Қалалық қоғамдық-саяси газет

Тұрғындар жайы – партия назарында

0 226

«Nur Otan» партиясының хатшысы Арман Қырықбаев Жамбыл облысына іссапармен келді. Бұқарамен кездесіп, пікірлесуді, бірқатар түйткілді мәселені талқылауды көздеген Арман Оразбайұлы қоғамдық қабылдау бөлмесінде тұрғындардың өтініш-тілегін тыңдап, мәселелерін шешуге жәрдемдесті.

Арайлы ЖАҚСЫЛЫҚ

Қабылдауға жазылғандардың ішінен ең алдымен Тараз қаласы «Қаратау» ықшам ауданының тұрғыны Қалдыкүл Досжанова кондоминиум мәселесін көтерді.
– Мен «Қаратау» ықшам ауданындағы №32 үй тұрғындарының өтінішін арқалап келіп отырмын. Аталған үй Кеңес үкіметі кезінен бері жөндеу көрмеген. Осы үйді күрделі жөндеуден өткізуге қол ұшын берсеңіздер, – деп тұрғын өтінішімен қайырылды.
Аталған мәселеге қатысты Арман Оразбайұлы тиісті сала маманынан жауап алды. Өз кезегінде Тараз қаласы әкімінің орынбасары Кенжебек Олжабай 1970 жылы тұрғызылған 80 пәтерлі 5 қабатты үй «Өңірлерді дамыту – 2020» бағдарламасы аясында биыл жөндеуден өткізілетінін айтты. Аталған құрылыстың сметалық құны шығарылып, жауапты мердігер де белгіленіп қойған. Мұндай ақжолтай хабарға толықтай қанағаттанған қала тұрғыны қуанышын жасыра алмай, халықтың мұңын мұңдап жүрген «Nur Otan» партиясына алғысын білдірді.
Келесі кезекте Тараз қаласы, Тілеміс ақын көшесінің тұрғыны Жұлдыз Төлебекова Қазақ ауылынан №14 орта мектепке балаларды таситын қоғамдық көлік мәселесін шешіп беруді сұрады. Мәселенің түйіні сол жерде тарқатылып, биылғы бюджетке 3 автобусқа өтінім берілгені және мамыр айынан бастап №14 мектепке қатынап оқитын 234 оқушының мәселесі шешілетіні айтылды.
Ал Тараз қаласы, Заводская көшесінің тұрғыны Перизат Кәрімбаева Заводская көшесінің екінші бұрылысын жарықтандыру мәселесін көтерді. Бұл сауалға жауапты сала мамандары тұшымды жауап беріп, аталған көше бұрылысы жыл соңына дейін жарықтандырылатынына уәде етті. Осылайша, партия хатшысы Арман Қырықбаев тұрғындардың тілегіне құлақ түріп, берілген жауаптарға жұрт қанағаттанып қайтты.
Мұнан соң Арман Оразбайұлы «Тараз-Арена» спорт кешенінде өңірдің белсенді жастарымен кездесті. Басқосуға мемлекет мақтаныштары Зульфия Габидуллина, Бейбіт Ыстыбаев және Ақжүрек Таңатаров қатысып, партияластарымен ой бөлісті. Ашық форматта өткен жиында ең алдымен Арман Оразбайұлы партияның қоғам өмірінде алар орны мен алда тұрған мақсатты міндеттер жайлы сөз қозғады.
– Бұрындары түрлі деңгейдегі мәслихат сайлауына әр партияның атынан азаматтар өз-өзін ұсына берген болса, биыл бәсеке партиялар арасында жүреді. Партияда праймериз деген ұғым бар. Яғни ендігәрі ағайындық, рушылдыққа жол берілмей, әрбір азамат бір партияның атынан сайлауға түсіп, өз-өзін сынап көруге мүмкіндігі бар. Ол үшін біз ең алдымен партияішілік іріктеу жүргізудеміз. Былтыр мұндай пилоттық жоба Жуалы ауданында жүзеге асты. Нәтижесі жаман емес. Партиялық тізімге еніп, депутаттық сайлауға түсуге ниеттілердің санын көріп қуанып қалдық, – деді Арман Қырықбаев.
Тағы бір жаңашылдық – бұған дейін партия тек бір бағытты бағдарлама аясында жұмыстарын жүзеге асырса, биыл партияның түрлі салаға бағытталған 216 жобасы әзірленіп отыр.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.