Қалалық қоғамдық-саяси газет

Төрт түліктің төресі

0 522

Қазақ халқы ежелден жылқыны қолға үйретіп, оны «Мінсең – көлік, жесең – тамақ» деп ерекше әспеттеген. Сондықтан болар халқымызда «Ер – қанаты ат» деген аталы сөз бар.

Ауыз әдебиетіндегі батырлар жырында Алпамыстың Байшұбары, Қобыландының Тайбурылы алыс сапарларда жандарына серік болып, тіпті тұлпарымен тілдескені жайында айтылады. Осының өзі жылқының төрт түліктің төресі екенін айғақтап тұрғандай.
Жалпы атқа міну мәдениеті мен жылқы шаруашылығы жер жүзіне Ұлы даладан тарағаны тарихтан белгілі. Еліміздің солтүстік өңіріндегі энеолит дәуіріне тиесілі «Ботай» қонысында жүргізілген қазба жұмыстары жылқының тұңғыш рет қазіргі Қазақстан аумағында қолға үйретілгенін дәлелдеді. Бұл туралы еліміздің бірінші президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласында «Жылқыны қолға үйрету арқылы біздің бабаларымыз өз дәуірінде адам айтқысыз үстемдікке ие болды. Ал жаһандық ауқымда алсақ, шаруашылық пен әскери саладағы теңдессіз революцияға жол ашты. Жылқының қолға үйретілуі атқа міну мәдениетінің де негізін қалады. Бес қаруын асынған салт атты сарбаз айбарлы көшпенділер империялары тарих сахнасына шыққан дәуірдің символына айналды», – деп жазылған.
Қарап отырсақ, ұлттық спорттарымыздың да көпшілігі жылқымен байланысты. Мәселен, көкпар, бәйге, қыз қуу, теңге ілу сынды спорт түрлерінде ер азаматтардың ғана емес, арғымақтың да ептілігі сыналады. «Қой мойынды, қоян жақ, бөкен қабақ» деп келетін хәкім Абайдың жыр жолдары нағыз тұлпар болатын қазан аттың бейнесін суреттейді. Қазақ даласында тұлпарды тұрысынан танитын Күреңбай секілді сыншылар да аз болмаған. Түсінгенге оның өзі үлкен өнер.
Бүгінде елімізде ат спорты қарқынды дамуда. Осы мақсатта түрлі халықаралық жарыстар ұйымдастырылып, мемлекет тарапынан айрықша көңіл бөлінуде. Осының өзі біздің жылқыға деген ерекше сүйіспеншілігіміздің көрінісі болса керек.

Нұрперзент Туғанбай,
М.Х.Дулати атындағы Тараз
өңірлік университетінің «Конвергенттік журналистика» мамандығының
4 курс студенті

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.