Қалалық қоғамдық-саяси газет

Түтіні тәтті, азабы қатты…

0 1  461

Өткен жылы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Түркістан қаласында өткен Ұлттық құрылтайдың «Әділетті Қазақстан – Адал азамат» атты екінші отырысында сөйлеген сөзінде жастарды жаман әдеттен аулақ болуға шақырған болатын.

– Ұлт саулығына зиянын тигізетін тағы бір кесел – вейп және түрлі электронды темекілер. Өкінішке қарай, оны тарту жасөспірімдер арасында сәнге айналып барады. Себебі электронды темекі бәріне қолжетімді, оның зиянсыздығы туралы түрлі жарнамалар да көбейіп кетті. Іс жүзінде жастарымыз өзіне зор қауіп төндіруде. Себебі бұл – шын мәнінде, зиянды нәрсе. Вейп пен есірткінің арасы бір-ақ қадам. Осы қауіпті үрдіспен күресу үшін жүйелі және шұғыл шаралар қабылдау қажет. Тыйым салумен ғана мәселені шешу мүмкін емес. Полиция өз жұмысын белсенді және тиімді жүргізуі керек. Мен бұған ерекше мән беремін, – деген болатын Президент.
Сондай-ақ бұл өзекті мәселе ағымдағы жылы Атырауда өткен «Адал адам – Адал еңбек – Адал табыс» атты Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысында да сөз болды.
– Мен былтырғы құрылтайда балалар мен жастардың денсаулығына, яғни тұтас ұлттың болашағына орасан зор зиян келтіріп жатқан вейптердің таралуына тосқауыл қою үшін нақты шаралар қабылдау қажеттігін айттым. Қазір Парламентте вейптерді елге әкелген, оны өндірген және таратқан адамдарды қылмыстық жауапкершілікке тартуды көздейтін заң жобасы қаралып жатыр. Бұл қадам бүгінде сәнге айналған осы бір қауіпті кеселдің таралуын едәуір шектеп, бетін қайтаратынына сенімдімін, – деді Қ.Тоқаев.
Сонымен қатар Президент жастар мен жасөспірімдердің тәрбиесі мен денсаулығына айрықша көңіл бөлу қажеттігін айтты. Қоғамды дендеп бара жатқан сол дерттің бірі – электронды темекі мен алкоголь өнімдерін тұтынатын жастардың мәселесіне тоқталып: «Қазір ересектердің ермегіне айналған электронды темекіге оқушылар да әуестеніп барады. Мұндай темекіні балалар дүкеннен еш кедергісіз сатып алады. Бұл – қауіпті жағдай. Бізде алкоголь өнімдерін 21 жасқа толмаған азаматтарға сатуға тыйым салынған. Бірақ бұл талап іс жүзінде орындала бермейді. Құзырлы органдар бақылауды күшейтуі керек. Қоғамда энергетикалық сусындарды жастарға сатуға тыйым салу қажеттігі жиі айтылады. Үкімет бұл мәселені мұқият зерделеп, нақты шешім қабылдауы керек. Мұхтар Әуезовтің «Ел боламын десең, бесігіңді түзе» деген сөзі бар. Біз ұрпақтың денсаулығын және тәрбиесін бүгін ойламасақ, ертең кеш болуы мүмкін», – деген болатын.
Айтылған сөздің жаны бар. Мұны еліміздің Денсаулық сақтау министрлігінің соңғы төрт жылда шылым шегу бойынша жүргізген мониторингтік есебі дәлелдейді. Дерекке сүйенсек, жалпы бір реттік шылымды сатып алатын 12 мен 15 жас аралығындағы жеткіншектер саны үш есеге артқан. Бұл дегеніңіз, әрбір мектептегі 15 пайыз ұл, 6 пайыз қыз электронды темекінің түтініне рақаттанып жүр деген сөз.
Ал Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының ақпаратына сүйенсек, шылым шегу салдарынан жыл сайын жаһанда 8 миллионнан астам адам қайтыс болады. Ал елімізде шылымның кесірінен жыл сайын 18 мыңға жуық адам көз жұмады екен. Өйткені темекі өкпенің қатерлі ісігі, өкпенің созылмалы обструктивті ауруы, демікпе, қан айналым жүйесі ауруларын – жүректің ишемиялық ауруы, артериялық гипертония, қан тамыры ауруларын тудырады. Бұған қоса ағзаның инфекциямен күресу қабілетін төмендетіп, иммундық жүйеге кері әсер етеді.
«Темекі түтінінен азат Қазақстан» ұлттық коалициясының жетекшісі Жәмилә Садықованың айтуынша, бұл заманда сәнге айналған электронды темекілердің зияны көп.
– Қыздырылатын табак IQOS, GLO және вейптің кәдімгі темекіге қарағанда никотині аз деген тұжырым жалған. Біріншіден, біз вейптің құрамынан қаптамасында көрсетілгеніне қарағанда әлдеқайда көп никотин анықтадық. Сұйық түрдегі химиялық қоспа ауыз ұртында тез сорылып, қан жүйесіне бірден түседі. Бұл – миды никотинмен улау деген сөз. Тіпті вейпті қолданатын балалар есінен танып құлауы мүмкін. Екіншіден, вейпті шегетін ересектерде никотинге деген тәуелділік одан әрі артады. Орташа есеппен әрбір вейпте 6-62 миллиграмға дейін никотин бар. Сондықтан табак өнімдерімен айналысатындардың «электронды темекіде никотин аз» деген сөзіне сенудің қажеті жоқ.
Ал IQOS пен GLO – қыздырылған табак өнімі. Оның ішінде никотин 6 миллиграмға дейін болуы мүмкін. Мұның енді кәдімгі темекіге қарағанда никотині аз деп айтып жатады. Солай жарнамаланып та жүр. Бірақ күні бүгінге дейін жасалған зерттеулер электронды темекінің зиянсыз емес екенін көрсетті. Өйткені олардың құрамында қандай мөлшерде болса да никотин бар. Ал кез келген формадағы никотинді қолдану зиян. Оның үстіне бұл өнімдер электронды шылымды шегушінің ғана емес, оның айналасындағы адамдарға да зиянын тигізеді. Әсіресе балалар темекі түтінінен тез уланып, түрлі ауруға шалдығуы әбден мүмкін. Сондықтан Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы «электронды темекілер зиянсыз» деген тұжырыммен келіспейді. Темекінің қай түрі болмасын өте қауіпті екенін естен шығармаған жөн, – дейді маман.
Оның айтуынша, электронды темекілерді немесе вейптерді қолдануы салдарынан өкпенің зақымдалғанын білдіретін арнайы эвейли (evali) ауруы бар екенін айтады. Бұл диагноздан емделу де қымбат. Жасанды тыныс алу аппаратын қосу арқылы ауруханаға жатқызуды қажет етеді. Өйткені оның белгілері тұмауға немесе пневмонияға ұқсас болуы мүмкін. Бірақ бұл ретте антибиотиктер көмектеспейді. 2022 жылы АҚШ дәрігерлері осындай дертке шалдыққан 40 жасқа дейінгі үш мыңға жуық азаматты тіркеген. Ал 68 адам ажал құшқан екен.
Ең қауіптісы – ата-аналардың балаларының бұл жаман әдетке әуестеніп жүргенін байқауы екіталай. Себебі кәдімгі темекіден айырмашылығы – электронды жылыту құрылғыларынан темекіге тән иіс шықпайды, түрлі хош иістер бөлінеді. Оны қарапайым сағыздардың иісінен ажырату қиын. Қауіпті өнімді ішке тартқан кезде бөлінетін будың құрамында аллергиялық реакцияларды, іріңдеу процестерін, бауыр мен бүйрек қызметінің бұзылуын тудыратын қауіпті заттардың 2 мыңнан астам түрі бар. Сонымен қатар будың әсерінен тыныс алу мүшелері, орталық жүйке жүйесі зақымдалады, мутагендік процестер дамиды. Ең сорақысы, вейптерге толық тыйым салынбаса, онда он жылдан кейін ел өкпе ауруларының эпидемиясына ұшырауы мүмкін.
Осы 2022 жылы Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы да электронды темекі шегуді харам деп таныған болатын. ҚМДБ өкілдері пәтуада Имам Тахтауи ән-Нәжму әл-Ғазидің сөзі келтірілген. Онда темекінің түрлі зиянына байланысты харам болып саналатыны айтылған. Сонымен қатар Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы және Ислам медицина ғылымдары ұйымы ғылыми тұрғыдан электронды темекінің, кальянның және басқа да шылымның түрлері адам баласының денсаулығына зиян екенін нақты түрде айтқан. Сондықтан электронды темекіні қолдану харам саналады. Себебі электронды темекінің зияны әдеттегі темекіден асып түспесе, кем емес.
Бүгінде әлем нарығында зиянды өнімнің 16 мың түрі бар екен. Осыған байланысты Дания, Норвегия, Уругвай, Аргентина, Панама, Бразилия, Мексика, Канада, Таиланд, Үндістан, Гонконг, Сингапур, Малайзия, Филиппин, Ливан, Катар сияқты 32 ел вейпті сатуға тыйым салған.

Фатима ФАЙЗУЛЛА,
«125» білім беру орталығының
11-сынып оқушысы.
Тараз қаласы

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.