Қалалық қоғамдық-саяси газет

Тұрғындар көтерген мәселе назардан тыс қалмайды

0 304

Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбеков №6 аумақтық округтің тұрғындарымен кездесті. Әуелі қала әкімінің бас инспекторы Қуан Байжұмаев атқарылған жұмыстарға кеңінен тоқталды.

– Өткен жылы округте тындырылған ілкімді істер жетерлік. Айталық, Репин көшесі бұрылыстарымен, Сауқымбек, Қ.Тұрысов көшелеріне, Трудовой көшесінің 4-бұрылысы, Қолбасшы Қойгелді көшесінің бұрылыстары, Глинка, А.Сәрсенбаев, Сеченов көшелері және Д.Қонаев көшесінің 1-бұрылысына, Желтоқсан көшесіне жаяу жүргіншілер жолымен қоса орташа жөндеу жұмыстары жүргізілді. Сонымен қатар Төле би мен Жамбыл даңғылына оңға бұрылатын жолақ салынды.
Бұдан бөлек, республикалық бюджет есебінен Е.Ниетқалиев көшесіндегі №14 көппәтерлі тұрғын үй қайта жаңғыртудан өтті. Қазыбек би көшесі, №115, Е.Ниетқалиев көшесі, №12, Д.Қонаев көшесі, №6 үйлердің аулаларын абаттандыру жұмыстары жүргізілді. Ал биыл Желтоқсан, Ә.Әйтиев, Дулати көшелерінде ағымды жөндеу жұмыстары жүргізілді. Сондай-ақ Ы.Сүлейменов-Абай көшелерінің қиылысында асфальт жабындысы ауыстырылды. Қазіргі таңда Попов көшесіне орташа жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін конкурс өткізілуде, – деген Қуан Орманбекұлы алдағы уақытта орындалатын межелі міндеттерді де тілге тиек етті.
Айталық, Тараз қаласындағы ғимараттарға бірыңғай сәулеттік келбет беру мақсатында Төле би даңғылындағы 11 көппәтерлі тұрғын үйдің қасбеттері мен шатырларын күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар жалпы аулаларды абаттандыру жұмыстарының биылғы жоспарына сәйкес, Д.Қонаев көшесі, №16, Қазыбек би көшесі, №142 және Төле би даңғылындағы «Атшабар» тұрғын кешенінің аулаларында абаттандыру жұмыстары жүргізіледі.
Келесі кезекте тұрғындар көкейдегі сауалдарын жолдады. Мұндағы жұртшылықты жолдарды жөндеу, қоқыстарды тазалау, қаңғыбас иттерді аулау сынды өзекті мәселелер толғандырады.
Барлық сауалды мұқият тыңдаған шаһар басшысы әрбір мәселе назардан тыс қалмайтынын баса айтты.
Басқосудан кейін қала әкімі тұрғындарды жеке сұрақтарымен қабылдады.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.