Қалалық қоғамдық-саяси газет

Тұрғындар тілегі орындалды

Таразда 23 жаңа автобус пайдалануға берілді

0 261

Кез келген өңір үшін қоғамдық көліктердің қызметі жіті назарда. Бұл – тұрғындарға қолайлы орта қалыптастырудың да бірден-бір жолы. Сондықтан олардың жеткілікті болуы аса маңызды.

Тараз қаласында да бүгінде автобус тапшылығы туындап отырғаны жасырын емес. Нақтырақ айтсақ, шаһарға 200 автобусқа қажеттілік бар. Осыған орай жолаушылар көлігі тасымалын жандандыру, жетілдіру және де тұрғындарды жолаушы көлігімен толық қамтамасыз ету мақсатында 2023-2025 жылдарға арналған іс-шаралар жоспары әзірленген болатын. Соған сәйкес жыл сайын қалаға 70 жаңа автобус жеткізу жоспарлануда. Сондай-ақ қала әкімдігі тарапынан тасы-малдаушы мекемелерге арнайы субсидия да беріліп, барлық жағдай жасалып отыр. Осындай ілкімді істердің арқасында оң нәтижелерге қол жеткізіліп, қоғамдық көліктердің тапшылығы азаюда.
Соның жарқын мысалы – кеше «№1 Тараз автобус паркі» ЖШС 20 бірлік «Zhong Tong» маркалы автобустарды шаһарға жеткізді. Ұзындығы 8,5 метр болатын қоғамдық көліктердің кемінде 55 адамды тасымалдауға мүмкіндігі бар, Бұл қоғамдық көліктер №11, 46, 28, 55 маршрут бағыттарында қызмет көрсетеді. Сонымен қатар «ӘулиеатаТрансПасс» ЖШС тарапынан алынған 3 бірлік үлкен сыйымдылықты «Zhong Tong» маркалы автобустар №19 бағытқа қосымша қызмет көрсетіп, жүру жиілігі 14 минуттан 10 минутқа қысқармақ. Қалаға әкелінген жаңа автобустардың біреуінің құны 38 миллион теңгені құрап отыр.

Автобустарды пайдалануға беру рәсіміне облыс әкімі Нұржан Нұржігітов пен шаһар басшысы Бақытжан Орынбеков қатысты.
– Тұрғындар тарапынан автобустардың тапшылығы мәселесі жиі көтерілуде. Әсіресе №15 «Ұлы дала» ықшамауданы мен қала маңындағы алқаптарда қоғамдық көліктердің жетіспеушілігі өзекті болып отыр. Бүгінде аталған мәселені субсидия арқылы шешу қолға алынуда. Ол үшін бюджеттен 2 миллиард 200 мың теңге көлемінде қаржы қаралды. Біз жыл сайын 70-100 жаңа автобус алуымыз қажет. Алдағы үш жылда қоғамдық көліктер паркін жаңалап, жаңа бағыттармен шалғай тұрғын алқаптарды қамтуға тиіспіз. Қоғамдық көліктер үшін жанар-жағармай бағасын тұрақтандыру бойынша да жұмыстар атқарылуда, – деген аймақ басшысы бұл бағыттағы ілкімді істер алдағы уақытта да жалғасын табатынын жеткізді.
Жалпы автопарктердегі жылжымалы құрамдарды жаңарту жұмыстары бойынша 2019 жылдан бастап жалпы 154 бірлік автобус жеткізілген. Сондай-ақ 2022 жылдың мамыр айында «ӘулиеатаТрансПасс» ЖШС үлкен сыйымдылықты «ZHONG TONG» маркалы 20 бірлік автобус сатып алды. Олар №19, №30 автобус бағыттарындағы ескірген автобустарды алмастырған болатын. Ал 2022 жылдың 12 тамыз күні «Smart City Servise» ЖШС арқылы («City Bus») 10 бірлік отандық «Golden Dragon» маркалы автобустар алып келіп, №9 маршрут бағытында қызмет көрсетуде. Сонымен қатар «ТаразТрансМоторс» ЖШС 7 бірлік ПАЗ маркалы автобустарды қараша айында сатып алып келіп, №27 бағытта қызмет көрсетуде.
Жоғарыда аталған жоспарға сәйкес, 3 жыл көлемінде 120 аялдама орнату, аялдамаларға 90 бірлік жарық диодты цифрлық таблолар орнату, кемінде 200 бірлік автобус сатып алу, жаңа 15 жолаушылар бағыттарын ашу, күнделікті қызмет көрсететін автобустар санын 460-қа дейін арттыру көзделуде. Осы мақсатта «СапарТранс-2012» ЖШС тарапынан кемінде 10 бірлік «Yutong» маркалы автобустарды қыркүйек айында жеткізу қолға алынса, «ӘулиеатаТрансПасс» ЖШС тарапынан жыл аяғына дейін қосымша 25 бірлік автобус жеткізу жоспарда. Бұған қоса «City Bus» ЖШС-мен 60 бірлік автобус жеткізуге қатысты меморандум жасалған. Аталған автобустар жаңадан ашылатын бағыттарға қызмет көрсетпек.
Тағы бір айта кетерлігі, жолаушы бағытта-рын ашу мақсатында 9 бағыт бойынша 31 нау-рызда «Әулиеата» газетінің №23 шығарылымына конкурс жарияланды. Қазіргі уақытта «Саяхат-99» ЖШС тарапынан №20, «ТаразТрансМоторс» ЖШС тарапынан №56 бағытқа қызмет көрсету үшін өтінім келіп түсті. Бұдан бөлек, жоспарды іске асыру аясында ағымдағы жылы 21 аялдама орнату жұмыстарына бюджет есебінен 55,9 миллион теңге қаржы қаралып, мердігерді анықтау үшін мемлекеттік сатып алу конкурсы жарияланды. Сонымен қатар 9 бірлік жарық диодты таблоларды орнату жұмыстарына бюджет есебінен 17,0 миллион теңге қаржы бөлініп, жеңімпаз мердігер «Орталық диспетчерлік қызмет» ЖШС тарапынан монтаждау жұмыстары басталған.
Сондай-ақ осы күні «Жасыл Ел-Тараз» ЖШС-не жаңа техникалардың кілті табысталды. «Жасыл Ел-Тараз» мекемесі – тәжірибесі мол кәсіпорын ретінде қаланы абаттандыру, көгалдандыру және санитарлық тазалау жұмыстарын жүйелі түрде жүзеге асырып келе жатқан 100 пайыз мемлекеттік үлесі бар серіктестік.
Бүгінде серіктестік тарапынан қаладағы тұрмыстық қатты қалдықтарды шығару, саябақтар мен скверлерді, гүл бақтарын, жаяу жүргінші жолдарын күтіп ұстау, қыс мезгілінде қардан тазалау, мұз қатпау үшін жолдарға құм, тұз себу және тал егу жұмыстары атқарылуда.
Аталған жұмыстарды үздіксіз, уақытылы әрі сапалы орындау мақсатында Тараз қаласының әкімдігі тарапынан «Заңды тұлғалардың жарғылық капиталын қалыптастыру немесе ұлғайту» бюджеттік бағдарламасы шеңберінде, сомасы 470 132,0 мың теңге болатын, 7 бірлік арнайы техникалар сатып алынды. Атап айтсақ, олар: қалалық жолдарды күтіп ұстау және жүк тасымалдау үшін жыл бойы пайдалануға арналған 5 бірлік аралас жол машинасы, 1 бірлік қалдықтарды механикаландырылған тиеуге арналған бүйірлік тиегіші бар қоқыс тасушы машина және «КАМАЗ-65115» шассиіндегі кран-манипулятор.
Аймақ басшысы серіктестікке тағы да жаңа техникалар алу бойынша жұмыстар жүргізілетінін атап өтіп, алайда мекеме тарапынан қаладағы тазалық жұмыстары барынша сапалы орындалу керектігін баса айтты.
Қазіргі таңда аталған мекемеде техника жеткілікті. Айталық, осындағы 107 бірлік техниканың 9-ы күрделі жөндеуді қажет етсе, 21-і тозығы жеткендіктен жарамсыз күйде. Қалған 77 бірлік техникамен тиісті жұмыстар жүргізілуде.

Құрбанәлі Шахабай

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.