Қалалық қоғамдық-саяси газет

Түлектер ұядан ұшқан күн

0 203

Жамбыл облысының әкімі Нұржан Нұржігітов пен шаһар басшысы Бақытжан Орынбеков М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің үздік түлектеріне диплом тапсыруға арналған салтанатты кешке қатысты.

Аталған оқу ордасының түлектері, ұстаздар мен ата-аналар қатысқан шарада сөз алған аймақ басшысы көпшілікті осынау мерейлі күнмен құттықтап, түлектерге сәттілік тіледі.
– Дана халқымызда «Білекті бірді жығар, білімді мыңды жығар» деген тағылымды сөз бар. Білім мен тәрбиені, соған сай еңбексүйгіш қасиетті бойына сіңірген адам бәсекеге қабілетті маман атанып, ел дамуына зор үлесін қосатыны анық. Осы орайда ертеңгі ел тұтқасы, жарқын болашағы ретінде жастарға үлкен үміт, зор сенім артылады. Сол сенімді ақтау – сіздердің мерейлі міндеттеріңіз! Бүгінгі таңда мемлекетімізде білім аламын деген жастар үшін мол мүмкіндіктер бар.
Өңірдегі жоғары оқу орындарының ішінде М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің алар орны ерекше. Алпыс жылдан аса тарихы бар оқу ордасының өткені мен бүгіні қаншалықты маңызды болса, келешегі де біздер үшін соншалықты мәнге ие, – деді Нұржан Молдиярұлы.
Айта кетейік, бүгінгі таңда университет қабырғасында он бес мыңнан астам жас білім алуда. Биыл 3 800-ден аса түлек университетті тәмамдаса, соңғы бес жылда оқу ордасы қабырғасында 25 000 астам маман даярланған.
Айрықша атап өтерлігі, М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университеті мен Д.И.Менделеев атындағы Ресей химия-технологиялық университеті және еліміздегі химия өнеркәсібінің негізгі жұмыс берушісі «Қазфосфат» ЖШС арасында «Қос диплом» бағдарламасын іске асыру бойынша ынтымақтастық туралы үшжақты келісім жасалды. Бұл – Дулати университеті, «Қазфосфат» ЖШС және Д.И.Менделеев атындағы Ресей химия-технологиялық университетінің бірлескен жобасы. Сондай-ақ «Ташкент ирригация инженерлері және ауыл шаруашылығын механизациялау институты» Ұлттық зерттеу университеті арасында да қос дипломдық білім беру бағдарламасын жүзеге асыру бойынша меморандумға қол қойылды.
М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің басқарма төрағасы-ректор Мұхтар Байжұманов та өз ізгі тілегін білдіріп, оқу орнының жетістіктеріне тоқталды.
Сондай-ақ Жамбыл облыстық мәс-лихатының төрағасы Абдалы Нұралиев, облыс прокуроры Нұрғалым Әбдіров, ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Жамбыл облысы бойынша департаментінің басшысы Лесбек Ілебаев, Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбеков, Ұлттық ғылым академиясының академигі, техника ғылымдарының докторы, профессор Жүсіпбек Сүлейменов, Тараз қаласының Құрметті азаматы Батырбек Құлекеев, Тараз қалалық мәслихатының төрағасы Кенжебек Олжабай да университеттің белсенді әрі үздік бітірушілеріне жылы лебіздерін жолдап, дипломдарын табыстады.
Салтанатты шара түлектердің университет гимнін әуелете шырқауымен түйінделіп, отшашуға ұласты.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.