Қалалық қоғамдық-саяси газет

Төтенше жағдайға тосқауыл

0 275

Төтенше жағдай туындағанда жанұшыра әуелі құтқарушыларға хабарласатынымыз шындық. Мұндай жағдай орын алғанда, әрбір өрт сөндірушінің міндеті — ең алдымен адамның өмірін сақтау. Сондықтан сала қызметкерлері өз ісінің шебері болуы шарт.

Осыған орай Сарыкемер №3 Байзақ колледжінде өрт-тактикалық сабағы өткізілді. Шараның мақсаты – білім беру мекемелеріндегі өртті сөндіру бойынша іс-қимылдарды пысықтау, тілсіз жауға қарсы қызмет бөлімшелері мен колледж қызметкерлерінің төтенше жағдай кезіндегі өзара әрекеттестік іс-қимылдарын ұйымдастыру және жетілдіру.
Сабақ барысында колледждің оқу корпусының 2-қабатындағы оқу кабинеттерінің бірінен өрт шықты. Алғашқы өрт сөндіру бөлімшелері келгенге дейін ғимараттан барлық қызметкерлер, оқытушылар мен студенттер қауіпсіз орынға көшірілді. Бірнеше минуттан кейін шартты оқиға орнына өрт сөндіру бөлімшесі жедел жетіп, зардап шеккендерді құтқару және отты сөндіру жұмыстарын жүргізді. Шартты өрт туындаған аумақта 1 өрт сөндіру штабы мен 1 жауынгерлік бөлімшесі жұмыс атқарды. Өрт сөндірушілер 1 зардап шегушіні аман алып шығып, медицина қызметкеріне тапсырды.

Жалпы сабаққа өрт сөндіру бөлімінен 1 бірлік автокөлік, сондай-ақ 1 жедел медициналық көмек бригадасы және жергілікті полиция қызметкерлері 1 жедел қызметтік көлігімен жұмылдырылды. Сабақ барысында №3 Байзақ колледжі мен Байзақ ауданы №8 өрт сөндіру бөлімінің өзара іс-қимылдары жан-жақты пысықталды. Сондай-ақ тиісті нұсқаулар айтылып, шара жоғары деңгейде өткізілді деп бағаланды.
Мұндай берері мол оқу-жаттығу Жуалы ауданында да жалғасты. Атап айтқанда, Б.Момышұлы ауылында орналасқан №1 гимназия-мектебінде өрт-тактикалық сабақ ұйымдастырылды. Жаттығу кезінде мектеп асханасында тағам әзірлеу барысында электр сымдарының қысқа тұйықталуы нәтижесінде жалпы ауданы 65 шаршы метрді құрайтын өрт тұтанды. Алғашқы өрт сөндіру бөлімшелері келгенге дейін ғимараттан 37 мұғалім мен 122 оқушы қауіпсіз орынға көшірілді.
Сондай-ақ Т.Рысқұлов ауданы да төтенше жағдайға дайын екенін көрсетті. Құлан ауылы №10 өрт сөндіру бөлімі және төтенше жағдайлар бөлімінің жеке құрамымен Құлан ауылындағы №1 лицей-мектебінің спорт залының шатырындағы шартты өртті сөндіру бойынша тактикалық оқу-жаттығу өтті. Аталған жаттығуға №1 лицей-мектебінің мұғалімдері мен оқушылары, Луговое күре жолындағы медициналық-құтқару, жергілікті полиция бөлімшелері, аудандық электрмен қамтамасыз ету бөлімінің қызметкерлері де жұмылдырылды. Жаттығу ойламасы бойынша өрт лицей-мектебінің спорт залының электр сымдарының қысқа тұйықталуынан шыққан. Шартты өрт алаңы 120 шаршы метрді құраған. Оқиға орнында штаб құрылып, 2 жауынгерлік бөлімшемен тиісті өрт сөндіру жұмыстары жүргізілді. Жедел әрі сауатты атқарылған өрт сөндіру жұмыстарының нәтижесінде тілсіз жау жойылып, зардап шегушілер болған жоқ.
Мұндай жаттығу Мойынқұм ауданының орталығы Мойынқұм ауылында да өтті. №18 өрт сөндіру бөлімінің жеке құрамымен Мойынқұм колледжінде шартты өртті сөндіру бойынша өрт-тактикалық оқу-жаттығуы жасалды. Аталған жаттығуға аудандық орталық аурухана, электр жүйесі мекемесі және полиция бөлімінің қызметкерлері жұмылдырылды. Жаттығу кезінде аталған білім беру ғимаратының информатика кабинетінде электр сымдарының қысқа тұйықталуынан өрт шыққан. Оқиға орнына жедел жеткен Мойынқұм ауылы №18 өрт сөндіру бөлімінің жеке құрамы мен тиісті қызметтер шұғыл әрі сауатты түрде өрт сөндіру жұмыстарын жүргізді. Түнгі мезгілдегі шартты түрдегі оқу-жаттығу орнында өрттен зардап шеккен ғимараттың күзетшісі құтқарылып, құнды мүліктер қауіпсіз орынға көшіріліп, зардап шегуші адамды алып шығу, оны медицина қызметкерлеріне тапсыру жұмыстары жүргізілді. Сонымен бірге Сарысу ауданы, Жаңатас қаласындағы №16 өрт сөндіру бөлімінің жеке құрамымен М.Әуезов мектеп-гимназиясында да өрт-тактикалық оқу-жаттығуы өткізілді. Жаттығу кезінде аталған білім беру ғимаратының мәжіліс залында электр сымдарының қысқа тұйықталуынан өрт шыққан. Оқиға орнына жедел жеткен №16 өрт сөндіру бөлімінің жеке құрамы мен тиісті қызметтер шұғыл әрі сауатты түрде өрт сөндіру жұмыстарын жүргізді. Шартты түрдегі оқу-жаттығу орнында өрттен зардап шеккен екі мектеп қызметкері құтқарылып, 819 оқушы және 70 мұғалім қауіпсіз орынға көшірілді. Жаттығу соңында жеке құраммен оқу-жаттығудың нәтижесі талқыланып, ескертулер мен кемшіліктер баяндалды. Сондай-ақ от жауынгерлері ғимарат құрылысының өзіндік ерекшеліктерімен жан-жақты танысты.
Құтқарушылар тек өрттің алдын алып қана қоймай, зардап шеккен адамға алғашқы медициналық көмекті де көрсете білуі керек. Осы олқылықты толтыру үшін облыстық төтенше жағдайлар департаменті өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметінің жоспарына сәйкес, бөлімшелердің 7 қызметкері «Республикалық медицина академиясы» ЖШС Жамбыл облыстық филиалында арнайы оқу курсынан өтті. Сабақ барысында жасанды тыныс алу, жүректің жанама массажы, термиялық және химиялық күйіктер, электротравмалар, ұзақ қысу синдромы, үсік шалу, жарақаттар (көгеру, созылу, сыну, дислокация), сондай-ақ төтенше жағдайларда алғашқы медициналық көмек көрсету бойынша практикалық дағдылар зерттелді. Зардап шеккендерді тасымалдауға және эвакуациялауға көп көңіл бөлінеді. Дәрігерге дейінгі алғашқы көмек көрсету ережелерін кез келген құтқарушы қызмет түріне қарамастан білуі қажет.
Қылышын сүйретіп қыс та келді. Бұл мезгілде таулы аймақта кар көшкіні қаупі туындауы мүмкін. Осыған байланысты облыстық төтенше жағдайлар департаменті кәсіби авариялық-құтқару қызметтерімен бірлесіп, «Казселденқорғау» ММ Жамбыл облыстық жедел басқармасы «Қазавиаспас» АҚ-ның тікұшағын тарта отырып, Т.Рысқұлов ауданы аумағында қар көшкінінің (шартты түрде) салдарын жою бойынша жедел тактикалық оқу-жаттығуы өткізді. Оқу-жаттығу орны ретінде Т.Рысқұлов ауданның «Қарақыстақ» шатқалы таңдалды. Оқу-жаттығу барысында жедел құтқару бөлімшелерінің іздестіру жұмыстарын жүргізу бойынша іс-қимылдары пысықталды. Шараға «ӨСжәнеАҚЖ» ММ-нің жедел құтқару жасағының іздеу иті мен кинологиялық тобы жұмылдырылды. Жету қиын таулы аймақта іздестіру жұмыстарын жүргізу үшін «Қазавиаспас» АҚ тікұшағы пайдаланылды. Сонымен қатар оқиға орнынан жетіп зардап шеккен адамға медициналық көмек көрсету және тасымалдау бойынша дағдыларын қалыптастыру үшін «Апаттар медицинасы орталығы» ММ филиалының Луговой трассалық медициналық құтқару пунктінің жеке құрамымен реанимациялық көлігі оқу-жаттығуға қатысты.
Қыс мезгілінде өзен-көлдердің бетіне мұз қатып тұрғанымен, абайламаса оқыс жағдай туындауы мүмкін. Осы орайда сала мамандары Талас, Сарысу, Мойынқұм аудандарының су айдындарында балық аулаушылармен және аңшылармен рейдтік-профилактикалық жұмыстары жүргізді. Шалғайда орналасқан ауыл халқымен судағы, мұздағы қауіпсіздік бойынша жиын өткізіп, қажетті нұсқаулықтар берілді. Сондай-ақ қараша мен желтоқсан аралығында, яғни тұрақты аяз басталғанға дейін мұз қатпайды. Кешкі немесе түнгі суықта қатқан мұз берік болса да, күндіз ол белгілі мөлшерде еріп, өз тығыздығын жоғалтып, қауіпті болатындығы туралы төтенше жағдайлар департаменті үнемі ескертіп келеді.
Жалпы оқу-жаттығу кәсіби авариялық-құтқару қызметтерінің іс-қимылдарын, қар көшкіні жағдайында іздестіру жұмыстарын жүргізу мүмкіндіктерін бағалау мақсатында өтті. Сонымен бірге облыс әкімінің орынбасарымен бекітілген «2022 оқу жылына арналған Жамбыл облысы Төтенше жағдайлар департаментінде азаматтық қорғау саласында даярлау немесе қайта даярлықтан өту үшін топ санаттарын тыңдаушылармен жинақтау жоспарына» сәйкес, Төтенше жағдайлар департаментінде «Қауіпті өндірістік объектілердің мамандары» санатының тыңдаушыларына азаматтық қорғау бойынша дайындық оқу сабақтары ұйымдастырылды. Оқу сабақтары барысында тыңдаушыларға азаматтық қорғау жұмысын реттейтін нормативтік-құқықтық актілер, төтенше жағдайлар мен әскери қақтығыстар туындаған кезде немесе осының салдарынан қорғану тәсілдері мен іс-қимылдар туралы кеңінен мағлұмат берілді. Ағымдағы жылы Жамбыл облысының Төтенше жағдайлар департаментімен әртүрлі санаттағы 1 644 тыңдаушы оқытылды. Расында, жаттығу күрделі болған сайын іс барысында қиындық тумайтынын естен шығармаған абзал.
Жамбыл облысы қысқы кезеңдегі төтенше жағдайларды жою бойынша іс-қимылдарға азаматтық қорғаудың мемлекеттік жүйесінің (АҚМЖ) басқару органдары мен күштерін даярлау мақсатында «Қыс-2022» республикалық командалық-штабтық оқу-жаттығуын өткізді.
Шара аясында көліктік магистральдар мен тіршілікті қамтамасыз ету нысандарының жұмысы бұзылған жағдайда бағынысты күштерді басқару жөніндегі АҚМЖ салалық және аумақтық жүйелерінің жұмысындағы үйлесімділікті жетілдіру үшін қысқы кезеңде туындаған төтенше жағдайлардың алдын алу және жою мақсатында азаматтық қорғаудың мемлекеттік жүйесінің аумақтық және салалық жүйелерінің жұмыс істеу режимі бойынша міндеттерді орындауға жоғары дайындық режиміне ауыстырылды. Сондай-ақ құлақтандыру және байланыс жүйелерінің дайындығы, АҚМЖ барлық деңгейлерінде жедел кезекшілікті ұйымдастыру, болжамды және диспетчерлік қызметтердің жұмысы, бақылау жүргізу, материалдық-техникалық, азық-түлік және медициналық қорларын жасақтау және азаматтық қорғау қызметтері мен құралымдарының қысқы кезеңдегі ТЖ-ға дайындық деңгейі тексерілді.
Негізгі күш-жігерді бірінші кезекте адамдарды іздестіруге және құтқаруға, оларға алғашқы медициналық көмек көрсетуге, қауіпті жерлерден жылыту пункттеріне, жақын маңдағы елді мекендерге және емдеу мекемелеріне эвакуациялауға шоғырландыруды ескере отырып, авариялық-құтқару және жедел атқарылуы тиіс жұмыстарды жүргізуге ерекше назар аударылды. Жалпы жаттығуға жергілікті атқарушы органдардың, авариялық-құтқару қызметтері мен құралымдарының, азаматтық қорғау қызметтерінің өкілдері, Жамбыл облысының экономика объектілері, облыстық төтенше жағдайлар департаменті және оның ведомстволық бағынысты ұйымдары, ҚР ТЖМ Жамбыл облысы бойынша «Апаттар медицинасы орталығы» мемлекеттік мекемесінің филиалы, «Қазселденқорғау» ММ филиалы қатысты – Жамбыл облыстық пайдалану басқармасы», «Өрт сөндіруші» және «Қазавиақұтқару» акционерлік қоғамдарының филиалдары, Жамбыл облысының полиция департаменті және оның құрылымдық және ведомстволық бағынысты бөлімшелері, Көліктегі ішкі істер басқармасы қатысты.
Осындай оқу-жатығудың жемісін қызыметкерлеріміз күнделікті өмірде де көріп жүр. Айталық, департаменттің өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметінің жеке құрамы күн сайын тәулік бойы кезекшілікке қатысады. Барлық бөлімшелердің өрт сөндірушілері мен құтқарушылары әрдайым халыққа көмекке шығуға дайын. Мәселен, жуырда шаһардағы Рысбек батыр көшесінде автокөліктің өртенгені туралы хабарлама келіп түсті. Оқиға орнына Тараз қаласының №1 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінің күштері мен құралдары жөнелтілді. Өрт сөндірушілердің жедел әрекеттерінің арқасында өрт 13 сағат 43 минутта оқшауланып, 13 сағат 45 минутта жойылды. Өрт салдарынан автокөліктің қозғалтқыш бөлігі жарамсыз болып қалды. Қуанышымызға орай, өрттен қаза болғандар мен зардап шеккендер жоқ. Сонымен қатар Жуалы ауданы, Б.Момышұлы ауылында да тұрғын үйден өрт тұтанды. Оқиға орнына №7 өрт сөндіру бөлімінің қызметкерлері жедел жетіп, жағдайды шұғыл барлап, жалынның таралу қаупін анықтап, қолда бар күштер мен құралдарды сауатты пайдаланып, 20 минуттан астам уақыт ішінде өртті толығымен жойған болатын.
Жалпы бұл оқиғалар тізбегі өрт сөндіру қызметінің мамандары мен құтқарушыларының тек 2 күндік жұмысы ғана екенін естен шығармайық. Осыған байланысты Жамбыл облысы ТЖ департаменті облыс пен қала тұрғындарын өрт қауіпсіздігі ережелерін әрдайым қатаң сақтауға шақырады. Сондай-ақ үйден шығарда балалар мен қарттарды қараусыз қалдырмай, құрылғыларды электр желісінен ажыратуды есте ұстаған жөн екендігін еске салады. Өрт немесе төтенше жағдай туындаған кезде «101» және «112» телефон нөмірлеріне қоңырау шалудың ақысыз екендігін де ұмытпаған жөн.

Ермек Момбаев, облыстық төтенше жағдайлар департаментінің бастығы, азаматтық қорғау полковнигі

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.