Мұхаммед Хайдар Дулати – ұлт тарихының тамырын тереңнен тартқан, өткен дәуірдің үнін бүгінге жеткізген бірегей тұлға. XV-XVI ғасырлардағы қазақ пен түркі әлемінің саяси, рухани, мәдени келбетін айшықтаған оның ой-тұжырымдары – түркі халықтарының ортақ тарихын тануда теңдессіз маңызға ие деректердің тоғысқан тұғыры.
Мұхаммед Хайдар жас күнінен бастап әскери өнерді, ат үстіндегі тәртіпті, соғыс стратегиясын меңгерді. Сол дәуірдің ең беделді медреселерінде шығыс поэзиясын, тарихын, әдебиетін, математика мен жаратылыстану ғылымдарын оқыды. Ол парсы, түркі, араб тілдерінде бірдей жаза білген сауатты һәм жан-жақты ғалым болды. Әрі әдебиетке, әрі тарихқа, әрі әскери іске бейімділігі оның тұлғасын сан қырлы етіп қалыптастырды.
Дулатидің «Тарих-и Рашиди» атты әйгілі еңбегі – қазақ тарихы үшін баға жетпес қазына. Аталған еңбегінің ерекше құндылығы – онда Қазақ хандығының құрылуы, алғашқы хандары туралы мәліметтердің молдығы. Керей мен Жәнібек хандардың Моғолстан аумағына қоныс аударуы, кейін жеке хандық болып қалыптасуы, қазақ руларының бірігуі сияқты тарихи үдерістердің нақты көріністері осы еңбектен табылады. Автор қазақ хандары туралы аса үлкен құрметпен жаза отырып, олардың халықты ұйыстырудағы, мемлекеттілікті сақтаудағы рөлін ерекше бағалайды. Әсіресе, Қасым ханның тұсындағы Қазақ хандығының нығаюын, елдің қуаттануын, сыртқы саясаттағы белсенділігін нақты деректермен береді. Сондықтан да ғалымдар «Қасым хан дәуірін ойдан емес, дәл Дулати еңбегінен білеміз» деп бекер айтпайды.
Тарихшының өмір жолы тек ғылыми еңбекпен ғана шектелген жоқ. Ол өз дәуірінде бірнеше мемлекетте әскери қолбасшы, елші, кеңесші болып қызмет етті. Оның өмірінің біраз бөлігі Кашмирде өтті. Сол жерде жазушылық, ғылыми және шығармашылық еңбектерге ден қойып, көптеген әдеби шығармалар мен тарихи деректер қалдырды. Оның Кашмирде билікке араласуы, кейін сол жерде қаза табуы – тағдыр оны қайда апарса да, елдің шаруасына араласып, қоғамдық қызметтен қол үзбегенін көрсетеді.
Тәуелсіз Қазақстанда Мұхаммед Хайдар Дулати мұрасын қайта жаңғыртуға ерекше көңіл бөлінді. Тараз қаласында оның есімін иеленген университеттің болуы – ұлттың ұлы перзентіне көрсетілген құрметтің белгісі. Ғалым атындағы ғылыми орталықтар, зерттеулер, конференциялар – оның рухани мұрасын әлемдік деңгейге шығару жолындағы аса маңызды қадамдар. Жамбыл облысында тұрғызылған еңселі ескерткіш те халқымыздың ұмытпайтын, ұлықтайтын тұлғасына деген тағзымы.
Мұхаммед Хайдар Дулати – тарихты жазған ғана ғалым емес, тарихты жасаған қайраткер. Оның еңбектері тек бір халықтың мүддесіне емес, жалпы түркі әлемінің бірлігі мен рухани сабақтастығына қызмет етеді. Ұлы ғалымның еңбегі арқылы біз ғасырлар бойы үзілмей жеткен мемлекетшілдік дәстүрімізді, мәдени өрісімізді, халық санасының қалыптасуын тереңірек танимыз. Дулати мұрасы – ұлт санасын жаңғыртатын, бүгінгі ұрпақты өткеннің даналығымен сабақтастыратын рухани көпір. Оның есімі ұлт тарихымен бірге жасай беретіні сөзсіз.
Гаухар САМБЕТОВА,
М.Х.Дулати атындағы Тараз университеті
«Дулатитану және Өңір тарихы» ғылыми-зерттеу
орталығының аға қызметкері