Қалалық қоғамдық-саяси газет

Тәу етер тәуелсіздіктің тұғыры

13 жылдан кейін қайта қауышқан қуаныш

0 823

Егемендік – ел маңдайына біткен бақыт. Ал тәуелсіздік – теңдігіміздің тұғыры. Ұлы дала аспанында қалқыған еркіндіктің қыраны – мемлекеттігіміздің мәңгілік мөрі. Осы ретте биыл еліміз 13 жылдан кейін Республика күнін тойлағалы жатыр. Бұл күн мемлекеттік мереке қатарынан алынып тасталғанымен, биыл Президент Қасым-Жомарт Тоқаев оны қайтадан атаулы күндердің бірі етіп бекітті. Осылайша қазақстандықтар араға 13 жыл салып айтулы мерекемен қайта қауышып отыр.

Республика күні мемлекеттік мереке болып алғаш рет 1995 жылы қазанда жарияланды. Бұл Жарлыққа Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев қол қойған. 25 қазан Республика күні болып кездейсоқ таңдалған жоқ. 1990 жылдың дәл осы күні Қазақ Кеңестік Социалистік Республикасы Жоғарғы Кеңесінің №307-XII Жарлығымен Қазақ Кеңестік Социалистік Республикасының мемлекеттік егемендігі туралы Декларация қабылданды. Декларацияда Қазақ Кеңестік Социалистік Республикасының егемендігі жарияланып, Қазақстанның тәуелсіз мемлекет ретіндегі саяси-құқықтық негіздері жарияланды. Егеменді мемлекеттіліктің іргелі қағидаттары ретінде Қазақстанның жеке территориясы, азаматтығы, мемлекеттік бюджеті, халықаралық қатынастардағы дербестігі, мемлекеттік рәміздері бекітілді. Ал 2009 жылы аталған заңға өзгерістер енгізілді. Сөйтіп, 30 тамыз – Қазақстан Республикасының Конституциясы күні ұлттық мереке болып жария етілді. Ал Республика күні мемлекеттік мерекелер тізімінен алынып тасталды.


Республика күнінің мәртебесі қалай қайтарылды дегенге келсек, 2022 жылдың 16 шілдесінде өткен Ұлттық құрылтайда Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ұлттық мереке мәртебесін Республика күніне қайтаруды ұсынды. «Ұлттық мерекелер мен атаулы күндер тізбесіне бірқатар өзгеріс енгізген жөн. Мен Республика күніне ұлттық мереке мәртебесін қайтаруды ұсынамын. Сондықтан қазанның жиырма бесі күні жыл сайын Егемендік күнін еліміздің басты мерекесі ретінде атап өтуіміз керек. 1990 жылы 25 қазанда Қазақстанның егемендігі туралы Декларация қабылданды. Бұл еліміздің тәуелсіздік жолындағы тұңғыш қадамы болатын. Осы құжатты қабылдаған кезде Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаев аса маңызды, тіпті шешуші рөл атқарды. Республика күні елдің мемлекет құру жолындағы тарихи қадамының символы болуы керек. Әрине, Тәуелсіздік күнінің бастапқы мәні сақталады. Бұл күн мемлекеттік мереке болып қала береді. Бірақ тәуелсіздік алуға зор үлес қосқан ұлттық батырларымызға тағзым күні ретінде атап өтілуі керек», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Осы ретте қыркүйек айының ортасында Қазақстан Республикасының Парламенті «Қазақстан Республикасындағы мерекелер туралы» Заңға түзетулер енгізді. Құжатқа сәйкес, Республика күні, яғни 25 қазан – ұлттық мерекеге, ал Тәуелсіздік күні, яғни 16 желтоқсан мемлекеттік мерекеге айналды.

Сенат спикері Мәулен Әшімбаев Республика күнін мемлекеттік мереке мәртебесіне қайтаруды «маңызды және тарихи шешім» деп атады. «Осы заңға сәйкес 25 қазан – Республика күні мемлекеттік мереке болып бекітіледі. Бұл – тарихи және өте маңызды шешім. Еліміздің тәуелсіздігі шынымен де осы күннен басталады. Сондықтан бұл күнді мемлекеттік мереке ретінде бекіту мемлекеттілік пен егемендік тұрғысынан маңызды қадам болып табылады. Болашақта бұл мереке тәуелсіздікті дәріптеп, нығайтуға септігін тигізеді деп сенеміз», – деді Мәулен Әшімбаев.
Премьер-министр Әлихан Смайылов қазан айының басында қол қойған Үкімет қаулысына сәйкес, биыл Республика күніне орай қазақстандықтар бірден үш күн демалады. Яғни 23, 24 және 25 қазан демалыс күні болып саналады. Ал 22 қазан, сенбі – жұмыс күні болып есептеледі.
Осылайша қазақстандықтар 13 жылдан кейін айтулы мерекені тойлағалы отыр. Бұл егеменді еліміздің өміріндегі тарихи шешім мен айтулы күн болып қалатындығы даусыз.
Айтулы мереке облысымызда қалай аталып өтпек? Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында өткен баспасөз конференциясында облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Алмас Садубаев және мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Ерлан Жүнісбай кеңінен тоқталған болатын.
– Республика күні мен Тәуелсіздік күні түрлі мағыналық мазмұндағы мерекелер мен шығу тарихы жағынан өте маңызды мейрам екенін атап өткен жөн. Ұлттық мереке Республика күнін дайындау және өткізу жөніндегі облыстық жоспар әзірленіп, бекітілді. Жоспар Президент Әкімшілігі тарапынан келген тұжырымдама негізінде дайындалды.
Жоспарға сәйкес, облыстық басқармалар мен Тараз қаласы және аудан әкімдіктерінің ұйымдастыруымен 200-ден аса іс-шара өткізу жоспарланып отыр. Іс-шараларды ақпараттық сүйемелдеу мақсатында арнайы медиа-жоспар жасалынып, бекітілген.
Маңызды мерекеге символдық және айшықты рең беру үшін келесідей іс-шаралар ұйымдастырылады.
22 қазан күні облыс басшылығының қатысуымен «Баласағұн» орталық концерт залында Республика күніне орай салтанатты жиын өтеді. Салтанатты жиын барысында облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосқан азаматтарды марапаттау, басшылықтың құттықтауы және мерекелік концерт жоспарланып отыр. Дәл осындай салтанатты жиындар Тараз қаласы мен аудандарда өтетін болады. Сондай-ақ 25 қазан күні «Көне Тараз» кешенінде Тараз қаласы әкімдігі мен облыс әкімдігі мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының ұйымдастыруымен «Жасай бер, жаса, Тәуелсіз Қазақстан!» атты мәдени-көпшілік іс-шара өткізуді ұсынамыз. Аталған шара барысында эстрада жұлдыздарының қатысуымен концерт, қолөнер шеберлерінің жәрмеңкесі, спорттық жарыстар ұйымдастырылатын болады. Сонымен қатар аудандар мен Тараз қаласында мерекеге орай «Менің Отаным Қазақстан», «Менің Республикам – менің мақтанышым» және т.б. тақырыптарда әдеби-танымдық кештер, елтану сағаттары, тақырыптық көрмелер, кітап апталықтары, көпбалалы отбасыларды, ардагерлерді, зейнеткерлерді және азаматтардың басқа да әлеуметтік осал санаттарын қолдау бойынша «Жанашыр Жүрек» халықтық акциясы, «Таза табиғат» экологиялық акциялары өтеді.
Республика күніне орай өңірде жалпы 19 нысанның ашылуы жоспарлануда. Атап айтқанда, Тараз қаласында – 2 нысан, Байзақ ауданында – 2 нысан, Жамбыл ауданында – 1 нысан, Жуалы ауданында – 1 нысан, Меркі ауданын-да – 2 нысан, Сарысу ауданында – 2 нысан, Т.Рысқұлов ауданында – 2 нысан, Талас ауданында – 1 нысан, Шу ауданында 6 нысан пайдалануға берілмек, – деген Асқар Қадірбекұлы орталық сайлау комиссиясының талаптарына сәйкес, электоралдық кезеңде қайырымдылық акцияларын өткізуге тыйым салынатынын да баса ескертті.
Ал Ерлан Нұрманұлының айтуынша, мерекеге байланысты іс-шаралардың жоспары әзірленген. Соған сәйкес, өңірдегі мәдениет және өнер мекемелерінде «Менің Ота- ным – Қазақстан», «Менің Республикам – менің мақтанышым», «Еркін елдің ұланымын, Тәуелсіз ел қыранымын», «Қазақстан – достықтың киелі мекені», «Туған жерім – тұғырым» және тағы да басқа тақырыптарда әдеби-танымдық кештер, дөңгелек үстел, кездесу кеші, тақырыптық көрмелер, концерттік бағдарламалар өткізу жоспарланып отыр екен.

Саян Тілеужан

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.