Қалалық қоғамдық-саяси газет

Түрлене бер, Таразым!

0 297

Қала күніне орай Шерхан Мұртаза атындағы «Руханият және тарихтану» орталығында Тараз қаласының халық игілігі үшін қажырлы еңбек еткен тұрғындарын марапаттау рәсімі өтті.

Құралай СЕЙСЕНБЕКҚЫЗЫ. Суретті түсірген Сәкен АБЖАПАРОВ

Қала күні мерекесін пандемия кезінде ойдағыдай кең көлемде атап өтпесек те, шаһар басшысы Айтқазы Қарабалаев өңір орталығының дамуына әр сала бойынша сүбелі үлес қосып келе жатқан азаматтарға сый-сияпат жасап, құрмет көрсетті.
– Сіздерді тарихымыздың темірқазығына айналған Таразымыздың төл мерекесімен құттықтаймын. Сан ғасырлар тарихының құпиясын бойына жиып жатқан көне шаһар бүгінде жасара түскеніне, озық технологиялар көш бастаған қазіргі дамуда кейіндеп қалмай, керісінше, жаңашылдыққа бейімделуге қабілетті қала екеніне сіз бен біз куә болып келеміз. Осылайша көне шаһар ескі мен жаңа, тарих пен тап қазіргі сәт өз үйлесімін тапқан айрықша өркениет ортасына айналып отыр. Қазір Тараз төрінде түрлі маңызды нысандар құрылысы сәтті жүріп жатыр. Олардың қатарында денсаулық сақтау, білім беру, тұрғындарды салауатты өмір салтын ұстануға насихаттайтын спорт нысандары бой көтеріп жатыр, – деді қала әкімі өз құттықтау сөзінде.

Мереке қарсаңында «Денсаулық саласының үздігі» Полат Қанатпаев, «Мәдениет саласының үздігі» Бақдаулет Төлегенов, «Спорт саласының үздігі» Махсун Камбаров, «Төтенше жағдай саласының үздігі» Шухрат Муртаев, «Үздік полиция қызметкері» Нұржан Исмаилов, «Білім саласының үздігі» Уалихан Байдуанов, «Үздік әлеуметтік қызметкер» Әсем Сүлейманова, «Үздік аула сыпырушы» номинациясымен Әділхан Мақұлбеков марапатталды. Байқау нәтижесі бойынша «Үздік аула» Әйтеке би көшесі № 30 үй, «Үздік көше» номинациясы бойынша Д.Бедный көшесінің бұрылысы жеңімпаз атанды.

«Бином» тұрғын үй кешенінің құрылысын жүргізіп, аула алаңшаларын абаттандырған. Жүзуден ҚР Еңбек сіңірген спорт шебері З.Габидуллинаның үйінің құрылысына, мүмкіндігі шектеулі баласы бар отбасына 2 бөлмелі пәтерге демеушілік көрсеткен. Н.Тілендиев атындағы мектеп-интернатына тұрақты түрде қаржылай қолдау көрсетіп, карантин кезінде әлеуметтік аз қамтылған, көпбалалы 300 отбасын азық-түлікпен қамтамасыз еткен Серік Олжабеков «Жомарт жүрек» сыйлығының «Туған өлке» номинациясын иеленді.

Тараз қаласы «Құмшағал» шағын ауданында спорт кешенінің құрылысына демеушілік көмек көрсетуде, аталған шағын ауданның 3 көшесіне түнгі жарықтандыру жұмыстарын жүргізуде, жалғыз басты 3 балалы анаға 2 бөлмелі пәтерге, «Қайырымдылық – жүректен» акциясы аясында 100 отбасын азық-түлік себетімен қамтамасыз етуге, «Мектепке жол»» акциясы аясында көп балалы, әлеуметтік аз қамтылған отбасынан шыққан 100 баланы мектепке қажетті құрал-жабдықпен қамтамасыз етуге, қаладағы 3 көп қабатты тұрғын үйдің сыртын мұралдауға, мүмкіндігі шектеулі жандарға демеушілік көмек көрсеткені үшін «Жыл меценаты» номинациясына Бақтияр Тоғайбаев лайық деп танылды. Ал «Біз біргеміз» акциясы аясында Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне, жалғыз басты және мүмкіндігі шектеулі қарттарға, әлеуметтік аз қамтылған, көпбалалы отбасыларға демеушілік көмек көрсетіп, «Өркениет» ҚҚ-на, су тасқынынан зардап шеккен Түркістан облысы, Мақтаарал ауданы тұрғындарына «Қайырымдылық – жүректен» акциясы аясында демеушілік көрсеткен «Жылдың үздік ұйымы» ретінде «Вкусная корзинка» ЖШС-і марапатталды.

Белсенді азаматтық ұстанымын танытып, «Қайырымдылық – жүректен» акциясы аясында Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне, жалғыз басты және мүмкіндігі шектеулі қарттарға, әлеуметтік аз қамтылған, көпбалалы 300 отбасын азық-түлікпен қамтамасыз етуге демеушілік көмек көрсеткені үшін Дамир Муминов «Жыл тұлғасы» атанды.

Волонтерлер жылында ұйым-дастырылған іс-шараларға белсенді қатысып, «Ардагерлерге көмек» атты акция аясында Ұлы Отан, Ауған соғысының ардагерлерінің, жалғыз басты және мүмкіндігі шектеулі қарттардың үйіне тұрмыстық көмек көрсетуге, коронавирус инфекциясы кезеңінде аз қамтылған отбасыларға ыстық тамақ, азық-түлік, бетперде таратуға, «Таза city» жобасы аясында қаланың ықшам аудандарында санитарлық тазалық жұмыстарын жүргізуге, «Ерен еріктілік» номинациясымен Нұрлан Жиенбай марапатталды. Сонымен қатар қаланың әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосып, ұзақ жылдар бойы қалалық әкімдікте адал қызмет атқарған бір топ зиялы қауым өкілдері де сый-сияпаттан кенде қалмады. Олардың қатарында Тараз қаласының алғашқы әкімі, қалалық Ардагерлер кеңесінің төрағасы Алдиярбек Түсіпов та бар. Кеш барысында көрермендер назарына «Сүйікті қалам – Тараз!» атты онлайн-концерт ұйымдастырылып, «Таразға кел!» атты қысқа метражды фильм көрсетілді.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.