Қалалық қоғамдық-саяси газет

Тәркіленгендер тағдыры

0 1  065

XX ғасырдың бас кезі халқымыздың тарихындағы қиын-қыстау кезең ретінде белгілі. Сол кезеңдегі билік басындағылардың ұстанған озбыр саясаты қазақ халқының ұлттық рухын жаншып, өзара алауыздық тудыруға бағытталған болатын. Ф.И.Голощекиннің қазақ ауылдарына «Кіші Қазан» орнатамын деген қисынсыз идеясы жүзеге асып келе жатты. Осыған орай, 1928 жылы 27 тамызда аса ірі байларды тәркілеу туралы декреті жарияланғаны белгілі. Құжат «Байлардың шаруашылығы мен жартылай феодалдарды тәркілеу және жер аудару туралы» деп аталды. Осы заңнамадан соң ел арасында жаппай байларды тәркілеу мен қудалау орын ала бастады. Алайда байдың барлығы халыққа қатыгез әрі дүниеқоңыз болмаған. Қазақ ауылындағы байдың рөлі өзгеше болған. Бай тек өзін ғана емес, бір әулетті, ауылды асыраушы. Сол ауылдың малымен қоса, адамына жауапты, елге сөзі өтімді азаматы еді. Сондықтан да қазақтың байын тәркілеу – қазақты аштыққа ұшыратудың тікелей жолы болды. Осыны түсінген кеңестік жүйе өзінің астыртын саясатының орындалуына ден қойып, барынша қатыгездік талап етті. Жаппай саяси қуғын-сүргін посткеңестік кеңістіктің барлық республикасын қамтыды.
Қазақстан жерінде, атап айтсақ, өзіміздің Жамбыл облысында қуғын-сүргінге ұшырағандар саны 5 мыңға жетіп, 1928 жылы 57 ірі байдың тәркіленгені жайлы мәліметтер бар.
«Асыра сілтеу болмасын, аша тұяқ қалмасын» деп ұрандаған кеңестік жүйе қолшоқпарлары тарапынан шектен тыс қатаңдық байқалды. Бай санатына жатпайтын, 500-ге жетер-жетпес ұсақ малы бар шаруаларды да ірі бай есебіне жатқызу орын алды. Орта шаруаның өзін бай санатына қосып, жер аударту фактілері көптеп кездесті. Мұның бәрі қазақ арасында жіктік бөлінуді тудыру үшін жасалып отырған еді.
«Конфискация басталар алдында байлар басқа да қулықтарды ойлап тапты» деген хабарламалар өрбіді. Саясаттың ұзын құрығына ілікпеу үшін халық арасында жан сақтаудың түрлі тәсілдері пайда бола бастады. Бірі бай саналмау үшін кәмелетке толмаған балаларын үйлендіріп, оларға малын бөліп берген. Ал көп жар сүйген байлар әйелдерімен ЗАГС арқылы ажырасып, малы мен мүлкін бөліп алып, аман қалған. Мысалы, Әулиеата ауданының тұрғыны, ұзақ жылдар болыс қызметін атқарған Дербіс Қалабаев, партия мүшелігіне кірген ұлдарына мал- мүлкін бөліп беріп, тәркілеуден құтқарған. Соның өзінде тәркілеушілер тарапынан малдың жұттан қырылғанына сенбей, түрлі себептер тауып, жала жапқан жағдайлар көптеп кездескен. Оған дәлел ретінде, Әулиеата өңіріндегі Байелі Бейсев атты шаруаның қорасынан көп мал таба алмай, «пара беріп, анықтаманы сатып алдың» деген айып таққанын айта аламыз. Әулиеата өңірінен тәркіленген ірі байлар қатарына: Тұрғынбек Зәуірбеков, Бошай Мойнақов, Бұралқы Сұлтанбеков, Шолпанқұл Мәдеров, Түсіпбек Ықыласов, Қарабай Тәжиев, Мешітбай Өмірбеков және т.б. жатады.
Қудаланғандар арасында атақты күйші Ықылас Дүкенұлының Шәкі деген тарақты қызынан туған тұңғышы Түсіпбек Ықыласов та бар. Түсіпбек Ықыласов – қобызы арқылы мал жиып, байыған кісі. Байларды тәркілеу кезеңінде Сарысу ауданынан айдалып кетіп, Орал түрмесінде көз жұмған екен.
Саяси қудаланғандардың бір тобы Тұрар Рысқұловтың есімімен байланысты. «Рысқұловтың құйыршығы» деген жаламен жазықсыз айыпталып, қуғынға ұшыраған Жақаш Мамыровты айтуға болады. Ол кісі революцияға дейін Меркіде «Қазақ жастары одағын» Тұрар Рысқұловпен бірге құрған екен. Жақаш Мамырұлына «Халық жауы» деген жала жабылып, 1938 жылы атылып кетеді.
Меркі өңірінен қудаланған Тұрар Рысқұловтың «демеушісі», жиырма бес жыл болыстық қызметте болған Бектен Медеров тәркіленуге ұшыраған. Бектен болыстың Сұлтанқұл, Шолпанқұл атты ұлдары да бай ретінде тәркіленген.
Архив құжатында байлар бастарын сауғалап, жан-жаққа қашып, көшкендігі де жазылған. Мәселен, бір ғана Меркі ауданының байлары Биғазы Қонысбаев, Сейітжаппар Ибрагимов, Қойбай Көкталов, Қарабай Әділбеков, Қадырбек Құсбеков, Әулиеата ауданынан Бұралқы Сұлтанбеков басқа жаққа қашуға мәжбүр болғандығы айтылады. Билік олардың отбасын қамақта ұстағаны жөнінде де деректер бар. Қашқындарды ұстап, жазаға тарту деректері де кездеседі. Жуалылықтар Ергөбек Жұмағұлов, Бердалы Тәжіұлы милицияның оғынан опат болғаны туралы ел аузында әңгіме қалған.
Қудаланғандар арасында қарапайым малшы, шаруалар да көптеп кездеседі. Мысалы, Сарысу ауданындағы «Қылша» шатқалында малшы болып жұмыс істеген ағайынды Әуесбеков Нарымбай мен Әуесбеков Қоңырбай мерзімді жылға сотталғандар қатарына кіреді. Бұдан халық арасында дәулетті болмаса да, «бай» деген айып тағылып, жазықсыздан-жазықсыз қудаланғандар да болғанын байқаймыз.
Бір сөзбен айтқанда, халық арасында байларға деген таптық көзқарастың болмауы байларды тәркілеу саясатын тудырды деп қорытынды жасауға болады. Дегенмен өкіметтің озбыр саясаты өз дегеніне жетті, елді жаппай ашаршылыққа ұшыратты. Ұлттық мұрамызды, санаға сіңген дәстүр-салтымызды, тілімізді, тарихымызды жоққа шығарғысы келді. Осы мақсатты орындау үшін өз халқын шын сүйіп, ғасырлар бойы қалыптасқан ұлттық құндылығымызды сақтауға тырысқан халық жанашырларын асқан қатыгездікпен, жала жабу арқылы қуғындауға ұшыратты. Бұл келтірілген мысалдар тек бізге белгілері ғана. Архив сөрелерінде шаң басып, әлі ақталмай жатқан қаншама боздақтар бар. Болашақта тарихымызды қайта қазбалап, саңлақтарымызды ақтап алу – біздің қасиетті борышымыз. Өлкемізде қудалауға ұшыраған, бар мақсаты өзінің туып-өскен жерін сақтап, ұлттық құндылығын жоғалтпау болған қарапайым халық өкілдері санамыздан өшпес.

Ғылыми жетекші: Ф.А.ҚОЗЫБАҚОВА, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ «Тарих» факультетінің «Қазақстан тарихы»
кафедрасының профессоры.
Назерке Жапбарсадық, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ «Филология» факультетінің I курс студенті

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.