Қалалық қоғамдық-саяси газет

Тұрғын үй кезегін тексерудің тың тәсілі

0 340

«Үйі жоқтың күйі жоқ» дейді дана қазақ. Бүгінде баспаналы болғысы келіп, табанынан таусылып жүрген адам қаншама. Бірі мемлекеттік бағдарламалармен банктерді жағалап жүрсе, енді екіншісі үй кезегіне тұрып, Үкіметке үміт артып отыр. Осы орайда көп азаматтар кезектің санын білмей, түрлі мекемелердің табалдырығын тоздырып, әкімдіктің есігін қағып жатады. Алайда енді кезегіңіз қанша адамға жылжығанын үйден шықпай-ақ көре алатын мүмкіндік туды.

Ағымдағы жылдың қаңтар айынан бастап zhilfondtaraz.kz веб-сайты және «Zhilfond Taraz» мобильдік қосымшасының демо-нұсқасы іске қосылып, тұрғын үй саласы бойынша толық ақпараттарды онлайн түрде алуға қол жетті. Қосымшаның ішінде тұрғын үй алу кезек тізімі және бас тарту негіздері, мемлекеттік бағдарламалар, жаңалықтар мен онлайн хабарландырулар қарас- тырылған. Қосымшаны «GooglePlay» бағдарламасы арқылы тегін жүктеп алуға болады. Алдағы уақытта IOS операциялық жүйесіне арналған жаңа версиясы шығады деп күтіліп отыр. Сондықтан қосымшаны қазір жетілдіру жұмыстары жүргізілуде.
Иә, сөз жоқ, бұл – жанға жылу беретін жаңалық. Цифрландыру игілігі деген – осы. Жалпы облыс орталығында бүгінде бұқараны баспанамен қамту бағытында аз жұмыстар жасалып жатқан жоқ. Мәселен, тұрғын үй-коммуналдық дамудың 2020-2025 жылдарға арналған «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы аясында Ы.Сүлейменов көшесінің соңындағы 362 гектар жерде шамамен 8500 отбасына арналған 190 көпқабатты үйді құрайтын №15 ықшамаудан бой көтеруде. Бүгінде алқаптың байланыс, кәріз, су және газ құбырлары желілерінің құрылыстары аяқталып, электрмен қамту, ішкікварталдық көлік жолының және жылу желілерінің құрылысы іске асырылуда.
– 2020 жылғы 17 тамыздан бастап Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі «Нұрлы жер» бағдарламасының жаңа бағыты «Шаңырақ» (5-10-20) пилоттық жобасын іске қосты. Бағдарламаға 1986 жылдан 2022 жылға дейінгі аралықта жергілікті атқарушы органдарда баспанаға мұқтаж адам ретінде үй кезегінде тұрған азаматтар өтініш бере алады. Бүгінгі күнге «Шаңырақ» бағдарламасы аясында – 645 отбасы, «Бақытты отбасы» бағдарламасы арқылы 97 отбасы баспаналы болып отыр. Қазіргі таңда алқапта 64 тұрғын үйден 4450 пәтер халық игілігіне берілуде. Оның ішінде 51 ипотекалық тұрғын үй және 13 коммуналдық арендалық үй. Мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғын үйге немесе жеке тұрғын үй қорынан жергілікті атқарушы орган жалдаған тұрғын үйге мұқтаж Тараз қаласының азаматтары бойынша 2020 жылы – 2868, ал 2021 жылы 4281 азамат кезекке тіркелді. Бүгінгі күнге 13 арендалық үй мемлекеттік қордан тұрғын үй алу кезек тізімінде тіркелген азаматтарға берілді. Сондай-ақ 2021 жылы 562 пәтер кезекте тұрған мұқтаж азаматтарға берілді, – дейді қала әкімдігі тұрғын үй қатынастары бөлімінің басшысы Ғазиз Ералиев.
Міне, осылайша үй кезегіне тұрған тұрғындар кезең-кезеңімен баспанаға қол жеткізуде. Алайда қолына дипломын кеше ғана алған, негізгі табыс көзі жоқ жастардың баспаналы болуы мұңға айналып отыр. Сондықтан облыс әкімдігінің жастар саясаты мәселелері басқармасы арнайы бағдарлама жасап, жастарды тұрғын үймен қамтудың тың тәсілін табуға тырысуда. Басқарма өткен жылдың соңында «Әулиеата жастары» атты жеңілдікпен несие беруге арналған бағдарламаның жоспарын бекіткен еді.
– Облыс әкімінің тапсырмасымен әзірленген мемлекеттік жастар саясатын дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған «Әулиеата жастары» бағдарламасының аясында өңір жастарына жеңілдікпен несие беруге арналған «Әулиеата жастары» бағдарламасының жобасы әзірленді. Жоба өңір жастарын қолжетімді тұрғын үймен қамтамасыз ету және жас отбасыларды қолдау мақсатында дайындалды. Бүгінде облыс әкімдігі мен «Отбасы» банкінің арасындағы меморандумға қол қоюды күтіп отыр. Осы жылы беріледі. Жергілікті бюджет есебінен 500 миллион теңге қаражат бөлінді. Орта есеппен 50 адам үйлі болады деп жоспарлануда. 10-13 миллион теңгеден адам басына есептеп отырмыз. Сонымен қатар меморандумға қол қойылғаннан кейін пәтер беруге өтініштер қабылданып, үстіміздегі жылдың екінші жартыжылдығында жастар қоныс тойын тойлайды деп күтілуде. Одан бөлек, «Отбасы» банкі өз тарапынан 500 миллион теңге бөлуді қарастырып жатыр. Алдағы уақытта бұл сомалар нақтыланады, – дейді басқарма басшысы Серікбол Берікқожа.
Бағдарламаға 18-35 жас аралығындағы жастар қамтылады. Оның ішінде отбасылы немесе бойдақ болу маңызды емес, дәрігерлер мен ЖОО мен орта арнаулы оқу орындарының мұғалімдері, журналистер мен шығармашылық топ өкілдері, азаматтық және жеке секторда жұмыс істейтіндер жатады. Тек аталмыш бағдарламаға қатысу үшін 6 мен 12 ай аралығында төлем қабілеттілігін растай алу керек. Яғни тұрақты жұмыс орны болу керек. Сондай-ақ бағдарламаның ерекшелігі – сіз қай жерде (аудан, қала) жергілікті тіркеуде тұрсыз, сол аймақтан ғана үй ала аласыз. Мысалы, Байзақ ауданында тіркелген болсаңыз, Сарыкемерден үй қарастыра аласыз. Ерлі-зайыптыларға қойылатын талапқа келер болсақ, ер немесе әйел жұмыс істеп, айлық жалақысы үй алуға жетсе, бағдарламаға өтініш тастаса болады.
– Қазір құжаттарды қабылдау бойынша механизмі әлі дайын- далып жатыр. Шамамен ол электронды болады деп ойлап отырмыз. Құжат жинап, өтініш қалдыруға 1 айдай уақыт беріледі. Құжат жинап, тапсырғандар өзара баллдық шкала арқылы есептелініп, кім жоғары балл жинайды, сол жасқа жолдама беріледі. Одан ары «Отбасы» банкі арқылы жұмыс жүргізіледі. Алғашқы жарна 8 жылға 5 пайызбен, қалған 11 жылға 3,7 пайызбен беріледі. Жалпы 19 жылға, – дейді С.Берікқожа.
Иә, жалпы шарттары көңілге қонымды болғанымен, оның іске асуын жоба басталғанда көре жатармыз. Жастар жалпы облыс халқының 22,4 пайызын құрайды. Оның ішінде экономикалық белсенді жастар саны – 167,0 мың адам. Жастардың 95 115-і қалада, 160 125-і ауылдық елді мекенде тұрады. Тұрғын үй алуға кезекте тұрған жастар саны – 4407, ал жер телімін алуға кезекте тұрғандары – 6592 адам. Міне, осы жастарға zhilfondtaraz.kz веб-сайты мен «Zhilfond Taraz» мобильдік қосымшасының көмегі көп тигелі тұр. Ең бастысы, өңір тұрғындары баспаналы болып, әрбір жанұяда қоныс тойы тойлансын деп тілейміз.

Арайлым Шабденова

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.