Қалалық қоғамдық-саяси газет

Тұрғындарды не толғандырады?

0 352

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Жолдауында «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын ұсынған болатын. «Билік пен қоғам арасында тұрақты диалог орнату арқылы ғана қазіргі геосаяси ахуалға бейімделген үйлесімді мемлекет қалыптастыруға болады. Сондықтан азаматтық қоғамға қолдау көрсетіп, оның әлеуетін нығайта түсу керек. Сондай-ақ аса маңызды жалпы мемлекеттік міндеттерді шешу үшін талқылау жұмыстарына азаматтық қоғамның мүмкіндіктерін кеңінен қолдану қажет», – деген Президент осы бағыттағы жұмыстарды үздіксіз жалғастыруды тапсырды. Соның нәтижесінде бұқараның базынасы билікке тікелей жетуде.
Президент ұсынған тұжырымдама облысымызда да өз жемісін беріп келеді. Мәселен, жуырда Тараз қаласы әкімінің міндетін атқарушы Қайрат Исмаилдың №4 аумақтық округтің тұрғындарымен кездесуі – соның дәлелі.
Әуелі аталған аумақтық округтің бас инспекторы Қанатбек Нұрланов округте атқарылған жұмыстар жөнінде кеңінен баяндады. Бұдан кейін тұрғындардың талап-тілегі тыңдалды. Айталық, «Барысхан» алқабының тұрғыны Сейілхан Әмзеев ауыз су құбырларының сапасыз жүргізілгеніне шағымданды.
– Осыдан біраз уақыт бұрын ауыз су құбырлары тартылып, инфрақұрылымның игілігін көргенбіз. Алайда сол қуанышымыз ұзаққа созылмай отыр. Себебі құбырлар жиі жарылып, тесіледі. Соның салдарынан тұрғындардың сусыз қалатын кезі аз емес. Тағы бір мәселе, алқапта асфальт жолдың жоқтығынан көлік қатынасы қиындап тұр. Тіпті жедел жәрдем көліктерінің де жүруіне кедергі болуда. Осы екі мәселені шешіп беруіңізді сұраймын, – деді Сейілхан Шәріпұлы.
Ал «Кірпіш зауыты» алқабында тұратын Жанар Мырзабекованы көшелерді жарықтандыру мәселесі алаңдатады екен.

– Алқаптағы бірнеше көшеде әлі күнге жарық жоқ. Әсіресе қыстыгүні балалардың мектептен үйге қайтуы мұңға айналды. Олар үйге жеткенше алаңдап отырамыз. Олар тұрмақ, өзіміз де қараңғы түскенде далаға шығуға үрейленеміз, – деді тұрғын.
Өзге де тұрғындар көкейдегі сауалдарын жолдап, тұшымды жауаптар алды. Жиынды қорытындылаған Қайрат Әбілханұлы мұндай кездесулер алдағы уақытта да жалғасын табатынын және көтерілген мәселелер хаттамаға енгізіліп, зерделенетінін жеткізді.
Сондай-ақ күні кеше Қайрат Әбілханұлы №7 аумақтық округін аралап, тұрғындардың мәселелеріне құлақ түрді. Жүздесу барысында тұрғындар тарапынан Адамбаев, Қылышбай ақын, Ақмола, А.Павлов, Артем көшелерінің жолын жөндеу, темір бетонды бағаналар орнату және көше жарығын жүргізу сынды мәселелер көтерілді. Сондай-ақ «Көне Тараз» тарихи-мәдени кешенінің қоршауы арқылы шығатын қақпаны ашу, Ақмола көшесіндегі №21 «А» мекенжайына қарама-қарсы бетке қоқыс алаңшасын орнату мәселелері де назардан тыс қалмады. Бұдан бөлек, тұрғындар аталған көшелерде орналасқан бұзылған үйлер мен қараусыз қалған кәсіпкерлік нысандарының адам өміріне қауіп төндіріп тұрғанын айтып, оларды қоршап беруін сұрады.
Барлығын мұқият тыңдаған Қайрат Әбілханұлы жауапты мамандарға бірқатар тапсырмалар жүктеді.

Құрбанәлі Шахабай 

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.