Жамбыл облыстық қоғамдық-саяси газет

«Түрксіб» тұрғындарын не толғандырады?

0 83

Жамбыл ауданынан облыс орталығының құрамына кірген «Түрксіб» алқабында шешімін таппай тұрған өзекті мәселелер баршылық. Осыған орай Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбеков аталған елді мекеннің тұрғындарымен кездесті.

Жиын барысында тұрғындар тарапынан жолдарды жөндеу, ауыз су тарту, көше жарығын орнату, қоғамдық көлік қатынасы және спорт мектебінің қажеттілігі туралы маңызды мәселелерді көтерді.

Шаһар басшысы да өз кезегінде тұрғындар тілегі ескерусіз қалмайтынын баса атап өтті.

– Қаладағы әрбір өзекті мәселе шаһарды өркендетуге бағытталған үш жылдық Даму картасында көрініс тапқан. Осы мақсатта қала аумағына жаңа елді мекендер қосылардан бұрын тұрғындармен жүздесіп, зерделеу жұмыстарын жүргізген болатынбыз. Соның нәтижесінде арнайы Жол картасы әзірленіп, сіздер көтерген барлық мәселе соған енгізілді. Алдағы уақытта оның бәрі кезең-кезеңімен, жоспарға сай жүзеге асырылады, – деген Бақытжан Әмірбекұлы жауапты тұлғаларға нақты тапсырмалар жүктеді.

Осы ретте айта кетерлігі, «Түрксіб» алқабы Жамбыл ауданының құрамында болған уақытта су ғимараты және су жүйесінің құбырларының құрылысы жүргізіліп, негізі жұмыстар 99 пайызға аяқталған болатын. Бүгінде аталған ауыз су ғимаратын «Жамбыл су» мекемесінің теңгеріміне беру жұмыстары басталды. Ол үшін әуелі зерделеу жұмыстары жүргізіліп, анықталған кемшіліктер қалпына келтіріледі.

Сондай-ақ алқапта қазір асфальт төселмеген 7 көше бар. Орташа жөндеу жұмыстары келесі жылдың жұмыс жоспарына енгізіліп, жол салынады деп күтілуде. Ал қоғамдық көлік мәселесін шешу үшін алқапқа тамыз айында қосымша тағы жаңа автобус беру қарастырылып отыр. Сонымен қатар қоғамдық көліктердің жүру сызбасы қайта қаралып, алқап ішіне кіргізу бойынша жұмыстар жүзеге асырылады.

Биыл алқапта «Тараз-Талас» тасжолы бойымен оңтүстік айналма жолына дейінгі ұзындығы 3,4 шақырымды құрайтын жарық шамдарын орнату жұмыстары жүргізілді. Келесі жылы алқап ішіндегі негізгі 4 көшеге жарық орнатылады. Бұған қоса тұрғын үйлерге берілетін электр желісінің трансформаторларын жаңғырту және ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізіледі.

Бұдан бөлек, көпшіліктің тілегі бойынша алқапта келесі жылы жаңа спорт кешені бой көтереді. Кешеннің жобалық-сметалық құжаттары толығымен әзірленген. 2026 жылы бюджеттік өтінімге жолданады.

 

Құрмаш ҚАПТАҒАЙ

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.