Қалалық қоғамдық-саяси газет

Төтеншеліктер турнирі түндігін түрді

0 282

Тараз қаласында өздерінің қызметтік міндеттерін атқару барысында қаза болған өрт сөндіруші-құтқарушыларды еске алу мақсатындағы Қазақстан Республикасының өрттен құтқару спорты бойынша ХХІХ ерлер арасындағы және ІХ әйелдер арасындағы жазғы чемпионатының түндігі түрілді.

Шараның ашылу рәсімінде әуелі барлық командалар мен олардың жетекшілері, жаттықтырушылары таныстырылып, жиналғандар қызметтік міндеттерін атқару барысында қаза болған өрт сөндіруші-құтқарушыларды бір минут үнсіздікпен еске алды.
Бұдан кейін сөз алған Жамбыл облысының әкімі Нұржан Нұржігітов шараның маңыздылығына тоқталып, барлық қатысушыларға сәттілік тіледі.
– Өзгелер үшін өз басын қатерге тігіп, мамандыққа деген адалдығын танытып жүрген кез келген өрт сөндірушілер мен құтқарушылар – бейбіт күннің батырлары! Асқан жылдамдық пен жоғары кәсіби шеберлікті талап ететін құтқарушы мамандығының ең басты міндеті – адам өмірін құтқару. Олардың әрбір жедел әрі табысты әрекетінің артында сан мыңдаған құтқарылған өмірлер тұрады. Осы орайда халықтың бейбіт өмірін, тұрмыстағы, өндірістегі қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, апаттық жағдайға жол бермеуде аянбай тер төгіп жүрген құтқарушылар мен өрт сөндірушілерге ризашылығымды білдіремін.
Қазіргі таңда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың қолдауымен өрт сөндірушілер мен құтқарушылардың материалдық жағдайын жақсартуға барынша көңіл бөлінуде. Жергілікті атқарушы органдар тарапынан да төтенше жағдайлар қызметіне тиісті қолдаулар жалғасатын болады. Сіздер де өздеріңізге артылған жауапкершілік пен міндетті сезіне білесіздер деп сенемін, – деді аймақ басшысы.
Келесі кезекте «Қазақстандық өрт сөндірушілер және құтқарушылардың спорттық федерациясы» қоғамдық бірлестігінің президенті Дәурен Данаев та өз жылы лебізін білдірді.
Айта кетейік, дүбірлі додаға еліміздің әр өңірінен келген барлығы 34 команда, атап айтқанда, ерлер арасында 20, әйелдер арасында 14 команда қатысуда.
Апта соңына дейін созылатын сайыс оқу мұнарасының 2-ші және 4-ші қабатына шабуыл сатысымен көтерілу, кедергілері бар 100 метрлік жолақтан өту, өрт сөндіру эстафетасы, жауынгерлік дайындық секілді өрт сөндіру-құтқару спортының төрт түрі бойынша өтуде.
Жарыстың алғашқы күні қатысушылар ерлер мен әйелдер арасындағы 100 метрлік кедергілер арқылы жүгіруден сынға түсті. Аталмыш сайыстың қорытындысы бойынша ерлер арасында бірінші орынды 16,05 секунд нәтижесімен шымкенттік Ильдар Ізбасаров иеленсе, әйелдер арасында Алматы қаласынан келген Золба Оксана жеңімпаз атанды.
Осы орайда айта кетерлігі, чемпионат қорытындысымен ҚР Ұлттық құрама командасын жасақтау үшін үздік спортшыларды анықтау, оларды Ұлттық құрама командасының құрамына резервке қосу үшін іріктеулер жүзеге асады. Іріктелген команда ағымдағы жылдың тамыз айында Түркия мемлекетінің Стамбул қаласында өтетін өрт сөндіру-құтқару спорты бойынша әлем чемпионатына қатысады.

Жұматай Көксубай

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.