Қалалық қоғамдық-саяси газет

Тәкаппарлық Тәңірден алыстатады

0 96

«Дүниеде алты бірдей асыл қасиет бар. Ал егер солардың бәрі адам бойынан табылса тіптен жақсы. Әділдік – жақсы қасиет, бірақ ол басшылардың бойында болса тіптен жақсы. Жомарттық – жақсы қасиет, бірақ ол байлардың бойында болса тіптен жақсы. Тақуалық – жақсы қасиет, бірақ ол ғалымдардын бойында болса тіптен жақсы. Сабырлық – жақсы қасиет, бірақ ол кедейлердің бойында болса тіптен жақсы. Тәубешілік – жақсы қасиет, бірақ ол жастардың бойынан табылса тіптен жақсы. Ұяттылық – жақсы қасиет, бірақ ол әйелдердің бойынан табылса тіптен жақсы». (Хазірет Әлі (р.а) жеткізген, Әлі әл-Муттақи, Кәнзул-Уммаль, 15-1349, 1353, 16-175. Мүнәуи, Файзуль-Қадир, 4-378. Суюти, Жәмиғу-сағир, 8292-хадис).

Бұл хадистерде адам бойындағы асыл қасиеттер тілге тиек етілген. Расында, осы қасиеттер күллі адамзат баласынан табылып жатса, күнә атаулыдан пәк болар ма едік?! Алайда мұның барлығы жалынды жастан да, ақыл сұрар ақсақалдан да табылмай тұр. «Көп айтса көнді, жұрт айтса болдыға» салып, өзіндік пікірі жоқ қаншама пенде шырмалып, белгілі бір шеңберден шыға алмай жүр. Тіпті Алланың бар екенін мойындаса да, соған мойынсұнғысы келмейтін, Тәңіріне тәубе еткендерді «арабқұл» деп айыптайтындарды да көз көріп, құлақ естуде. Алайда олардың ешқандай арабтың немесе басқаның емес, тек Алланың ғана құлдары екенін естен шығармағанымыз жөн. Жаратушы Иеміз сүйікті пайғамбарымыз Мұхаммедтің (с.а.у.) Араб елінен шыққанын қалады. Сондықтан оған шәк келтірудің өзі қорқынышты. Әрине, көш жүре түзеледі. Сол үшін асыл дініміз туралы бөгде пікір танытып, білместікпен ой білдіргендерге Алланың рахымы жауып, тәубеге келсе екен деп тілеймін. «Тәубе» сөзінің тілдік мағынасы «қайту оралу» деген ұғымды білдіреді. Ал діндегі мағынасы күнәлі істерге ұрынып, тура жолдан тайып, Алладан алыстаған пендесінің Раббысына қайта оралуы, жүрегіне дақ түсіп жан дүниесіндегі күнәні жуып-шаюын меңзейді. Құран Кәрімде тәубеге келудің, тәубешіл жандардың артықшылығын баяндайтын көптеген аяттар бар. «Шүбәсіз, Алла тәубешіл жандарды және тазаланушыларды жақсы көреді» (Бақара сүресі, 222-аят) деген аят – соның айғағы. Сондай-ақ пайғамбарымыз Мұхаммед (с.а.у.) бір хадисінде: «Құлы тәубеге келгендегі Алла Тағаланың қуанышы қайсыбіреуінің шөлдалада жоғалтып алған түйесін ойламаған жерден кездестірген сәттен әлдеқайда артық», – деп пендесі тәубеге келгенде қалай қуанатын жеткізген. Тағы бір хадисінде: «Пенде қанша күнәға батса да, шыбын жаны алқымына келіп тірелмейінше Алланың мейіріміне үміт артып, шын ниетімен тәубе еткен жағдайда тәубесі қабыл болатындығын шегелеп айтқан. Иә, мұның бәрі адам баласы үшін маңызды баға жетпес мүмкіндік екендігін білдіреді. Алла Елшісі: «Барлық адам күнә, қателік жасайды. Ал қателік жасап, күнәға ұрынғандардың жақсылары – уақыт создармай тәубе еткендері», – деген екен. Осы бір хадистерге сүйеніп айтсақ, алды-артын аңдамай сөйлейтін жастардың шалыс басып, артық қыламын деп тыртық қылып алатыны, күнәға бату ықтималдылығы анағұрлым жоғары. Сондықтан жүрекке келген арамза ойлардан арылып, жақсылыққа жетелейтін Алланы тану жолына қамшының сабындай қысқа ғана ғұмырын арнаса, абзал әрі қайырлы іс болмақ. Осы жолда аянбай ізденіп, қызмет етсе, рухани жан-дүниесі ұдайы тірі болып қала бермек. Ал істеген ісі Аллаға ұнамсыз әрі ол үшін қынжылмайтын бейқам болса, онда пенденің тәні тірі болғанымен, рухын тірі деуге келмейді. «Фурқан» сүресінің 70-ші аятында: «Кімде-кім аһ ұрып, тәубеге келсе әрі иман келтіріп, игі істер істесе жөні бөлек. Алла ондай жандардың жамандықтарын жақсылыққа айналдырады. Алла өте кешірімді, ерекше мейірімді», – дейді. Бұл аяттың мән-мағынасына үңілетін болсақ, күнә жасағаннан кейін дереу тәубеге келіп, Хақ Тағалаға сәжде еткен жөн екенін, сонда тіпті істеген ұнамсыз әрекеттері сауапқа айналатыны баяндалып тұр. Осы орайда, хазірет Омар халифаның кезінде болған мына бір оқиғаны айтып өтсек, артық болмас. Бір күні хазірет Омар Медина көшелерінің бірінде келе жатып, шарап құйылған құмыраны қойнына тыққан бір жас жігтті кезіктіреді. Әлгі жігіттен: «Қойныңдағы не?», – деп сұрайды. Қапелінде хазірет Омармен жолығам деп ойламаған жігіт қатты қысылғаннан: «Уа, Жаратушы Аллам, күнәмді жасыра гөр, енді шарап ішпеймін», – деп ішінен тәубе етіп жалбарынады. Ақыры тілге келіп: «Уа, мүміндердің әміршісі, қойнымдағы сірке суы», – деп айтқанын өзі де аңдамай қалады. Хазірет Омар оған: «Қане, көрсетші», – дегенде, құмыраның ішіндегі шарап емес, шынымен сірке суы болып шығады. Расымен, мейірімі шексіз Алла құлы шын ниетімен тәубе еткені үшін құмырадағы шарапты сірке суы еткендей. Қателесуші пенделерді істеген күнәсін мойындап, тәубе етсе, күнәларын құлшылыққа айналдырары сөзсіз.

Асыл дініміз білім мен ғылымға әдеп пен мәдениетке, хикмет пен даналыққа тұнып тұр. Ал осы даналыққа шақыру үшін де даналық керек. Бұл жайында Құран Кәрімде Алла Тағала былай дейді: «Адамдарды Раббыңның жолына даналықпен көркем үгіт арқылы шақыр. Әрі олармен көркем түрде пікір таластыр. Күдіксіз Раббың жолынан адасқандар мен тура жол тапқандарды жақсы біледі», – «Нахл» сүресі, 125-аятта осылай делінген. Дегенмен жұмыр басты пенделерде даналық, шынайы білім бәрінде бірдей кездесе бермейді. Алла Тағала «Бақара» сүресінің 269-ы аятында былай дейді: «Алла даналықты қалағанына береді. Ал даналық кімге берілсе, оған көптеген игілік берілген болады. Мұны ақыл иелері ғана түсіне алады», – дейді. «Алланың өзі де рас, сөзі де рас» деп Абай атамыз айтты емес пе? Ендеше, біз қалайша Алланың сөзіне шүбә, күмән келтірмекпіз? Иә, қазіргі таңда адамдар арасында «Бізді жаратушы Алла болса, Оны кім жаратты?» деген қате сауал қойылып жатады. Аллаһ Тағаланың сипаттары тек жалғыз Құдайға тән. Оның сипаттары мәңгі, олардың басы да, соңы да жоқ және олар жаратылыс емес. Аллаһ Тағаланың сипаттары өзгермейді, ешкімге және еш нәрсеге тәуелді емес, оларға ұқсас нәрсе жоқ және тек Бір Хақ Тағалаға тән. Әрбір мұсылман Аллаһ Тағаланың сипаттарын біліп, мән-мағынасын түсінуі керек. Өйткені оларды жоққа шығарған адам кәпір болады. Ақиқатты мойындамау – тәкаппарлықтың белгісі. Пайғамбарымыздан бізден жеткен хадистерде тәкаппарлық тозаққа апарар амалдардан екені айтылып, «Кімде-кімнің жүрегінде тозаңдай өркөкіректік болса, ол кісі жұмаққа кірмейді», – делінген. Сонда бір кісі: «Әркім өзінің киімі мен аяқ киімінің әдемі болып жүргенін қалайды, сонда ол да тәкаппарлыққа жата ма?», – деген сауал қояды. Сонда пайғамбарымыз Мұхаммед (с.а.у.): «Алла Тағала көркем, көркемдікті жақсы көреді. Тәкаппарлық – ақиқатты мойындамау әрі өзге адамдарды менсінбеу», – деп жауап қайырады. Басқа бір хадисте: «Ысырапқа және паңданып, тәкаппарлануға жол берместен ішіп-жеңдер, киініңдер әрі садақа беріңдер!», – делінген. Әрине, садақа – ең әуелі адамды Аллаға жақындататын, оның Аллаға деген сенімінің, шүкіршілігінің шынайылығын дәлелдейтін іс. Барша мұсылман қауымы садақаны – табысыңды берекелендірудің, сауапқа кенелудің, басқаға көмектесе отырып, өзіңе де жақсылық жасаудың жолы деп білген. Садақа адамның жанын тазартады, жүрегін жұмсартады, қиямет күні Алланың ашуынан құтқарады. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын!) өзінің өсиетінде: «Жасырын берілген садақа Алланың ашуынан сақтайды, қияметте көлеңке болады», – деген екен. Яғни бұл дүниедегі барлық амалдарың үшін есеп-қисап жүргізіліп, жауап алар сәт келгенде, садақа берген адам өзінің сол садақасының саясында тұрады екен. Пайғамбарымыздың айтуынша, Алланы ұлықтап, мадақ ету де – садақа. Жақсылыққа шақырып, жамандықтан тыю да – садақа. Көшеде кетіп бара жатқанда, бір жаман іс, ұятсыз әрекетке куә болсаңыз, оны дереу телефонға түсіріп алып, «Ютубқа» жүктеуге асықпай, керісінше, сол кемшілікті жұртқа жария етпей жөндеуге тырыссаңыз, ол да садақа. Ғалымның садақасы – білім беру, ақсақалдың садақасы – дұрыс жөн сілтеп айтқан ақылы. Туысқандық байланыстарды үзбеуге тырысу да садақа. Мешітке қарай асыққан әр қадамыңыз – садақа. Адамгершілік атаулының бәрі – садақа.

Қазіргі уақытта, жоғарыда айтып өткендей, діни мәселелерді тереңінен ұғынбай, дінге жеңіл көзқарас қалыптастырған азаматтар арамызда жоқ емес. Ол әуелі діни сауатсыздықтан бастау алады. Дін мәселелерін терең түсініп, зерттейтін болсақ, жалпы адамзат баласына бұйырылған басты міндеттердің бірі – бойымыздағы адамдық сипаттарын жоғалтпау. Себебі әрбір азаматтың бойындағы адамгершілік, туралық, шыншылдық, көркем мінезділік қасиеттері арқылы үлгілі қоғам қалыптасады. Дін амалдарын толық орындап, алайда аталған сипаттар бойында табылмайтын азаматтардың Ислам дінін толық түсінетініне үлкен күмән бар. Сондықтан Алла Тағала Құран Кәрімде адам баласы Жаратушының алдында – өзінің адамгершілігімен, қайырымдылығымен, адалдығымен және әділеттігімен ардақты екенін айтқан. Имани құндылықтар – әр адамды бауырым деп сүюге баулитын асыл арқау, ел мен жерді ынтымаққа шақыратын ізгі қасиеттер. Ибн Омар (р.а.) жеткізген хадисте: «Алла Елшісі (с.а.с.): «Мұсылман – мұсылманның бауыры. Нағыз мұсылман бауырына озбырлық жасамайды, оны сатпайды. Кімде-кім мұсылман бауырының қажетіне жараса, Алла Тағала да оның қажетін өтейді. Кімде-кім мұсылман бауырының қайғы-мұңын сейілтсе, Алла Тағала оны қиямет-қайымның бір қайғысынан құтқарады. Сондай-ақ, кімде-кім мұсылманның айыбын жасырса, Алла Тағала да қиямет күні оның айыбын жасырады», – деп айтты», – делінген. Ислам құндылықтарының негізі ұлттың ғасырлар бойы қалыптасқан руханиятымен, дін қағидаларымен үндесіп жатыр. Дін  дегеніміз тек сенім жүйесі емес, ол – өмір сүру мәнері, қарым-қатынас әдебі, моральдық нормалар жиынтығы, жақсы мен жаманды, адал мен арамды ажыратушы рухани қағидалар жүйесі. Сондықтан дін мәселесі – руханият мәселесі. Қазіргі уақытта дінге тек қағидалар, қатаң талаптар жүйесі деп қана қарайтын түсінік қалыптасты. Бұл дұрыс емес. Дінді руханият негізі ретінде қарап, оның жасампаз құндылықтарын, рухани әлеуетін басты назарға алғанымыз жөн. Ұлтымыздың ұлы тұлғалары исламның осындай асыл  құндылықтарынан нәр алып, әлемдік өркениетке өлшеусіз үлес қосқан болатын. Әсіресе соңғы жүзжылдықтар қазақ ғылымы мен мәдениетін қарыштап дамытты. Ал тәуелсіздіктен кейінгі кезең  өркениетті дамуға даңғыл жол ашты. Бұл жетістіктер ұлт дүниетанымында орныққан рухани құндылықтар кешенімен сабақтасып, бүгінгі біздің дәстүрлі руханиятымызды қалыптастырды. Адам құндылықтардың ең жоғары дәрежесіне таза жүрек арқылы жетеді. Пайғамбар (с.а.с.) бір хадисінде: «Адамның  денесінде бір бөлшек ет бар, егер ол ет таза, жақсы болса, ол адамның амалдары да жақсы, егер ол ет лас болса, оның амалдары да жаман болады. Ол – жүрек», – деген екен. Демек, адам имандылық арқылы рухани адамгершілік қасиеттерін ашады. Адамгершілік қасиеттерді ұдайы жетілдіріп отыруы немесе бүкіл адамгершілік қасиетінен жұрдай болуы сол кісінің имандылығына байланысты деген түйін жасайды. Имандылықтың ең басты көрінісі – мейірімді, кешірімді, өзгелерге жанашырлықпен қарай білу. Ислам дінінен нәр алып, ұлттық болмысымыздың тұтас жиынтығына айналған данышпан Абай әрбір адамға қажетті қанағат-ынсап, бауырмашылдық пен имандылық сезіміне ерекше мән беріп, нәпсіні тыя білу мұсылмандықтың басты шарттарының бірі екенін кейінгі ұрпаққа қайта-қайта ескертіп отырады. Ислам діні – тілі мен ділі, дәстүрі мен танымы әртүрлі ұлттар мен ұлыстарды бөле-жармай адами құндылықтар төңірегіне ұйыстырады. Бұл ретте хадис тағылымы былай дейді: «Мұсылмандар бір-біріне жанашырлығымен және рақымшылығымен бір дене секілді. Егер дененің бір жері ауырса, онда бүкіл дене онымен бірге ыстығы көтеріліп, ұйқысы қашып, мазасызданады». Пайғамбар (с.а.с.) үмбеті, біздерді бір үйдің баласындай, тату өмір сүріп, бір-бірімізді қолдап, демеу көрсетуіміз керектігін еске салады. Қазір қоғамның көзі ашық, ғылыми-техникалық дамудың шарықтап тұрған кезеңі. Бірақ бір нәрсе жетіспейді. Бүкіл адамзат соны іздеумен әлек. Ол – рухани  азық. Бүгінгі таңда халқымыздың тарихи мұраларын оқып-білу, дін мен дәстүрімізді бүгініміз бен келешегіміздің нәрлі қайнарына айналдыру өмір қажеттілігінен туындап отыр. Мемлекеттің әлеуметтік, саяси, экономикалық тұрғыдан қуатты болуы сол елдің имани айнасына байланысты. Иманды мұғалім ізгі ұрпақ тәрбиелесе, иманды дәрігер науқасқа мейірімділік танытып, сырқатын емдесе, иманды басшы халыққа қалтқысыз қызмет етсе, иманды құрылысшы өз ісіне адал болса, міне, сол кезде ғана адамгершілік сапасы биік ұрпақ қалыптастырар едік. Өмірін дінмен байланыстыра білген ата-бабаларымыз әрбір адамды имандылыққа, ізгілікке, жоғары адамгершілік қасиеттерге жетелейтін өшпес өнеге қалдыра білді.

Ұлы тәлімгер пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.): «Шын мұсылман – тілімен, қолымен ешкімге зиянын тигізбейтін адам» – депті. Осыдан артық не айтуға болады?! Ал анасына «кәпірсің» деп тіл тигізіп, асын ішпей, келінге сәлем салдырмай, салт пен сүннетті «соғыстырып» жүрген кейбір жастар болса, бұл олардың діни білімсіздігінен деп білеміз. Оның көзқарасына бола Исламға үрке қарау дұрыс емес. Ол діннің кемшілігі емес. Дінді дұрыс түсіне білмеген, оны даналықпен өміріне ендіре алмаған адамның кінәсі. Дін мен дәстүрді хикметпен қабыстыра алмауында. Әйтпесе, кемелдікАллаға, кемшілік адамға тән екені белгілі ғой. Есті де ақылды адамдардың барлығы да бір үлкен сенімнің керек екенін сезеді. тазалықтың қажетін біледі. Ендеше, солар іздеген сенімдер мен жақсылықтардың бәрінің бастауында Ислам тұр. Кез келген адамзат баласының негізгі рухани ұстанымы болады десек, ол – ұлты, діні және Отаны. Міне, осы үш таған – сіздің үш тірегіңіз. Қай елге, қай жерге бармаңыз, «Сіз  кімсіз?» дегенде, ұлтым – қазақ, дінім – Ислам, Отаным – Қазақстан дейсіз. Әрі оны мақтанышпен, нық айтасыз. Өйткені сіздің көңіліңізде адамзат құндылықтарының негізі қалыптасқан, іздеуші, сұраушысы бар, сан ғасырлық тарихы бар қазақ ұлтының өкілімін деген сенім тұрады. Ұлт болуымыздың өзі бір Алладан болғандықтан, оған жету жолы да ата-бабамыз ұстанған салт-дәстүрмен біте-қайнасып кеткен таза Исламда. Ал енді ұлттық салт-дәстүрлер туралы айтар болсақ, олар Исламға дейінгі заманнан бастау алып, Ислам арқылы шариғат пен сүннетке негізделіп, күні бүгінге дейін жалғасып келе жатқан біздің өмір сүру дағдымыз. Халқымыздың салт-дәстүрінің кез келген түрінің түбінде ислами тамыр жатқанын байқаймыз. Дүниеге келген баланың азан шақырылып ат қойылғанынан бастап, дүниеден өткен адамның жаназасын оқып, жер қойнына бергенге дейін, яғни тал бесік пен жер бесікке дейінгі аралықта көптеген дәстүрлеріміздің Исламнан нәр алғанын байқайсыз. Сондықтан да Ислам мен дәстүріміздің арасындағы қарым-қатынас өте тығыз, айырып ажырату оңай емес. Мәселен, кешегі кеңестік кезеңде бізге шариғатқа қайшы келетін арақ ішуді, доңыз етін жеуді насихаттады. Ал қазақтардың бұрыннан қоректеніп келе жатқан қымызы мен шұбаты ешқандай шариғатқа қайшы емес. Сонымен қатар біздің қыз қуу, көкпар, алтыбақан, бәйге, т.б. ұлттық ойындарымыздың барлығы ешқандай құмар ойынға  жатпайды.

Келіннің ата-енесіне, т.б. үлкендерге сәлем салуы ширкке жатқызатындар да шықты, яғни Құдайға серік қосу. Алайда келін сәлем салу арқылы Алла Тағалаға серік қосып тұрған жоқ, ата-енеге сый-құрмет, ізет көрсетіп тұр деген қарапайым түсінікті ұққысы келмесе, не айтуға болады?
Жалпы серік қосу мен ізетті шатастырмау керек. Серік қосу деген не? Егер «Құдай көп» десең, ол серік қосу болады. Бұл жерде келін ата-енеге ізет көрсетіп тұр ғой. Бұл – ата-бабадан келе жатқан қазақтың керемет дәстүрлерінің бірі. Сондықтан ата-баба дәстүріне шабуыл жасауға жол бермеуіміз керек.

Қасиетті Құран-Кәрімде: «Бүлік шығару адам өлтіруден де бетер» (Бақара сүресі, 217-аят), – деп бұйырылады. Ал Хақ Елшісі (с.а.у.) хадис-шарифтерінің бірінде: «Намаз, ораза және садақадан да артық бір нәрсе – жарастыру, татуластыру», – деп бүлінгенді бүтіндеу, бұзылғанды түзеу мұсылманның қасиетті борышы екенін жеткізеді. Олай болса, Алаш баласының бірлігі һәм қоғамның тыныштығы мен бақ-берекесі үшін күресу – қай-қайсысымыздың да асыл міндетіміз. Лайым, ел азаматтарына осы үдеден шығуды жазсын деп тілеймін.

                                                                                  Нұрперзент Туғанбай

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.