Қалалық қоғамдық-саяси газет

Тұрғындардың тілегі мен ұсыныстары назардан тыс қалмайды

0 395
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасына сәйкес, қала әкімі Бақытжан Орынбеков №1 аумақтық округ тұрғындарымен кездесті.
Әуелі аумақтық округтің бас инспекторы Сағын Үсіпбеков атқарылған жұмыстарға кеңінен тоқталды.
– №1 аумақтық округіне «Астана» (12) ықшамауданы, «Төрткөл», «Дорожник» тұрғын алқаптары кіреді. Мұндағы халық саны 32 800 адамды құрайды. Өткен жылы округтегі Аппасова көшесін, Гипс көшесі 1-бұрылысының, Сүлейменов көшесі 3, 4-бұрылыстарының жолдарына орташа жөндеу жұмыстары жүргізілді. Бұдан өзге, тұрғын үй қорын қайта жаңғырту аясында 2 тұрғын үйге күрделі жөндеу жасалып, жергілікті бюджет есебінен 4 көшеде сыртқы жарықтандыру желілері тартылып, іске қосылды. Ал биыл Химик көшесіне түнгі жарық шамдары орнатылып, Рахимов көшесі, №47, Достоевский көшесі, №21 және Рысбек батыр көшесі, №6 үйлердің аулалары абаттандырылады. Сондай-ақ тұрғын үй қорын қайта жаңғырту аясында 2 тұрғын үйге күрделі жөндеу жұмысын жүргізу жоспарлануда, – деді Сағын Жанысбекұлы.
Бұдан кейін шаһар басшысы тұрғындар тілегіне құлақ түрді. Аталған округ тұрғындарын көптен бері толғандырып жүрген мәселенің бірі – Рысбек батыр көшесінде орналасқан №6А, Төле би даңғылы, №116 үйлердің шатырына күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу. Мәселені шешу үшін Рысбек батыр көшесі №6А мекен-жайдағы үйге жөндеу жұмыстарын жүргізу мақсатында бірнеше мәрте жиналыс өткізілген. Алайда тұрғындар жиналыстың барлығында жөндеу жұмыстарынан бас тартқан. Ал тұрғын үй коммуналдық шаруашылықты дамыту бағдарламасына сәйкес, тұрғындардың 3/2 келісімі болуы шарт. Аталған үйдегі меншік иелері басқару органын құруға және жөндеу жұмыстарын жүргізуге келісім бермеуіне байланысты жөндеу жұмысын жүргізуге мүмкіншілік жоқ. Төле би даңғылы, №116 тұрғын үй бойынша да дәл осындай жиын өтіп, түсініктеме берілген. Нәтижесінде көппәтерлі тұрғын үй кондоминиум нысаны ретінде Әділет басқармасында тіркелген. Кондоминиум мүшелерінің құқығы мен міндеті, сондай-ақ ортақ мүлікті күтіп ұстау мен басқару Қазақстан Республикасының «Тұрғын үй қатынастары туралы» Заңының нормаларымен реттеледі.
Тұрғындар «Төрткүл» тұрғын алқабына балалар ойын алаңшасын салып беруді де өтінді. Бұл жөнінде Бақытжан Әмірбекұлы: «Бірінші кезекте көппәтерлі тұрғын үйлердің аулаларын абаттандыру мәселесі қаралған. Жеке тұрғын үй алқаптарына бюджеттен қаржының бөлінуіне қарай, кезең-кезеңімен балалар ойын алаңшалары соғылатын болады. Аталған алқапқа балалар ойын алаңшасын соғу 2025 жылға жоспарға қойылған. Қаржы бөлінген жағдайда балалар ойын алаңшасы соғылатын болады», – деді.
Сонымен қатар округ тұрғындары Рысбек батыр көшесі мен Рахимов көшесінің қиылысына әлеуметтік дүкен салу, «Үміт» кафесінің маңындағы 2 аялдаманы жаңарту, «Қазақстан Тәуелсіздігіне 25 жыл» монументін күрделі жөндеуден өткізу, Крупская көшесіне түнгі жарықтандыру орнату және Ниетқалиев көшесімен Қ. Жалайыр көшесінің қиылысындағы су өткелдерін ауыстыру сынды өзекті мәселелерді алға тартты. Өз кезегінде қала әкімі көтерілген мәселелердің барлығы орынды екенін және олар жоспарға сай, кезең-кезеңімен жүзеге асырылатынын жеткізді.
Басқосу барысында қала әкімі Бақытжан Әмірбеков соңғы күндері қоғамда қызу талқыланған Асанәлі Әшімов орталығының құрылысына қатысты нақты жауап берді.
– Асанәлі Әшімовті жұртқа таныстырып жатудың өзі артық. Оның ұлт руханиятына сіңірген ұшан-теңіз еңбегін халық жақсы біледі. Осы тұста ерекше атап өтерлігі, бұл ешқандай да мәдениет сарайы емес. Мұнда театр, кино және сурет өнері бойынша жасөспірімдерге білім беріледі. Асанәлі Әшімовтің өзі бастаған қайраткерлер балаларға дәріс беріп, өнердің сан қырына баулиды. Мәдениет майталмандарымен кездесулер, шеберлік сыныптары да ұйымдастырылады. Демек, бұл орталық жамбылдық өрендердің арасынан Асанәлі Әшімовтің ізін жалғайтын қайраткерлердің түлеп шығуына септігін тигізеді. Осылайша, бұл сан өнердің басын бір арнаға тоғыстырған шаһардағы алғашқы орталық болмақ. Сондықтан бұл нысан Ы. Дүкенұлы атындағы қалалық мәдениет үйінің көшірмесі болып қалады деп алаңдауға еш негіз жоқ. Тағы бір ерекше атап өтерлігі, құрылыс қалалық мәдениет үйінің сол жағындағы бос жер учаскесіне салынады деп жоспарлануда. Ол бос жер учаскесінде ешқандай жасыл желек жоқ. Тек шағын ойын алаңшасы ғана бар. Ол алаңша балаларға ыңғайлы болу үшін саябақтың ішіне қарай көшіріледі. Тіпті орталық соғылатын жердегі қоршау да (тарихи саналғандықтан) бұзылмайды. Құрылыстың барлық талабы сақталынады.
Алдағы уақытта қалалық мәдениет үйінің маңындағы саябақ халық игілігі үшін жөндеуден өткізіледі. Қазіргі таңда орталықтың жобалық-сметалық құжаттары демеушілер есебінен әзірленуде.
Жалпы Тараз қаласының әкімдігі аталмыш білім беру орталығының құрылысына байланысты барлық ұсыныс-пікірді назарға алады, – деді Бақытжан Әмірбекұлы.
Жиыннан кейін шаһар басшысы тұрғындарды жеке сұрақтарымен қабылдады.
Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.