Түрікменстан президенті Сердар Бердімұхамедов министрлер кабинетін отставкаға жіберу туралы жарлыққа қол қойды, деп жазды жексенбіде үкіметтің орыс тілді «Нейтральный Туркменистан» газеті, – деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Түрікменстанның жаңа басшысы сенбіде ұлықтау рәсімінен кейін және Құрмет қарауылының сарбаздары мен қарулы күштер бөлімшелері шеруін қабылдағаннан кейін үкімет отставкасы туралы жариялаған. Газет «Президент Сердар Бердімұхамедов парадты қабылдап, жоғары мемлекеттік лауазымдағы міндетін бастау үшін «Огузхан» сарайы кешеніне барды» деп жазады.
«Мемлекет басшысы Түрікменстан Конституциясына сәйкес ел үкіметі мүшелерінің толығымен отставкаға кетуі туралы қаулыға қол қойып, оларға министрлер кабинетінің жаңа құрамы құрылғанға дейін өз міндеттерін орындауды жалғастыруды тапсырды», – деп атап көрсетеді басылым.
Еске салайық, Түркіменстанда 12 наурызда кезектен тыс президент сайлауы өткен болатын. Түрікменстанның сайлау кодексінің 76-бабына сәйкес және Орталық сайлау комиссиясының 2022 жылғы 14 наурыздағы қаулысы негізінде 72,97 пайыз дауыс жинаған Түрікменстан министрлер кабинеті төрағасының орынбасары Сердар Гурбангулыевич Бердімұхамедов Түрікменстан президенті болып сайланды.