Жапар әл-Түргеш САТЫЛҒАНОВ,
этнограф, құсбегі, эколог,
Қазақстан Журналистер одағының,
Тарихшылар қауымдастығының мүшесі,
Жамбыл облысының Құрметті ардагері,
журналистика саласының «Алтын медаль» иегері
Қай халық, қай кезеңде болса да, мейлі өмір бойы қан кешіп жүрсе де, өзгелер мойындар, үлкен тарихқа салар таңбасы бар аталы істерімен ғана жат алдында абыройын асырып, шаттанып, мақтана алады. Ұрпақ тәу етер ұлттың биіктік, қасиетті қара шаңырақ, алтын босаға, киелі өлке дегендеріміздің бастау алар бұлағы да – осы. Тек сондықтан біздің өткен ата-бабаларымыз өз тамыры – ұрпағына, ата тарихын мүмкін болғанынша айтып, жазып қалдыруға тырысты. Өкінішке қарай, ондай өрелі ой құлдық дәуірде мүмкін болмады. Қазақтың өз тарихына өзінің терең үңілінуіне, ұрпаққа ұлағат жасауына, тиым салынған күндер де болды. Дәл сол дәуірде де, осы қиянатқа қаһар шашып қарсы тұрған марқасқаларымыз да болған.
Әлі есімде… 1977 жылы желтоқсан айы. Жаңа жылдың алдында, сол кездегі астанамыз – Алматыда, бүгінгі Жазушылар үйінің сарайында, жас ақын-жазушылардың республикалың кеңесі болды. Біз, қаламгерлер, Хам-ағаң деп құрметтейтін көрнекті ақынымыз Хамит Ерғалиев басқарған, Жарасқан Әбдірашев, Шөмішбай Сариевтардың секция тобында болдық. Кеңесті ашқан, алғы сөз бастаған ғұлама жазушы Ғабиден Мұстафин атамыз кенет жастар лық толы залға қаһарлана қарап: «Біздің ұлтсыздық басып барады» – деп қос жанарын бізге қадап айтты. Атамыздың сол сәттегі түсі тым суық еді. Не үшін екені белгісіз, көбіміз кінәлі адамдай қаймығып, төмен қарадық…
Кемеңгер жазушы атамыздың тым қарапайым даналығы болар, әр жақтан келген жастарға көрмеге байланған сәйгүліктерден өзінің тақымы толар ерекше ат іздегендей, әрбір жасқа көз тоқтата қарап, жақын әңгімеге шақырғандай жатсынбайды екен. Ғабеңмен сол Жазушылар одағының екінші қабатындағы фойеде аз-кем тілдесудің сәті түсті. Ғұлама атамыз жаңағы айтқан залды дүр сілкіндіргендей сөздерін тағы қайталады да әлі де көп нәрсе миына жетпей тұрған біздерге: «Ұлтсыздық тарихыңды танымаудан басталады. Тарихың дегенім – ұлтың, тілің, ділің» – деген еді.
Өзгені қайдам, өз басым шын терең ойда қалдым. Кейін ойласам, шындығында, ұлтсызға ғана ұлттың тарихы мен тілі, ділі, діні қажет емес екен. Ал өз тарихыңды өзің іздеп тауып, танып, ұрпағыңа ұғындыру әкенің балаға берер тәрбиесіндей парыз, міндет, аманат болары хақ! Себебі айтылып, жазылмаған тарих – санасыз саңырау, тілі жоқ мақау, жақыны жоқ жетім! Сол жетім тарих кімде болған? Кімде бар? Өткен өмірге қарасаң, «жетім тарих» тек құлағын кескен құлдарда, не құлдан туып, еркіндік тисе де әлі құлдық психологиядан арыла алмай, күшігінен таланған иттей, қаһарын шашып күшін танытуға батылы жетпейтін бейшараларда ғана болады екен. Әкелеріміз, аталарымыз, сан жылдар үн шығармай, жасыған жылдар басымыздан өтіп, теңдік тиген соң оң-солымызға қарап, біліп жатырмыз. Біздің қазақ жұртында тәуелсіздік алғанымызға 30 жылдан астам уақыт өтсе де, жас ұрпақ түгілі, ата сақалы аузына түскендердің көбі білмейтін, бүгінгі өмірден әлі өз орнын ала алмаған ұрпақ ұғынуға тиіс «жетім тарихымыз» жетерлік екен. Дәл сондай, қазақ тарихында ешқашан ұмытуға, ұрпақ ұғынбауға болмайтын, ұлттық мақтаныш, ата тарихымыздың бірі де бірегейі – қытай, араб, қазақ жұртына әлем тарихына өшпес із қалдырған, әйгілі Атлах шайқасы еді.
Тарихта Атлах-Тараз, Атлах-Талас, Атлах-Ақыртас деп аталатын осы қанды қырғын 751 жылы шілде айының 29 жұлдызы аралығында бүгінгі Тараз қаласынан 50 шақырым жерде қазақ жұрты мен оның одақтастарының Таң империясынан қазақтың ұлан-байтақ жерімен қоса күллі Орталық Азияны азат ету жолындағы, бүгінгі Жуантөбе деген жерде өткен, азуы алты қарыс қытай басқыншыларын тізе бүктірген қазақ даласындағы ең алғашқы Түркілердің ұлт-азаттық соғысы еді. Жасыратыны жоқ, орыстардың бөркін аспанға атып, мақтана жырлайтын әйгілі Бородино шайқасынан саяси мәні жағынан әлдеқайда биік Атлах шайқасын біз білмей өстік. Себебі, ол – Ұлы жеңіс туралы кітаптарымызда айтылып, тарихымызда шын танырлықтай жазылмады. Тек, араб, түрік, қытай сынды шетел тарихшыларынан Атлах шайқасы жайлы өздері ізденген санаулы жандар оқып, біліп жүрміз.
Ал шындығында осы Атлах шайқасы туралы жас ұрпаққа дәл бүгін не айтуға болады? Осы ұлы шайқас жайлы тарихқа құмар көлденең көк атты емес, арғы-бергі тарихымызды зерттеп, төрелік айтып жүрген тарихшы ғалымдардың, үкімет қамқорлығымен ресми орындардан шығарылған еңбектері не дейді? Енді соны саралап көрелік.
Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнография институты ғылыми кеңесінің ұсынысымен жарық көрген «Ғұн-Түрік-Қазақ тарихын зерттеу мәселелері» деген кітапта: «751 жылы Орталық Азия тарихын жаңа арнаға бұрған әйгілі Атлах-Талас шайқасы болып еді. Біріккен араб-қарлық-түргеш қолының тегеурінді соққысы бұл өңірде II ғасырға жуық тайраңдаған Таң патшалығы армиясын күйрете жеңіп, өз тәуелсіздігіне қол жеткізген болатын. Содан бері қазақтың қасиетті топырағына қытай әскерлерінің табаны тиген емес. Атлах шайқасының ұлы жеңісіне араб, мұсылман әскері қарлық, түргеш түріктерінің қолдап-қуаттауымен, жанқиярлық ерлігі арқылы қол жеткізді» – деп жазса, ал Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің бағдарламасы бойынша шығарылған ғалым, географ, тарихшы Әділхан Байбатша «Қазақ даласының ежелгі тарихы» атты зерттеулер, құжаттар кітабында (102-бет): «751 жылы қытай мен араб әскерлерінің соғысында түркештер арабтарды қолдайды… Қытайлар тас-талқан болып жеңіліп, еліне қашты. Өздерін қолдаған қазақтардан соғыстан кейін жылы шырай көре алмаған арабтар да жылдам шегініп кетуге мәжбүр болды» – деп жазған екен. (Демек, түргештер мен қарлықтар арабтармен одақтас болып, басқыншы қытайларды жеңген соң арабтар қазақ жерінен өз еріктерімен еліне кеткен.)
Сол сияқты Лев Гумилевтің «Көне түріктер» атты еңбегінде: «Екі армия 751 жылы шілдеде Талас өзені маңындағы Атлақ деген жерде кездесті. Кескілескен шайқас 2 жақ үшін де нәтижесіз болып, 5 күнге созылды. Алайда шешуші сәтте қарлықтар Гао Син Чжидің (Қытай) әскерінің тылынан соққы беріп, сөйтіп имперліктер (Қытайлар) күл-талқан болып жеңілді. Гао Син Чжи (Қытай әскері қолбасшысы) Қытайға қашты» – деп жазған.
Ал Қазақ энциклопедиясының бас редакциясы арқылы ғалым-тарихшылар, зиялы қауым, ел ағалары бас болып шығарған (Алматы, 2003 жыл) Тараз энциклопедиясында «VIII ғасырдан бастап батыс түрік қағанаты құрамындағы тайпалар арасында өзара соғыс басталды. Нәтижесінде Іле өзенінен ығысқан түргештер Талас өңіріне келіп орналасты. VIII ғасырдың орта тұсынан бастап Талас (бүгінгі Тараз қаласы) олардың астанасына айналды. 751 жылы осы маңда өткен Атлах шайқасында түргештер арабтармен одақтаса отырып, шабуылдап келе жатқан Қытай әскерлеріне күйрете соққы берді» – деп жазылған екен.
Ал Жамбыл облысы әкімдігінің мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы шығарып, филология ғылымдарының докторы, профессор Мекемтас Мырзахметұлы пікірін жазған «Тараз тарихы» атты шежірелі кітапта дәл осы Атлах шайқасы туралы былай делінген: «түргештер арасында алауыздық туып, билік әлсіреген тұста Қытай империясы Таласты басып алды. 751 жылы Талас маңындағы қазіргі Жуантөбе жеріндегі Атлах (Отлақ) қаласында кескілескен шайқас болды. Шілде айында болған бұл әйгілі шайқас жайында Қытай деректерінен мынадай мәліметтер кездестіреміз: «Екі жақ 5 күн бойы шайқасты. Қарлықтар жаппай бет бұрып кетті де, арабтарға болысып, Таң империясын қыспаққа алды. Шиян-Жыны ойсырата жеңді. Осылайша бірнеше күнге созылған бұл шайқастың нәтижесінде түрік жұрты шығыстан төнген дұшпанның бетін қайтарды».
Дәл осындай арғы-бергі тарихшыларымыз жазған Атлах шайқасы жайлы әңгімелер көп. Бірақ, түйін біреу. Ол – бүкіл Орталық Азияны жауламақ болған Қытай империясына қасиетті қазақ жерінде түргештер мен қарлықтар араб әскерлерімен одақтаса алғаш рет күйрете соққы беріп, Шығыс Түркістанды бодандықтан азат еткен. Көптеген деректерде Қытайлар осы соғыста 50 мың әскерінен өлідей айырылып, 20 мың қолын тұтқынға беріп, өз тарихында болмаған масқара, аяусыз қырғын көрген. Қазақ елі өз жерімен қоса күллі Азияны қара қытай сынды алып айдаһардың аузынан арабтармен одақтас болып, құтқарып қалған.
Осы тұрғыда туындайтын заңды сұрақ – түргештер мен қарлықтар дегеніміз кімдер? Қарлықтар мен түргешерге арабтар не үшін одақтас болып, қолдады? Бұл туралы күні бүгінге дейін жас ұрпақ анық түсінердей, қалың бұқара алдында атын атап, түсін түстеген мардымды, жастар жадында қалар тарихи еңбектер тым аз десе де болады. Ал дәл бүгін ауадай қажет, жас ұрпақтың жүрегіне патриоттық ойды ояту үшін, ұлт намысының өнегесін таныту үшін орайы келгенде қарлықтар мен түргештер жайлы кең тоқталып, сөз қозғау аса қажет, парыз және міндет деп ойлаймыз.
Сонымен қарлықтар дегеніміз кімдер? Енді соған тоқталайық. 1987 жылы Шыңжан халық баспасынан Қытайдағы қазақ ғалымдары шығарған «Қазақтың көне тарихы» атты еңбекте (134-бет): «Ерте заманда Алтай мен Тарбағатай қарлы тауын мекендеген түркі тілдес көшпелі тайпалар қарлық атанған. Қарлықтар туралы алғашқы дерек грек жазушысы Птоломейдің (II ғасырдағы) атақты «Жағрафия» еңбегінде кездеседі. Мұнда қарлық түркі тілдес тиректердің (теле) бір тайпасы делінген. VII ғасырдың орта шегінде қарлықтар Еміл алқабында, Сайрамнұр көліне қарай ойысты. Осы арада қарлықтар Болат қарлықтар (яғни арғындар) Орта жүз қазақтарының арғы аталары болған» – деп жазған екен. Бұл тұжырымды Қазақ Совет Энциклопедиясынан да оқыдық (6-том, 520-бет).
Ал «Моңғолдың құпия шежіресі» атты бағалы тарихи еңбектің бір тарауында: «Қарлықтар XII ғасырда өз алдына жеке иелік болып Қидан (қара қытай) хандарына бодандықта болған. Олардың орталығы Балқаш көлінің Қиялық қаласы еді. Шыңғысхан әскері Жетісуға келгенде Қарлық билеушісі Арсылан хан өз еркімен бағынған. Оған Шыңғысхан өз қызы Алқабикені берген» – деп түйіндепті. Сол сияқты атақты ғалым, тарихшы, түркі тарихынан аса терең зерттеушілердің бірі Лев Гумилевтің «Көне түріктер» атты зерттеу еңбегінде (371-бет) «Қарлықтар этникалық жағынан түріктерге неғұрлым жақын» – десе, Н.Я.Бичурин «Ерте замандарда» атты еңбегінде: «Қарлықтар Орда ыдырай бастағанда одан бөлініп шығып, 650 жылы Таң империясына берілген түріктер» – деп, Л.Гумалиевтің пікірін растай түседі.
Ал тәуелсіздік алғалы бері Н.Назарбаевтың арнайы тапсырмасымен бірнеше жыл Қытайда болып, қазақтың көне тарихы жайлы деректер жинап, ұдайы жазып келе жатқан жазушы, тарихшы Қойшығара Салғараұлы «Қазақтың қилы тарихы» атты еңбегінде (5-бет): «Таң әулетінің шежіресінде қарлықтардың шығу тегі жөнінде «Гелолу призошло из тюкеского дома» (түркілерден таралған) деп жазылған. Егер түп төркінін қусаңыз, қарлықтар теле бірлестігіне енетін көп тайпалардың біріне жататын сияқты» – деп ой түйген.
Осы жерде теле дегеніміз кімдер дейтін болсақ, дәл осы кітапта: «Батыс Түрік қағанатының соңғы дербес ханы Ашина Хэлудің 658 жылдың басында өзінің тағдырлас, қандас бауырлары теленің атты әскерімен Таң мемлекеті әскерінің бірікке күшінен ойсырай жеңілді» – деп жазылған нақты деректер бар. Демек, бұдан ұғарымыз теле деген тайпамыз Батыс Түрік қағанатын құраған сол кездегі қазақтың ежелгі руы, тайпалары, яғни біздің өткен ата-бабаларымыз деп ашық та анық айта аламыз. Бұдан туар түйін, қарлықтар – ежелгі қазақтың қағанатын, хандығын құрған, қазақтың көне ру-тайпаларының бірі. Иемденген жер аумағы орталығы Балқаш, Қиялық (Мойынқұм ауданындағы ел, жер тарихын жақсы білетін марқұм Ахметәлі Жанғозиев атты қария «Қиялық дегеніміз – бүгінгі Мойынқұм жеріндегі Қияқты темір жол бекеті» дейтін) деп жазған Қытай тарихшыларының деректеріне қарап, көнеден жалғасқан ежелгі ата-бабаларымыздың «Шу өзенінің арғы беті – арғын, бергі беті үйсіннің жері» – дейтін әңгімесін еске алсақ, қарлықтардың ежелгі арғындардың түп атасы екені расқа айналады. Аталарымыз «Жоғалмаған халық қағидасы қашанда көне тарихтың көзі мен өзі» демей ме?!
Ал түргештер дегеніміз кімдер? Арғы-бергі тарихта түргеш атауы тек Ұлы жүздегі Бәйдібек бидің немересі ретінде ғана айтылып, жазылып жүр… Иә, жоғарыда айтқанымдай, заман ағымына сай қазақтың көне тарихы, яғни түргештер жайлы да оқулықтарда жазылып, аудиторияларда ел құлақтанардай көп айтылмағанымен, әр елдің тарихшы ғалым-ғұламалары әр жылдары монографиялық зерттеулер жүргізіп, халық қағидасымен сәйкес келетін біраз мақалалар жазыпты. Мәселен, 1987 жылы Қытайдың Шыңжан халық баспасынан «Қазақтың көне тарихы» деген атпен жарық көрген Қытайдағы ғалымдар шығарған еңбекте (127-бет): «Түргештер ежелгі Үйсін Дулы ұлысының ұрпағы, олар шежіре деректерде «сарыүйсін» деп те аталады» десе, 1992 жылы жарық көрген белгілі тарихшы Қ.Салғараұлының еңбектерінде: «Қазақ халқының ұлттық негізіне қатысы бар көне тайпалардың біразының басын біріктірген түргеш, қарлық қағанаттары жайлы, түргештер – Батыс Түрік қағанатының құрамына енген түркі тілдес көп тайпалардың бірінің аты. Түргештер тарихи деректерде алғаш рет VII ғасырдың екінші ширегінде Дуулу бірлестігіне кірген бес тайпаның құрамында айтылады. Түргеш атауының шығу тегі «түр» және «кісі» деген екі сөздің бірігуінен шыққан «төркісі» деген ұғым. Этноним жасау – түркі халықтарында бар тәжірибе. Мысалы: төре «төр» және «ие» яғни «төр иесі» деген ұғымды білдіретін екі сөзден құралған» – деп түйіндеген (22-23 беттер).
Сондай-ақ адам баласының даму тарихын планетамыздың геологиялық дамуымен байланыстыра баяндайтын геология, минералогия ғылымының докторы, профессор Ә.Байбатшаның «Қазақ даласының ежелгі тарихы» атты еңбегінде: «Түргеш қағанаты – ежелгі Үйсін мемлекетінің мұрагері болған түрік хандығының жалғасы. Хандықтың аты Бәйдібектің билікке мұрагер немересі Түргешпен байланысты. Түргеш жанама аты Сарыүйсін деп те аталып кеткен. Бәйдібек бидің ұлысында Түргеш (Сарыүйсін), Шапырашты, Ошақты, Жауатар, Ысты, Албан, Суан, Дулат атты немерелері жеке тайпаларға айналды. Сол кездегі қазақ ұлысын осы Бәйдібек бидің ұрпақтары билеген замандар тарихқа осы тұлғалар аттас мемлекет болып кірді. Бұл жағдайларды білмеген Қытай мен батыс жылнамалары мемлекет атының өзгеруін жаңа хандардың келуі, қырғын соғыстармен байланыстыра баяндайды. Мысалы: «Түріктерді түргештер, ал оларды өз кезегінде қарлықтар қырып салып, осылай жалғаса берген» дейді. Бұл деректер дұрыс емес. Тарихтан белгілі Түргеш Үшлақ (немесе Учжилэ, Ожелы) 698-708 жылдары хан болған кезде, оның халық арасындағы атағы жайылып, көрші мемлекеттерге айбары асты. Мемлекет Түргеш хандыға деген атпен мәлім болды. Түргеш мемлекетінің Түргеш атымен жарияланған қола тиындар да болған. Түргеш хандығы ресми түрде 698-766 жылдары дербес мемлекет саналған. Қытай жылнамаларында түргеш атауы алғаш 645-650 жылдардағы оқиғаларға байланысты кездеседі. Яғни, түргеш (Сарыүйсін) тайпасы осы кезде белгілі болған деген деректер берген. Ал қазақ тарихында алғаш рет түргештер жайлы зерттеулер жүргізіп «Түргеш қағанаты» атты кітап жазған (пікір білдіргендер – Оразақ Смағұлов, тарих ғылымдарының докторы, академик, Зардыхан Қиянатұлы, тарих ғылымдарының докторы, профессор, Нәбижан Мұхаметханұлы, тарих ғылымдарының докторы, профессор, тарих ғылымдарының кандидаты, тарихшы Әлімғазы Дәулетхан) түргештер және олар құрған қағанат жайлы мынадай тарихи деректер айтады: «Түргеш қағанаты –ерте орта ғасырда ежелгі үйсін мемлекеті жерінде құрылып, ғасырға жуық салтанат құрған әскери феодалдық мемлекет. Оның негізін қалап, шаңырағын көтерген Батыс Түрік қағанатына қарасты Бес арыс ел Дуулудың (Дулаттың) белді тайпасы – Түргештер болды. Ол шежіре деректерде: «Сарыүйсінді Түргеш қағандығы кезіндегі Өжелі мен Сақал қаған шыққан сарыларды (Сарытұқымды түргештер) үрім-бұтағы дейтін пікірді қолдағымыз келеді. Мұны бүгінгі антропологиялық зерттеулер де дәлелдеп отыр. Түргештердің этникалық тегі мен этникалық қалыптасу барысы – қазақ халқының ұлт ретінде қалыптасуының алғашқы дәуірі. Қазақтың халықтық негізіне алғашқы ұйтқы болған түргеш пен қарлық одағы болды. Түргеш одағының құрамына болашақ қазақ халқының бір сыпырасы бірікті. Түргештің құрамына Үйсін Сарыүйсін, Қараүйсін, Сары түргеш, Қара түргеш, Қаңлы, Дулат, Қарлық, Арғын, Қыпшақ ұлыстары болды, – деп жазған екен (49-бет).
Ал тәуелсіздік алғаннан кейін бүгінгі жаңа Қазақстанның төл тарихына келелі ой түйіп, кесім айтып жүрген атақты ғалым тарихшы, аузы дуалы зиялы қауым өкілдері, атап айтқанда, Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының академигі Әбдуәлі Қайдар, ҚР ҰҒА мүше-корреспонденті, тарих ғылымының докторы, профессор Кеңес Нұрпейісов, Қазақстанның халық жазушысы Шерхан Мұртаза, филология ғылымының докторы, профессор Мырзатай Жолдасбеков, жазушы, тарихшы, «Ататек» баспасының директоры Байұзақ Албани, тарих ғылымының докторы, профессор, Мәмбет Койгелдиев, геология-минералогия ғылымының докторы, профессор Әділхан Байбатша, жазушы, тарихшы Әшірбек Көпіш, тарих ғылымының докторы, профессор Талас Омарбек сынды азаматтар алғы сөзін жазып, «жол болсын» айтқан, 2000 жылы «Өнер» баспасынан шығарылған «Ұрпақтар шежіресі» атты кітапта (19-бет) түргеш және Түргеш хандығы жайлы былай делінген: «Бәйдібек бидің Сарыбәйбішеден туған кенже ұлы Сары Байдан (бір деректерде Байтоқтыдан) Түргеш атты немересі дүниеге келеді. Ол Сарыүйсін Түргешке уақыты келгенде ұлы атасы Бәйдібектен мемлекет билігі өткен, ол билік жүргізген кезден бастап мемлекет Түргеш хандығы деп аталған. Ал Түргеш (Сарыүйсін) хандығы (енші алып бөлінген Қаңлы мемлекеті секілді) ресми түрде 690-766 жылдары дербес мемлекет болып саналғаны тарихтан белгілі. Осы кезде көшпелілер даласында жаңа әлеуметтік қарым-қатынас орнап, тың тайпалық одақтар қалыптаса бастаған.»
Түргеш (Сарыүйсін) атауы қытай жазба деректерінде алғаш 645-650 жылдардағы таихи оқиғаларға байланысты кездеседі (Н.Я.Бичурин, 1950, Л.Н.Гумилев, 1993). Осы деректер негізінде қазақтың Сарыүйсін тайпасы VII ғасырдан белгілі болып, өсіп дамығанын білеміз. «Түргеш хандығында, Түргештен кейін оның баласы Үшлақ (қытай жылнамаларында Үчжилэ, Ожэлы деп айтылады) билік жүргізеді. Ол 698-708 жылдары хан болған кезде Түргеш хандығы мейілінше нығайып, мемлекет пен оның билеушісінің атағы кеңінен жайылады, көрші мемлекеттерге айбары асады» – деген деректер келтірілген. Сол сияқты физик, химик, әскери тарихшы, қоғамдық саясаткер Мухамет-Халел Сулеймановтың «Эра Чингизхана в истории казахской нации (степная диалогия)» атты тарихи кітабында мынадай қызықты деректер келтірілген: «В памяти казахского народа каган «Сары-үйсін», правившим Тюргешским каганатом в 701-708 гг. Под именем-лакабом «Үш үйлік» (в китайских хрониках – «Учжилэ (Ожэлы)»), остался прежде всего великим композитором. Народ до сих пор с наслаждением слушает философский «Кюй Тюркеша», исполняемый домбристами-виртуозами на протяжении вот уже более тринадцати веков».
Сол сияқты, 2010 жылы Шу ауданы мен Шу қаласының 80 жылдық тойына орай, айтулы тарихшыларымыз бас болып, Шу аудандық газетінде редакция комиссиясымен зерттеліп шығарылған «Шу өңірінің энциклопедиясы» атты үлкен кітаптың 73-бетінде: «Мәселен, М.Қашқари өзінің «Түрік сөздігі» еңбегінде «Шу – Баласағұнға жақын шаһар» дей келе Түргеш (Сарыүйсін) мемлекетінің қағаны алдымен Шу қаласын салдырып, оның қасына астана ретінде Баласағұнның іргетасын қалаған» – деп жазылған көне деректер оқыдық.
Дәл сол кітаптың 66-бетінде: «Нумизматиктер Р.З.Бурнашова мен О.И.Смирнов теңгелердегі «Шу» деген жазуды әртүрлі ғылыми әдістермен толық анықтады. Осы теңгелерді талдаудың нәтижесінде Баласағұн қаласын салдырған Түргеш мемлекетіндегі хандардың бірі Шу екені дәлелденеді. Онымен бірге теңгедегі «Түргеш теңір хақанының теңгесі» деген жазу Баласағұн мен Шу қалаларында Шу есімді жас қағанның билік жүргізгенін анықтай түседі. Бұдан артық ешқандай ғылыми дәлелдердің керегі болмайтынын ғалымдарды айтпағанның өзінде, қарапайым адамның өзі де түсінетін шығар» – деген нақты дәлел бар. Айта берсе көп, Түргеш, Сарыүйсіндерге қатысты дәл осылай негізгі желісі бір арнаға ауатын тарихшылар мен ғалымдар, әр жылдары жазған тарихи деректерді қазір әр басылымдардан көптеп кездестіруге болады.
Ал көне тарихымыздан бізге жеткен бірегей шежіре «Түп-тұқияннан өзіме шейін» атты Қазыбек Тауасарұлының кітабында: «Біздей елге екі жақтан шабуыл болған. Оның бірін кәдімгі қазақты мұсылман ету үшін шабуылды арабтар жасаған. Екінші жақтан 50 мың әскермен қытайлар келген. Ақыры екеуі Тараз түбінде кездесіп, қытайлар арабтардан қатты жеңілген… Шапырашты көп елді қаратып, арабтардың Таласқа шабуылына қатысқан, ешкімге билік бермеген. Түргеш пен Дулат екеуі елді кезек басқарған… (73-бет)» – деп жазылған тарихнаманы да оқыдық.
Бұдан ұғарымыз, Атлах шайқасында қазақ даласына ала көзбен қараған қытайлардың қай соғысына да сол кездегі қазақ жұртының басын біріктіріп, жаулаушы Таң империясына қарсы соғысқан қарлықтар да, түргештер де – біздің бүгінгі қымбат қазақ даласында, атамекенімізде ел мен жердің намысы үшін күн кешкен ежелгі қазақтар, яғни біз тәу етер аталы әруақ, өткен ата-бабаларымыз екен. Оларды сол бір қан құйлы сәтте Орталық Азия мен қазақ жұртының бостандығы үшін күрескен батырлардың батыры, ерлердің ері десек, артық айтқандай болмайды. Себебі, сол бүгін айтса нанғысыз, күллі Азияның, қазақ әулетінің тағдыры қыл үстінде тұрған, не бар, не жоқ болатын Атлах шайқасында сұңғыла саясатты терең меңгеріп, арабтарды дегеніне көндірген біздің ата-бабаларымыз, қандас бауырларымыз осы қырғын соғыста жеңіске жетпесе, қазақ әулеті бүгін кім болып жүрер еді? Қара қытай сынды «алып теңіз» еліміздің тағдыры талқыға түскен шақтарда жеңіске жетіп, қазақтың болашақ тағдырын тереңіне тартып, «жұтып қойғанда» бүгінгі тәуелсіздігімізді көре алар ма едік, алмас па едік?! Бөркімізді аспанға көтеріп, әр жерде ерлігіне сүйсініп, кейінгі ұрпаққа үлгі етіп табынып жүрген әр рудың бүгінгі батырлары дәл бүгінгідей әр жерден талайды тамсандырып шығар ма еді, шықпас па еді?!
Бұл туралы дәл қазір қолымызды жүрегімізге қойып, имандай шындығымызды айтсақ, ойлаудың өзі қорқынышты. Сондықтан Атлах шайқасын бүгінгі қазақ тарихында елеусіз қалдыру – елімізге сын. Атаңа не істесең, алдыңа сол келеді. Өлі риза болмай тірі байымайды. Ар жазасы бар жазадан ауыр деген ел қағидасы текке айтылған жоқ. Рас, кезінде құлдықтың кесірінен көне тарихымызды танып, ұрпаққа ұлағаттауға мүмкіндік болмады. Арғы төл тарихымызды сол күнімізге қажет болмаған соң тарихшыларымыз терең іздегісі де келген жоқ. Әркім өз заманының құлы болған. Ол үшін дәл қазір ешкімді де кінәлауды жөн көрмейміз. Тек бодандықтан бостандыққа жеткен бүгінгі тәуелсіздік тұсында әлі сол күйде терең тарихымызға үңіле алмай күн кешіп келе жатқанымыз көп зиялының жүрегін ауыртады. Қазақтың жерінде өткен, ел-жер үшін болған ұлы істердің бәрін ұрпақ ерте ұғынып, естіп-біліп, ой түйіп, оқып өсуге тиіс. Бүгінгі қазақтың баласына ауадай қажет ұлттық патриоттық тәрбие дегеніміз де – осы!
«Жоқ іздеу үшін алдымен барды бағалай білу парыз» деген бабалар. Сондықтан 751 жылы қазақ жерінде, оның ішінде көне Тараз қаласының аймағында дүниені дүр сілкіндірген, қазақ тарихында теңдесі жоқ бәрінен биік ұлы жеңіс – қазақ жұртының Таң империясына қарсы соғысқан Атлах шайқасы, бүкіл қазақ жері мен бүтін Азияны бодандықтан құтқарған қазақ әулетінің асқан ерлігі Тәуелсіз Қазақстанның, Орта Азия тарихының төрінен кең орын алуға тиіс. Атлах шайқасы Қазақ жерінің болашақ елінің иесі мен киесі – мектеп оқушыларының оқулықтарына міндетті түрде енгізілуі керек. Жоғары оқу орындарында дипломдар, ғылыми еңбектер қолға алынуы қажет. Орталық мұражайларда орыстың әйгілі «Бородино» шайқасының панорамасындай Атлах шайқасының көркем кескіндемесі жасалып, Орталық Азия мемлекеттерінің жоғарғы оқу орындарында Атлах шайқасы жайлы әр жыл сайын ғылыми атақтар қорғалуы қажет деп ойлаймыз. Қазақтың жерінде жеңіске жеткен, осы ұлы шайқаста қанын төгіп, жанын беріп күрескен біздің ежелгі ата-баба, аналарымыз алдында өздерін бодандықтан құтқарған бар Азия халқы өмір бойы қазақ жұртына қарыздар деп айта аламыз.
Бұдан біраз жыл бұрын америкалықтар мен араб киногерлері осы Атлах шайқасы жайлы ерекше кинофильм түсіру туралы ұсыныс айтқаны да есімізде… Демек, Атлах шайқасы ешқашан, еш жерде, ешкім ұмыта алмайды деген сөз… Уақыт емші ешкімнің ақысын жемейтіні де рас…
2026 жылы қазақтың әрбір баласының бақытқа бөленуіне ең алғаш жол ашқан Атлах шайқасының болғанына 1275 жыл толмақ. Осы даңқты дата тұсында осы шайқас өткен киелі орында, жеңіс туын желбіреткен ежелгі ата-бабаларымыздың әруағы алдында тағзым, ұрпаққа өнеге ретінде оқу орындарының қайсысында болса да тәлімгерлер мен білімгерлердің «Атлах шайқасы-1275 жыл» атты ғылыми-теориялық, практикалық конференциялар өткізіп, Атлах шайқасында дүниеден өткен бабаларымыздың тарихи бейітіне, бүгінгі заман талабына сай белгі қойып, бас ию – бүгінгі ұрпақтың ұлағатты парызы. Бұл бабалар алдындағы үлкен міндетті орындағысы келіп жүрген қалталы азаматтар да аз емес. Бірақ ортақ кеңес ой түйіп, көптің қолымен жасалған істің бабалар әруағына тиер сауабы көп болатындықтан, осынау аталы ісімізге ақыл-кеңестерін беріп, ақ жүрегін сыйлап, моральдық-материалдық тұрғыдан үн қосамыз дейтін абзал ағайындарды байланысып отыруға шақырамыз.
Ал «Арабтар қазақ жерін қорғауға қарлықтар мен түргештерге не үшін болысты?» дейтін болсақ, сол Атлах шайқасынан әлдеқайда бұрын түргештер мен қарлықтар қағанат құрған елде, яғни қазақ жұртында Құран қағидаларына сай көп некелі болу, тәңірдің атымен бастау, тәңірдің атымен алу, тәңірдің атымен беру, халал мал бауыздау, әруаққа құрбан шалу, зікір айту, тасаттық беру, құл, күң, әйел ақысы, халал, харам, жын, шайтан, көк пен жерге құлшылық қылу, құда қалың мал төлеу, сәлемдесу сияқты мұсылмандықың, Исламның алғы шарттарының көпшілігінің бұрыннан бар болғанын естіп, біліп жүрміз. Демек, қайсыбір тарихшыларымыз «Қазақ жеріне Ислам діні Атлах шайқасы қарсаңында келіп еді» дегендей емес, қазақ жерінің, әсіресе Оңтүстік Ислам қағидалары кең жайылып кетпегенімен, арабтар келгеннен көп жыл бұрын тектілер арасында мұсылмандықтың кең өріс алғанын байқаймыз. Сондықтан, арабтар қазақтардың осы дәстүр ниеттерінің өздерінің салт-санасына тым жақын екенін біліп, бауырлас мұсылмандық ниетпен одақтас болып, қытайларға қарсы соғысты деп айтуға негіз бар.
Қорыта келгенде, үлкен құрлықта үлкен абыройдың туын көтерген кешегі Атлах шайқасы – бүгінгі тәуелсіздігіміздің арқасында жат табынып, ұрпақ тануға тиіс, әлем тарихы жоққа шығара алмайтын ең құнды мәдени мұраларымыздың бірі. Келер жылы Атлах шайқасының жеңісіне 1275 жыл толмақ. Күнбе-күн жақсылық пен жаңалыққа кенеліп жатқан қазақ жұртының тарихшы, ғалым, жазушы, зиялы қауым өкілдерінің ұсыныс тілектерімен, осы талайдың тағдырын шешкен даңқты дата тұсында Атлах шайқасы жайлы әруақ риза болып, ел қуанар, шет елге де абыройымыз асар, көптеген өрелі істердің іске асырылатынына жүрегіміз сенеді!
Тараз қаласы