Ағымдағы жылдың 16 сәуірі күні Төле би даңғылы №4 көпқабатты тұрғын үйден өрт шығып, шатыры толықтай жанып кеткен болатын. Тілсіз жаудың кесірінен бесінші қабаттағы 28 пәтердің иелері зардап шекті.
Кеше қала әкімі Бақытжан Орынбеков өрттен зардап шеккен тұрғындармен кездесіп, қалпына келтіру жұмыстарын көзбен көрді.
– «Апат айтып келмейді» дейді халқымыз. Расында, мұндай төтенше жағдайдың орын алуы сіздерге оңай тимегенін түсінемін. Қала әкімдігі тарапынан барлық көмек көрсетіледі. Қалпына келтіру жұмыстарының басталғаны осы сөзімді айғақтай түседі. Көктем мезгілінде жауын-шашынның көп болуы ықтимал. Сондықтан ең әуелі үйді шатырын жабуды қолға алып жатырмыз. Содан кейін ішкі әрлеу жұмыстары жүргізіледі. Бірнеше күннен бері 5-қабаттың тұрғындары жарықсыз отыр. Бұған қатысты жауапты мамандармен кеңесіп, тиісті шешім қабылдаймыз. Бұл орайда тұрғындардың да қауіпсіздігін ескеруіміз қажет. Мұндағы әрбір тұрғынның мәселесі назардан тыс қалмайды. Тілсіз жаудың зардабын жойып, тұрғын үйді қалпына келтіру жұмыстарының барысы тікелей менің бақылауымда болады, – деген шаһар басшысы пәтерлерді аралап, тұрғындармен тілдесті. Сондай-ақ Бақытжан Әмірбекұлы құрылыс жұмыстарын белгіленген мерзімде аяқтауды жауаптыларға тапсырды.
Қызыл жалын кесірінен жарамсыз болып қалған тұрғын үй шатырының жалпы ауданы 800 шаршы метрді құрайды. Қалпына келтіру жұмыстарын «Интерстрой Азия» ЖШС жүргізуде. Қазіргі таңда үйдің айналасы мен төбесі күл-қоқыстан толықтай тазартылып, тиісті жұмыстардың 20 пайыздан астамы аяқталған. Ал қалпына келтіру жұмыстары толығымен 15-20 күнде тәмамдалады деп жоспарлануда.
Сонымен қатар осы күні демеушілер тарапынан зардап шеккен тұрғындарға азық-түлік себеттері таратылды.
Құрбанәлі Шахабай