Қалалық қоғамдық-саяси газет

Тұрғындардың талап-тілектері ескерусіз қалмайды

0 183

Тараз қаласының әкімі Ержан Жылқыбаевтың халық алдындағы есепті кездесулері №7, 8, 9 және 10 аумақтық округтерінде жалғасып, шаһар басшысы бұқараның базынасына құлақ түрді. Сондай-ақ Ержан Жұматұлы жыл ішінде атқарылған жұмыстарды баян етіп, алда тұрған мақсатты міндеттерді де айқындады.

№7: Тұрғындар тал- дарақтарды көптеп егуді ұсынды

Қала әкімі ең әуелі №7 аумақтық округ тұрғындарының алдында есеп берді. Мұхтар Әуезов атындағы №33 орта мектептің мәжіліс залында өткен жиынға облыс әкімі Бердібек Сапарбаев қатысып, шаһар басшысымен бірге тұрғындардың өтініш-тілектеріне құлақ түрді.
– Былтыр осы уақытта 11 округте 89 мәселе көтеріліп, жоспарға енгізілген болатын. Пандемияға байланысты тұрғындармен жүзбе-жүз кездесу мүмкін болмады. Енді міне, тұрғындардың сауалын бетпе-бет тыңдап, көзбен көріп, сұрақтарына жауап беріп, әрбір түйткілдің оң шешімін табуға ықпал етуге зор мүмкіндік туып отыр. Былтыр әр округте көшпелі отырыстар өткізіліп, соның нәтижесінде 709 мәселе көтерілді. Өткен жылы осы округтің 40 нысанын аралап шыққанбыз. Жоспар құрып, «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында 39 миллион теңге бөлініп, округке қарасты біршама тұрғын үйлер жөнделді. Балалардың жас мөлшеріне қарай ойын және футбол алаңшалары орнатылды. Громов, Өзбек, Қашқари көшелері асфальтталып, орташа жөндеуден өтті. Және 19 көшені жарықтандыру жұмыстары қолға алынды. Алдағы уақытта үш кіші футбол алаңшалары салынады. Сонымен қатар екі жатақхана да жөндеуден өтеді. Бағаны тұрақтандыру мәселесі де алаңдатып отырғанын білеміз. Соған орай баға өсімі де жіті қадағалану үстінде, – деді қала басшысы есепті кездесуде.
Бұдан кейін тұрғындарға сөз беріліп, көпшілік көкейінде жүрген сауалдарын жолдады.
Мирзоян көшесінің тұрғыны О.Турабеков облыстық мұражай аумағына тал-дарақтар отырғызып, көгеріштендіруге ұсыныс айтса, Мухаббат Усманова Есей би көшесінің 2-бұрылысындағы арық жүйесін ретке келтіру керектігін тілге тиек етті.

Ал Римма Щегай Абай көшесі, №129 үйдің ауласына балалар ойын алаңын орнатып, сондай-ақ Абай көшесі, №127, 129 үйлердегі жалға берілетін пәтерлер бойынша тексеру жұмыстарын жүргізу керектігін және дүкен аумағындағы күл-қоқыс мәселесін ретке келтіруді сұрады.
Қала әкімі тұрғындардың өтініш-тілектері назарға алынып, кезең-кезеңімен шешілетінін жеткізді.

№8: Бұқара балаларға ойын алаңшасын сұрайды

Қала әкімі бұдан кейін Б.Момышұлы атындағы қазақ классикалық гимназиясында №8 аумақтық округ тұрғындары алдында есеп берді.
– Былтырғы жыл өңір экономикасы үшін табысқа толы болды. Мәселен, округке қарасты 24 көппәтерлі тұрғын үйге күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп, 5 аула алаңшасы абаттандырылды. Биыл бұлардың санын 13-ке жеткізу көзделуде. Сондай-ақ тағы 5 нысан абаттандырылып, жаңаша кейіпке енсе, «Мыңбұлақ» ықшамауданында 1 кіші футбол алаңшасы жөнделді. 2 кіші спорт алаңшасы мен 2 кәсіпкерлік нысаны пайдалануға берілді. Мұнда 52 адам тұрақты жұмыспен қамтылды. Осылайша халықты жұмыспен қамту мәселесі де біртіндеп шешіліп келеді. Шаһарды көгеріштендіру шаралары да қарқын алуда. Соның дәлелі – өткен жылы «Жеңіс» саябағына 40 дана туя, қарағай ағаштары отырғызылып, «Үшбұлақ» жағалауына 60 дана арша көшеттері егілді. Тағы бір айта кетерлігі, 11 қоқыс алаңшасы жөнделіп, мұндай алаңшаларға 96 жаңа контейнер қойылды. Білім ордаларының да жай-күйіне айрықша басымдық беріліп, №30 мектеп-гимназияға жаңа модификациялы химия кабинеті сатып алынды. Сонымен қоса кешкі мектептің сыртқы және ішкі жылу жүйесі мен №41 гимназияның су, кәріз жүйелері, сантехникасы жөндеуден өткізіліп, №6, 36, 42 бөбекжай-бақшаларының су жүйесі мен бастырмасы жөнделді. Бұдан бөлек, 2246 оқушыға көмек көрсетіліп, 2336 бала тегін ыстық тамақпен қамтамасыз етілді, – деді Ержан Жұматұлы.
Бұдан кейін тұрғындар өздерін толғандыр- ған сауалдарды жолдады. «Мыңбұлақ» ықшамауданы, №18 үйдің Ердос есімді тұрғыны «Диана» сауда орталығы маңындағы қоқыс жәшіктерін алып тастауды сұрады.
– Бұл жәшіктерге негізінен базар саудагерлері қоқыстарын тастайды. Оның ішінде тұрмыстық қалдықтардан бөлек, малдың жарамсыз еттері де жататынын жиі байқаймыз. Содан болар, қаңғыбас иттер де сол маңға үйір. Жаздыгүні әлгі қоқыстардан ауаға тараған жағымсыз иіс қолқаны қап- қанда тұншығып кете жаздаймыз. Қыста есік-терезе жабық тұрған соң онша сезілмейді. Алайда күн ысыған сәтте мұның зардабын әбден тартамыз. Базар басшыларына да бірнеше мәрте ескерткенімізбен, еш нәтиже болмай тұр. Сондықтан осы мәселені өзіңіз араласып шешіп берсеңіз дұрыс болар еді, – деді тұрғын.
Аталған ықшамауданның тағы бір тұрғыны Ирина Цойды балалар ойын алаңының жоқтығы мен №47 орта мектептің алдына жаяу жүргіншілер жолының орнатылмағаны алаңдатады екен.
– №3, 5 тұрғын үйлердің алдында осыдан біраз жыл бұрын ойын алаңшасының құрылысы басталған болатын. Алайда неге екені белгісіз, жұмыс аяқталмай, жарты жолда қалып қойды. Балаларымызды бір мезгіл ойнатайық десек, ешқандай мүмкіндік жоқ болып тұр. Содан соң №47 орта мектептің алдында жаяу жүргіншілер жолы ауадай қажет. Бұл жерде жеңіл көліктер көп жүретіндіктен, балаларымыз жазым болып кете ме деп қатты алаңдаймыз. Сізден осы мәселелерді қолға алуды сұранамын, – деді тұрғын.

№9: Жұрт жарықтан қиналуда

Шаһар басшысының есепті кездесуі апта басында №9 округ тұрғындарының алдында жалғасты. Қала әкімінің айтуынша, былтыр аталған округте ауыз толтырып айтарлықтай жұмыстар атқарылған. Атап айтсақ, 7 шақырым жол орташа жөндеуден, 3,2 шақырым су құбыры ағымдағы жөндеуден өткізілсе, 7 көшеге жарықтандыру жүргізілген. Сондай-ақ 12 көппәтерлі тұрғын үй жаңғыртылып, 6 нысан абаттандырылып, 3 мурал салынған. Әуежай мен Тәуке хан көшелеріне жаңа аялдамалар орнатылып, кіші футбол спорты алаңшасы жөнделген. Сонымен қатар 2 әлеу- меттік дүкен ашылып, 7 қоқыс алаңшасы жөндеуден өткізіліп, алаңшаларға 35 жаңа контейнер қойылған. Бұлардан бөлек, №3,16 мектептерге турникеттер орнатылып, №3,28 білім ордаларына модификациялы кабинеттер сатып алынған. Тағы бір қоса кетерлігі, №16 оқу ордасының қасбетіне ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізіліп, №43 орта мектептің қоршауы мен №17 бөбекжай-бақшаның ойын алаңшасы жөнделген. 1808 оқушыға көмек көрсетіліп, 1970 баланың тегін ыстық тамақпен қамтылғаны тағы бар. Биылға қойылған жоспар да жүйелі, меже жоғары екен. Мәселен, 2022 жылы 2 көше бұрылысына орташа жөндеу жұмыстары жасалып, 21 көше бұрылысына сыртқы жарықтандыру жүйесі орнатылмақ. 7 аула алаңы абаттандырылып, 3 кіші футбол алаңшасы салынады.
Есепті жиында аталған аумақтық округ тұрғындарының да айтарлары аз болған жоқ. Мәселен, «Алатау» ықшамауданы, №32 үйдің тұрғыны Гүлнар Еркешова арықтардағы тазалық пен жарықтандыру жүйесіне шағымданды.
– Үйіміздің дәл жанында шағын арық бар. Қашан көрсеңіз де іші күл-қоқысқа толып жатады. Кейде өзіміз жиналып тазартып қоямыз. Маңайында балалар ойнап жүреді. Бала болған соң арыққа түсетіндері де бар. Ертең солардың бірі күл-қоқыстан қауіпті індетті жұқтырып алмасына кім кепіл? Одан соң осыдан 1 жылдай бұрын көшемізге жарық орнатылған болатын. Қараңғылықтан құтылатын болдық деп бәріміз ерекше қуанғанбыз. Алайда қуанышымыз көпке ұзамай, 6 айға жетер-жетпес уақытта әлгі жарығымыз сөніп қалды. Содан бері қара түнектің құшағына қайта оралдық. Оны жөндеп беруге ниет танытқан бірде-бір жауапты адам жоқ. Тағы бір айтайын дегенім, былтыр әлдебір мердігерлер тұрғын үйімізді жаңғырту жұмыстарын бастаған болатын. Бірақ белгісіз себептермен бұл жұмыс аяқсыз қалды. Осылайша үйіміз жартылай жаңғыртылмаған күйі тұр, – деп жанайқайын жеткізді тұрғын.
Ал Ақбота Бөгенбаева болса, Қойбақов көшесіне асфальт төсеп, жарық орнатуды өтінді. Зейнеткер Мырзахан Әшірбаев «Жібек жолы» базарының жай-күйі туралы сөз қозғады.
– Сауда орнына бара қалсаңыз, жайлаған бейберекетсіздіктен аяқ алып жүру мүмкін емес. Тазалық деген атымен жоқ. Ішінде орналасқан кейбір дүңгіршіктер адам шошыр- лық күйде. Сондықтан осы базарға толықтай жаңғырту жұмыстары жасалса нұр үстіне нұр болар еді, – дейді тұрғын.
Бұқараның базынасына ден қойған шаһар басшысы көтерілген мәселелердің кезең-кезеңімен шешілетінін баса айтып, жауапты мамандарға тиісті тапсырмалар жүктеді.

№10: Шалғайқарасулықтарды қандай мәселе алаңдатады?

Ержан Жылқыбаевтың №10 аумақтық округ тұрғындарымен кездесуі №18 орта мектепте өтті. Қала басшысы тұрғындар алдында өткен жылды қорытындылап, алда тұрған жоспарлы жұмыстармен бөлісті. Халық тарапынан жыл бойы түскен арыз-шағымдар бойынша шешілген мәселелерді де атап өтті.
– Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, енді әкімдер жылына екі рет емес, бірнеше рет халықпен кездесіп, есеп бермек. Бұл біздің жыл басындағы кездесуіміз болса, әлі талай мәселелерді бірге шешеміз. Жалпы шешімін тапқан мәселелер аз емес. Мысалы, өткен жылы округ бойынша 89 өтініш түскен, оның 13-і ірі қаражатты қажет ететін мәселе. Ал қалғаны рет-ретімен шешімін таппақ. Шалғай Қарасу аумағында емхана салып беруді сұраған халықтың сұранысы қарас- тырылуда. Сондай-ақ аймақтағы 28 нысанды аралап, жұмысымен та- ныстық. Алдағы уақытта 15 үйді күрделі жөндеуден өткізу және 4 көше мен 2 скверді жаңғырту жоспарда. Сонымен қатар балаларға арналған ойын алаңшасы да салынады, – деді шаһар басшысы.
Жалпы №10 округте 70 мыңнан астам тұрғын тұрады екен. Есепті жиында тұрғындар тарапынан көтерілген мәселелердің дені электр жүйесі, су құбырлары және жол мәселелері болды. Жиында сөз алған округ тұрғыны Қарақат Омаралиева бірнеше тұрғынның өтінішін ортаға салды.
– Сіздің есебіңізде «За линиейдегі» бірқатар көшелер айтылды да, «Шалғай Қарасу» алқабының бірде-бір көшесі айтылмады. Міне, осымен бірнеше жыл қатарынан біз жарықтың тапшылығынан зардап шегіп келеміз. Тұрғындарға «Жаңа жылда жарық беріледі, 50 миллиондай ақша бөлінді» деп әкімдіктен жиналыс жасаған бір азамат уәде беріп кеткен. Бүгінде әкімдіктің есігін қағып қаншама рет бардық, ол шенеунік бізбен кездесуге де шықпады. Жарық әлі жоқ. Екі күннің бірінде электр жарығынсыз отырамыз. Балалар тас қараңғы, жолы жоқ, жарығы жоқ жолмен №26 мектепке қатынайды. Сондай-ақ әр тұрғын 500 мың теңгеден шығарып көгілдір отынды тарттырдық. Ауыз су мәселесі де әлі шешімін таппады. Су жүргізілмей, жол салынбайтынын білеміз. Бірақ уәде етілген шағал да төселмеді. Көктем-күз айларында далада аяқ алып жүру мүмкін емес. Қоғамдық көлік мәселесі де тұрғындардың шамына тиіп болды. «Айтқанның аузы жаман, жылағанның көзі жаман» деуші еді. Бірақ мәселені айтпасақ, сіздерге қайдан жетсін? – деді «Шалғай Қарасу» алқабының тұрғыны Қарақат Омаралиева.
Жиында бұл мәселелерді Мейрамгүл Төленбаева да көтерді. «Біз жақпен жүретін №34,55 маршруттар қалаға жетеміз дегенше 1-1,5 сағат уақыт жоғалтамыз. Емханаға жету үшін бір ұйықтап тұрамыз. Ал ауырып, сырқаттанып отырған баламен барсаң, қоғамдық көлік әрқашан лық толы, орын жоқ. Біздерге арнайы автобус бөлулеріңізді сұранамын», – деді тұрғын. Ал №10 округтің Ардагерлер кеңесінің төрағасы Асан Үсенбаев шаһар басшысының жұмысына қанағаттанарлық деген баға беріп, бірқатар өтініш-тілегін ортаға салды.
– Біздер жоқты айта беріп үйренгенбіз. Жақсылықты да айтуымыз керек. Қалада атқарылып жатқан жұмыс- тар жүйелі. Халық игілігіне беріліп жатқан нысандар мен скверлер, саябақтар көздің жауын алады. Мен бұл округте тұрып жатқаныма 55 жыл болды. Біздер аймаққа жасалып жатқан жағымды жаңалықтардың куәсі болып отырмыз. Неше жылдан бері асфальт көрмеген, жарықтандырылмаған көшелер заман талабына сай жарқырап тұр. Балалар ойын алаңшалары да салынып жатыр. Менің айтайын деген мәселем, қалада 400 мыңнан астам тұрғын болса, соның 70 мыңға жуығы осы №10 округте тұрады. Асқар Мырзахметовтің кезінде округті екіге бөлу туралы ұсыныс көтерілген еді. Осыны қайта қолға алсаңыздар. Сосын бізге мәдениет үйі мен жабық спорт алаңшасы керек. Себебі балаларды қалаға тасудан шаршадық, – деді Асан Үсенбаев.
Ал Дамира есімді тұрғын жаңадан ашылған үлкен көпірдің үстінен келесі көшеге өту мүмкін еместігін айтып, жаяу жүргіншілерге арналған бағдаршам қойып беруді сұрады. Сондай-ақ тұрғын №55 автобус қатынайтын аумақта аялдамалардың жоқтығын алға тартты.
Осылайша 11 округте өткен есепті кездесуде тұрғындар тарапынан сан сауалдар қойылып, қала әкімі тұшымды жауап берді. Енді 17 наурыз күні шаһар басшысы Ержан Жылқыбаевтың халық алдындағы қорытынды есебі Ы.Дүкенұлы атындағы қалалық мәдениет үйінде өтеді. Сол басқосуда Ержан Жұматұлы кездесулердің қорытындысын шығарып, алда тұрған мақсатты міндеттерді тағы бір айқындайды.

«JT» тілшілер қосыны

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.