасөз қызметінің басшысы қызметінде болған. Ал 2009 жылы қаржы полициясы подполковнигі шенінде зейнеткерлікке шыққан.
Қарақат Солтабайқызы жастайынан қылмыс әлемін таныды. Адам өлімі болған жерлерге бірінші болып жетіп, қылмыстың ақ қарасын анықтауға атсалысқан. Шынашақтай шағынан қылмыс әлеміне қанығып, бірде аса қауіпті қылмыскер шошқа бағып жүріп, бөтелкелесін өлтірген қылмыскерді қолға түсіреді. Біршама уақыттан соң тиісті орган өкілдері қылмыскерді алып кетуге тиіс болады. Алайда ешкім келе қоймаған соң, қылмыскердің бір қолына кісенді кигізіп, екінші қолымен өзі жетектеп, тиісті мекемеге жалғыздан жалғыз ертіп келгенде ондағылар төбесінен жай түскендей таңданады. Себебі жаны нәзік әйел аса ауыр қылмысын өтеп жүріп те қайталап тағы да ауыр қылмыс жасаған адамды көшеде емін-еркін жетектеп келгеніне сене алмайды.

– Ол қылмыскер маған жолай «Мен қазір оп-оңай қашып кете аламын. Алайда одан менің беделім төмендейді. Өйткені сен әйел адамсың. Ал әйел адамнан қашу деген ұят» деді. Сол сәт ол мені ғана емес, өзін де сыйлаған екен ау. Осы жылдар ішінде өз жұмысыма жауапты қарап, жақсы жетістіктерге жеткенім үшін көптеген Алғыс хат, Құрмет грамоталары, сыйлық, орден, медальдарға ие болдым. Зейнеткерлікке шыққан соң «Байсейіт би» жауапкершілігі шектеулі серіктестігін құрып, бүгінгі күнге дейін жұмыс жасап жатырмын. Тергеуші қызметінде жүргенде ауыр қылмыстың түр-түрімен бетпе-бет кездесіп, сан алуан өліктерді көресің. Бірақ менде қорқыныш сезімі жоқ еді. Ауылда өсіп, әрі қанша нәзік болсам да, небір жантүршігерлік жағдайлардың бел ортасында жүрсем де бойымда қайсарлық тұнып тұратын. Сондықтан ештеңеден қаймыққан емеспін. Осы бір ештеңеден қорықпайтын қайсар мінезімнің арқасында нартәуекел деп алған бағытымнан қайтқан емеспін, – дейді Қарақат Солтабайқызы.

Иә, өмірде осындай батыл қадамдар арқылы небір қамал алынып, небір заңғар биікке қадам жасалса керек. Жамбыл облысы, Меркі ауданы, Сұрат ауылындағы Жамбыл облыстық әкімі тарапынан ұйымдастырылған пилоттық жобасына қатысып, көп мөлшерде несие алып, Сұрат ауылында жылыжай орнатып және томат шырын шығаратын кішігірім завод ашуға өтініш бергені де осындай батыл мінезінің көрінісі болса керек-ті. Қазіргі кезде сол бағыттағы жұмысы қолдау тауып, алдағы уақытта ауыл тұрғындарын жұмыспен қамтуды жоспарлап отыр.

Қарақат апай жетім, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар, мүгедектер мен қарттар үйлеріне қайырымдылық жасап келеді. Мысалы, Жамбыл облысы әкімдігінің білім басқармасына қарасты Мерке ауданында орналасқан «Савва» атындағы жетім балалар және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған мектеп-интернатының және Гранитогор мектеп интернатының тәрбиеленушілеріне, Тараз қаласында орналасқан мүгедек балалар үйіндегі тәрбиеленіп жатқан балаларға, №1 қарттар үйіндегі мүгедектер мен қарттарға, Тараз қаласында орналасқан жасөспірімдер үйіндегі балаларға қайырымдылық жасап, қажетті заттарын алып беруге, қуантуға тырысатын үлкен жүректің иесі. Еңбектегі жеткен жетістіктері үшін Қарақат Солтабайқызына «Руководитель года» атты ұлттық сертификаты, «Байсейіт би» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне «Лидер отрасли 2013» атты ұлттық сертификаты табысталып, «Еңбек жолындағы тиімділігі үшін» медалімен және «Қазақстан даңқы» орденімен марапатталған. Қаржы полициясы органдарының ардагерлер қоғамының өміріне белсенді атсалысқаны үшін «Қаржы полициясының ардагері» медалімен марапатталса, ел тәуелсіздігіне қосқан еңбегі үшін Бауыржан Момышұлы «Намыс» орденімен награтталған. 2014 жылдан бері Жамбыл облыстық іскер әйелдер Ассоциациясының мүшесі.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.