Қалалық қоғамдық-саяси газет

Төл өнерді төрге оздырды ақындар

0 251

Өткен жылы облыс әкімдігіне Асқар Мырзахметов басшылыққа келгелі аймақта бірқатар оңды істер орын алғаны белгілі. Соның бірі – ХХ ғасыр Гомері атанған Жамбыл Жабаев атындағы дәстүрлі айтыстың араға 5 жыл салып жыр сүйер қауыммен қайта қауышуы. Басшы бұйрығымен жаңа қалыпқа енген айтыс өткен аптада К.Әзірбаев атындағы «Баласағұн» мәдениет сарайында жалғасын тауып, облыстық іріктеу сайысына 32 ақын қатысып, өрелі сөзбен өрнек салды.

Толғанай АТАБАЙ

Суреттерді түсірген А.Рысмахан

Жыр додасында облыс әкімінің бірінші орынбасары Бекболат Орынбеков айтыскер ақындарға сәттілік тіледі.
– Облысымыздың ақынның атымен аталуының өзінің өнегелі тарихы бар. Өлкеміздің Жамбыл атында болғаны үлкен мәртебе, зор жауапкершілік. Биыл екінші мәрте өткізілгелі отырған республикалық жыр додасы дәстүрлі аламан айтысқа ұласты. Күллі Алаш халқы назарын тіккен бұл айтыстың сапалы, елге берер үлгісі мол, тағылымды болуы үшін көп жұмыстар атқарылуда. Дала мәдениетінің жиынтығы болған айтыс бүгінгі даму биігіне көтеріліп, ғаламат құбылысқа айналды. Қоғамымыздағы өзекті мәселелердің кезең-кезеңімен шешімін табуында айтыс ақындарының қосқан үлесі ерекше, – дейді Бекболат Серікбекұлы.


Рухани кеште қазылар алқасын облыс әкімі баспасөз қызметінің жетекшісі Біржан Сартбек басқарса, құрамында ақын Шырын Мамасерікова, Жамбыл атындағы «Руханият» орталығының меңгерушісі Ахметжан Өзбеков, айтыскер ақын Ербол Қамбатыров, талай талантты айтыскер жастың талабын ұштаған Айтмұхамбет Исақов болды. Сондай-ақ, айтысқа тәуелсіз сарапшы ретінде филология ғылымдарының кандидаты Сейсекүл Исматова мен облыстық «Арай» жастар газетінің бас редакторы Дәулет Төленді таңдалыпты.


Негізгі бөлімнен соң сахнаға айтыскерлердің алғашқы жұбы болып байзақтық Алтынкүл Қасымбекова мен сарысулық Талғат Құсайынов көтерілді. «Әу» дегеннен залдан қошемет тапқан қос ақын арасындағы айтыс әзілмен өріліп, тіпті көрермендер жүзіне күлкі үйірді. Күлкі жайын тегін айтып отырғанымыз жоқ. Сарысулық сері поэтикалық сарын мен сахна мәдениетін сәл ысырып, «күлдіремін» деп, қарсыласына жөнсіз сөз сілтеп, бүлдірді. Диалог басында Алтынкүл ақынды әдемі аққуға теңеп, мұнысын орта тұсында қалжыңға балаған Сарысудың үкілі үміті «Алтынкүл, мені тыңда назарыңды» деген тіркестерінің салдарынан тағы ақсаң басып қалды.


Ал талай жыр додасында шұрайлы тіркес, әдемі ұйқаспен қара домбырасын сарнатқан Алтынкүл Қасымбекқызының тәжірибелі айтыскер екені мәлім. Қарсыласын «Алатаудан құлаған көшкініне» теңеген байзақтық ақын салмақты сөзімен, парасатты ойымен қоғамдағы әлеуметтік ахуалдарды да түйреп, Жамбыл шәкірті Кененнің «Ой, Жайлауына» салып, жұртшылыққа баба жасын тіледі.
Жеребе бойынша екінші болып байзақтық Ернұр Бейсенов пен меркілік Мұқағали Балтабай сөз сайыстырды. Қос жас ақынның бұл сахнадағы алғашқы қадамы емес. Екі айтыскер ақын да бұрынғыға қарағанда тәжірибе жинақтап, толысқан. Мәселен, Ернұрдың: «Жамбылдың кім екені белгілі ғой, Мұқағали келген соң іріктеуге» деген өлең жолдарынан тапқырлықтың табы сезілді. Сондай-ақ, немересіне бесік жыры мен әлдиін арнамаған және ана тілін ұмыт қылып, орысшаға ой бұрғандардан қорқамын дейтін Бауыржан батырдың қанатты сөзін еске алып: «Біз қазақ бұдан қалай қорықпаймыз, Қазақтың хас батыры қорыққанда» деп, қағытпа қалжыңды да орынды қолдана отырды. Өз кезегінде Мұқағали да әдемі шумақтарымен қарсылық көрсетіп, жауабын жүйелеп, ойын салмақтап жеткізе білді. Екі жас ақынның айтысы орташа деңгейде өрбіді. Әлі де жас ақындар үшін айтыстың техникасын меңгеретін тұстары баршылық.


Бұдан соң облыстық «Aq jol» газетінің тілшісі, Талас ауданының намысын қорғаған Есет Досалы мен жуалылық Дидар Апбасов ұстаз бен шәкірт арасындағы сыйластықты сақтап, өз деңгейлерінде айтысты. Аға мен інінің киелі сахнадағы сөз сайысында қағытпа қалжың да айтылды. Әсіресе, «Жастар жылы, Жастар жылы дей бергенше, Жастарды да қолдайтын кез келді ғой» деген жас ақын Дидардың тапқырлығы көрермендерді сүйсінтті.


Бұл айтыс бұрынғыдан өзгерек болғанын айта кеткен жөн. Себебі, құландық Асхат Қылышбек пен қордайлық Таалайбек Бұғыбаев арасындағы сөз сайысы көрерменнің көңілінен шықты. Нағыз қазақ пен қырғыз айтысының үлгісі. Әрине, қазақтың төл өнері қанына сіңген Асхаттың бұл айтыстағы басымдығы байқалып-ақ тұр. Қазаққа күйеубала болған қырғыздық ақын ұлттық аспабы қомузымен шығып, қазақ тілінде айтысқаны көңілге қуаныш ұялатты. Иә, айыр қалпақты ақынның өлеңінен буын-бунақ, ұйқас атаулы қалыс қалып жатты. Осы тұста Асхаттың «Ұйқас жақтан жездеке, болмай кетті бір хабар» деуі де тапқырлықтың бір көрінісі емес пе?! Қайын іні мен жездесінің арасындағы айтыстың жарасымды үлгісі деген баға да берілді. Ал қарсыласының осал тұсын дәл таба білген Асхат астарлы әзілмен оны біраз терлетіп:
«Ал енді атамыз бар, анамыз бар,
Ар ма екен жеңгеміз бен ағамыз бар.
Көп созбай бірден іске кірісейін,
Мені сәлем берді деп санаңыздар.
Облыстық айтыстан шаршасаңдар,
Халықаралық айтысты қараңыздар.
Қанына тартатұғын қазақпыз ғой,
Мұндайда қозар ұлттық санамыз бар.
Жер қылып қырғыз жеңіп кетпеуі үшін,
Маған табыс тілеуге жараңыздар.
Қалғанын қатырамын бұл жездемнің,
Қалпағын қайыратын шамамыз бар» – көрермен қошеметіне бөленді.
Сонымен қатар, жиналған жұртшылық қызыға тамашалаған айтыстардың бірі жамбылдық Нұрлыбек Құрманов пен байзақтық Дархан Әбдіманап арасында өрбіді. Республикалық сөз додаларында талай рет жүлдегерлердің қатарын толықтыра білген екі жас ақын әзілге құрылған шымыр шумақтарымен жұртты күлкіге қарық қылды. Бір-бірінің сырына қанық екі ақынның әзілдесіп қана қоймай, тақырыпты ашуға күш салғаны, Нұрлыбектің өңірде атқарылып жатқан игі істерді өлең тілінде өрнектеуі көрермен тарапынан лайықты бағаланды.


Жыр додасы тартымды да тартысты өтті. Жүйріктен жүйрік озар жыр бәйгесінің қорытындылау кезеңінде облыс әкімі баспасөз қызметінің жетекшісі, қазылар құрамының төрағасы Біржан Сартбек сахнаға шығып, бұл айтыстың облыс әкімінің қолдауымен аудандық іріктеу кезеңінен басталғанын, жалпы облыстық айтыстың жолдамасына 100-ге жуық үміткердің таласқанын тілге тиек етіп, өз деңгейінде өнер көрсеткен айтыскерлерге ризашылығын жеткізді.
«Жамбыл – менің жай атым, халық – менің шын атым» деп аталған баба рухына арналған облыстық іріктеу сайысында бас жүлде жуалылық Қанат Мырзаханға бұйырды. Ал Байзақ ауданының жас таланты Дархан Әбдіманап бірінші орынға лайық деп танылса, екі мәрте сахнаға шығып қарсыластарының мысын басқан Тұрар Рысқұлов ауданының үміткері Асхат Қылышбек екінші және Жамбыл ауданының тумасы Нұрлыбек Құрманов үшінші орынға ие болды.


Ал сүбелі сөзі мен орамды ойын ортаға салған Есет Досалы, Шапағат Әбдір, Медеу Мырзатай, Ербол Елшат, байзақтық Алтынкүл Қасымбековаларға Алғыс хаттар тапсырылды. Аламан айтыс соңында облыс әкімдігі мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Дүйсенәлі Бықыбаев сөз алып, жүлдегерлер мен ынталандыру сыйлығына ие болған ақындар 28 ақпан күні өтетін республикалық айтысқа жолдама алғандығын жариялады.
Жалпы тіл, жер, саясат секілді қоғамдағы күрмеулі мәселелерді арқау еткен айтыс жоғары деңгейде өтті.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.