Қалалық қоғамдық-саяси газет

Түйткілді сұрақтың түйіні тарқады

0 182

Тараз қаласының әкімі Айтқазы Қарабалаев қала тұрғындарын жеке мәселелерімен қабылдап, көптің көкейінде жүрген сауалдарға жауап берді.

Құралай СЕЙСЕНБЕКҚЫЗЫ

Қоғамдық қабылдауға келушілерді мұқият тыңдаған Айтқазы Дәулетқұлұлы олардың барлық өтініш, бұйымтайларының елеусіз қалмайтынын және барлық мәселелер тиісті шешімін табатынын жеткізді. Қарашаның айтқанын екі етпеуге тырысып баққан қала әкімінің қабылдауына 30-ға жуық қала тұрғыны жиналды. Олардың көбісінің көкейіндегі сұрағы мен тілегі үй, жарық, медицина, жер, асфальт мәселелері төңірегінде өрбіді. Алғашқы болып бұйымтайын жеткізген Лейла Умарова көшесіне шам қойылмағандығына шағымданды.

– Мен теміржолдың арғы беті, Бебель көшесінде жарық жоқтығын айтып, шағымданып жүргеніме 3-4 жылдың жүзі болды. Түнде ол жерден өту өте қорқынышты. Қоқыс төгетін орынға айналды. Әйелдер мен балалар кеш бата далаға шығудан қалды, – деді ол.

Қала әкімі дәл осы аймақты өз көзімен көргенін жеткізіп, жуық арада жарық орнатылатынын айтты.

Одан кейін сөз алған Нұрлан Досмырзаев: «Әл-Фараби көшесінің бойында 49 жыл арендаға берілген 5 гектар 200 сотық жер бар. Соның бұрышынан 10 сотық жер сұрап едім, берілмейді деп жолатпайды. Маған сол жерді берсеңіздер», – деп өтініш айтты. Әкім өтініш иесіне «Жасыл ел – Таразға» қарасты жерді алу заңсыз болатынын жеткізді.

Сондай-ақ қабылдау барысында екі бірдей мүмкіндігі шектеулі қыз бағып отырған ақ жаулықты ана Зәру Жұмашева баспана мәселесімен көмек сұрап келді.

– Қыздарым мүмкіндігі шектеулі. №8 емханада емделеміз. Қыздарды үлкен қалаларға емдеткім келгенімен, портал берілмеді. Қазір жинап отырған 2 миллион қаражатым бар. «Бақытты отбасы» бағдарламасы бойынша үй алуыма көмектесулеріңізді сұраймын, – деп мұңын шақты.

Зәру апайға қала әкімі №8 емханаға өтінішпен шығатынын жеткізді. Ал үй мәселесі бойынша «Бақытты отбасы» мемлекеттік бағдарламасымен 18 жасқа дейінгі мүмкіндігі шектеулі баласы бар, толық емес отбасы, сосын көпбалалы аналар қатыса алатынын жеткізді. Жалғызбасты ана «Бақытты отбасы» бағдарламасы бойынша үй алуға санаты келмей тұрса да, Айтқазы Дәулетқұлұлы баспана жағынан басқа да мүмкіндіктерді қарастырып, үй мәселесіне көмек қолын созуға уәде берді.

Сонымен қатар Оңғарбай Кенжебаев есімді қала тұрғыны: «Мен Қажымұқан көшесінің атынан келіп тұрмын. Көшеде асфальт жоқ. Желтоқсан мен Қойгелді көшесіне дейін жарық жоқ», – деп өз сұрағын ортаға тастады. Әкім қаланы жарықтандыру мәселесі жобаға енгенін айтып, жуық арада қалада шам сәулесі жарқыраған көшелер көбейетініне сенім білдірді.

Айтылған уәж, ұсыныс пен өтініштің бәрін мұқият тыңдап, нақты жауап беріп, шешімін табуға уәде берген қала әкімінің жиналысы бірнеше сағатқа созылды. Көпшіліктің көкейіндегі түйткілді сұрақтардың жауабын тауып, түйінін тарқатуға талпынып, барлық кеңесі мен көмегін аямаған әкімге жұрт риза пейілмен тарқасты.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.