Қалалық қоғамдық-саяси газет

Тәрбиелі ұрпақ – болашақтың кепілі

0 1  778

Бүгінгі таңда қоғамның алдында тұрған басты міндеттердің бірі – балалар мен жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу, кәмелетке толмағандар арасындағы қылмыстың өсуіне жол бермеу. Бұл мәселе қазіргі таңда көкейкесті сұрақтардың біріне айналып отыр.

«Тәртіпсіз ел болмайды, тәртіпке бас иген құл болмайды» деп Бауыржан Момышұлы айтқандай, еңбек тәртібін сақтап, заңды құрметтесе, одан ешкім де ұтылмайды.
Қылмыстың алдын алудың бірден-бір жолы – оқушылардың мектептен тыс уақытта қосымша біліммен және үйірмемен қамтылуын дұрыс ұйымдастыру.
Жалпы құқық тәртібін бұзуға бейім балалар қайдан шығады? Жасыратыны жоқ, қоғамдық тәртіпті бұзған, қылмыс жасаған, сөйтіп ішкі істер бөлімдерінде есепте тұрған балалардың басым бөлігі жайсыз отбасылардан шығады. Ал енді бір тобы кейбір ата-аналардың бала тағдырына алаңдамауынан, оларды өз беттерінше қалдырып, мектептен тыс уақыттарында немен айналысып жүргендерін қадағаламауынан пайда болады.
Осыған байланысты жас ұрпаққа құқықтық тәрбие беру – жан-жақты тәрбиенің маңызды бір саласындағы жасөспірімдердің құқықтық тәрбиесі. Кәмелетке толмағандардың арасында құқық бұзушылықтың алдын алу және оны болдырмау мақсатында Талас ауданында жоспарланған іс-шаралар жүйелі жүзеге асырылуда. Жуырда ғана аудан прокуроры Жомарт Науатовтың ұйымдастыруымен, аудан әкімі Нұрбол Жүнісбековтің қатысуымен Талас ауданында құқық қорғау және жергілікті атқарушы органдарының мекемеаралық мәжілісі өткен болатын. Күн тәртібіндегі негізгі мәселенің бірі – балалар мен жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу, кәмелетке толмағандар арасындағы қылмыстың өсуіне жол бермеу.
Талас ауданының прокуроры мен әкімінің төрағалығымен өткен мекемеаралық жиында ағымдағы жылдың 9 айында қылмыстылық және дін саласындағы құқық бұзушылық профилактикасы бойынша қабылданып жатқан шаралар ортаға салынды.
Жиынның күн тәртібінде қоғамдық орында, отбасы-тұрмыстық салада және орын алған жол-көлік оқиғалары, сондай-ақ кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтардың профилактикасы бойынша уәкілетті органдармен қабылданып жатқан шаралар және алдағы уақыттағы міндеттер және жедел іс-шаралардың тиімділігі қаралды. Қылмыстың жалпы төмендеуі көрінісінде кейбір қылмыс санаттарының, яғни қоғамдық орында, оның ішінде бұзақылықтың, кәмелетке толмағандармен және олардың жыныстық тиіспеушілігіне қатысты жасалған қылмыстардың өсуіне аса назар аударылды.
Сонымен қатар қылмыс жасаған 18 бен 35 жас аралығындағы бірқатар жастардың жұмыссыздар қатарынан болуы алаңдатуда. Аталған мәселелі сұрақтар талқыланып, оның шешу жолдары айқындалып, жауапты уәкілетті органдар бағыттандырылды.
Басқосу барысында кәмелетке толмағандардың арасында құқық бұзушылықтың профилактикасы бойынша қосымша жоспар құрылып, барлық құқық қорғау және мемлекеттік органдарға құқық бұзушылықтардың алдын алу, қылмысқа және теріс діни ағымдарға қарсы күресте өзара іс-қимылды ұйымдастыру бағытында жұмысты жандандыру бойынша нақты тапсырмалар берілді.
Аталған бағытта қабылданған прокурорлық шаралармен 83 оқушы 3,1 млн теңгеге кепілдендірілген әлеуметтік көмекпен қамтамасыз етіліп, қауіпсіздікті сақтау үшін Қаратау қаласындағы орта мектептерде бейнебақылау жүйесі орнатылды.
Мүмкіндіктері шектеулі үйде оқытылатын 13 баланың құқықтары қорғалып, мемлекеттік бюджетке 904 494 теңге қайтарылды.
Кәмелетке толмағандардың жаз мезгіліндегі бос уақытын пайдалы өткізу үшін мекемеаралық жоспарға сәйкес бұқаралық мәдени іс-шаралар (турнир, фестиваль және т.б.) өткізіліп, әлеуметтік желілерде жарияланды.
Бұған қоса тұрақты түрде білім беру мекемелерінде мобильдік топ мүшелерімен уәкілетті органдардың мамандарын қатыстырып балалардың қауіпсіздігіне қатысты әртүрлі тақырыптарда дәрістер мен семинар-тренингтар өткізілуде.
Балалардың құқығын қорғау –бәрінен қымбат. Кәмелетке толмағандардың өмірі мен денсаулығының қауіпсіздігін қамтамасыз ету олардың құқығын қорғаумен тікелей байланысты.
Бұл бағытта аудан әкімінің тікелей тапсырмасымен білім бөлімі тарапынан жүйелі түрде жұмыстар атқарылып жатыр. Ақиқатында «Ел болам десең, бесігіңді түзе» деп дана халқымыз айтқандай, әрбір ата-ана өз баласының тәртібі мен тәрбиесіне аса мән беріп, бос уақытта немен айналысатынына қатаң бақылау жасаса, жасөспірімдер арасында құқық бұзушылық пен қылмыстың төмендеуіне көп септігін тигізер еді.

Дариха Үмбетиярова,
журналист

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.