Қалалық қоғамдық-саяси газет

Құтқарушылар – құрмет құшағында

0 27

Құтқарушы – өмірін тәуекелге байлап, ажалмен бетпе-бет келетін қауіпті мамандықтардың бірі. Өзгелердің амандығы үшін өз басын қатерге тігетін сала қызметкерлеріне құрмет қашанда жоғары.

Елімізде 19 қазан – Құтқарушылар күні ретінде аталып өтеді. Соған орай Тараз қаласында ауқымды іс-шаралар ұйымдастырылды.
Мерекелік шаралардың легі Тараз қаласының Орталық алаңында Құтқарушыларға жаңа автокөліктердің кілттерін табыс ету рәсімімен түрілді. Шараға ҚР Төтенше жағдайлар вице-министрі, генерал-майор Ерлан Нұрпейісов, Жамбыл облысы әкімінің орынбасары Қанатбек Мәдібек, сондай-ақ Жамбыл облысы ТЖД басшылығы мен жеке құрамы қатысты.
Әуелі сөз алған Қанатбек Қайшыбекұлы халық санының өсуі мен технологиялардың дамуына орай, өрт сөндірушілер мен құтқарушыларды жаңа техника және жабдықтармен қамтамасыз етудің аса маңызды міндет екенін атап өтті. Сондай-ақ ол өз сөзінде бұл жұмыстың алдағы уақытта да тоқтамайтынын, құтқарушылардың халық игілігі үшін сапалы әрі үздіксіз қызмет көрсетуін қамтамасыз ету үшін қажетті шаралар атқарылатынын жеткізді.

Келесі кезекте вице-министр, генерал-майор Ерлан Нұрпейісов облыс әкімдігіне қолдау көрсеткені үшін алғысын білдіріп, республикалық бюджеттен техникаларды жаңартуға қаржыландырудың тұрақты түрде бөлініп жатқанын және жергілікті деңгейде де бұл жұмыс үздіксіз жалғасатынын тілге тиек етті. Айталық, биыл жергілікті бюджет шеңберінде Жамбыл облысының ТЖД-ға жаңа техникалар мен түрлі құрал-жабдықтарды сатып алуға тиісті қаражат бөлінді.
Салтанатты шара барысында жаңа автокөліктердің кілттері салтанатты түрде табыс етілді. Нақтырақ тоқталсақ, өрт сорғысы станциясы автокөлігінің кілтін Жамбыл облысының ТЖД Өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметінің бастығы, азаматтық қорғау подполковнигі Ильяс Капашевке табысталса, жедел құтқару жасағының бастығы Юрий Салагаевқа сүңгуірлік жабдықпен жабдықталған жоғары жүрісті автокөлік, ал Жамбыл облысы ТЖД бастығы, полковник Арман Токановқа «Skoda Kodiaq» жеңіл көлігінің кілті берілді.
Әрине, апат айтып келмейтіндіктен, оқиға орнына жерге кешікпей жетіп, өзіне қауіп төніп тұрса да, өзгенің жанын сақтап қалу үшін арпалысатын ардақты жандардың еңбегі ерен. Кейде олар өз міндетін атқару барысында өмірлерімен де қоштасып жатады. Таразда мұндай бейбіт күннің батырлары аз емес.
Кәсіби мерекеге орай вице-министр Ерлан Нұрпейісов қызметтік міндеттерін атқару барысында қаза тапқан батыр-құтқарушылардың ескерткішіне гүл шоқтарын қойды. Бұл қадам өзгенің өмірін сақтау жолында өз жандарын қиған ержүрек азаматтарға деген зор құрмет пен алғыстың белгісі іспетті. Қаза тапқан қаһармандарды еске алуға арналған үнсіздік сәті олардың ерлігінің халық үшін маңыздылығын және адамдарды түрлі сипаттағы төтенше жағдайлардан қорғау мен ел қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі баға жетпес рөлін айқындайды.
Сонымен қатар осы күні Тараз қаласындағы №4 өрт сөндіру бөлімінің ұжымы және азаматтық қорғау саласының құрметті ардагері Юсуп Бешли-оглы Байзақ ауданындағы әскери бөліміндегі өртті жою барысында ерлікпен қаза тапқан аталған бөлімнің өрт сөндірушісі, азаматтық қорғау кіші сержанты Әділет Әділбектің шаңырағына арнайы барып, туған ауылында орнатылған ескерткішке гүл шоқтарын, рухына тағзым етті. Сондай-ақ батырдың отбасын мерекемен құттықтап, ұжымның атынан шағын мерекелік сыйлықты табыстады.
Биылғы айшықты мерекеден балалар да тыс қалмады. Айталық, Құтқарушылар күніне орай Тараз қаласындағы №4 өрт сөндіру бөліміне Жамбыл ауданы, Баймырза Бесбаев атындағы мектеп-гимназиясының окушылары мереке иелерін арнайы құттықтап келді.
Өрт сөндіруші мамандығын кеңінен насихаттау және өскелең ұрпақты отты кауіпсіз пайдалануға баулу, қауіпсіз жүріс-тұрыс мәдениетін қалыптастыру, өртке қарсы кызметтің тарихымен таныстыруды мақсат тұтқан ашық есік күні барысында балалар тілсіз жаумен арпалысып жүрген азаматтарға жүрекжарды лебіздерін арнады.
Шара барысында азаматтық қорғау қызметкерлері балаларға өрт сөндіру автокөліктері мен арнайы техникаларды көрсетіп, олардың кез келген төтенше жағдайларды, соның ішінде өрттерді жою кезіндегі қызметтерімен кеңінен айтып берді. Сондай-ақ азаматтық қорғау майоры Талғат Сағындықұлы окушыларға өрт сөндірушілердің күнделікті күн тәртібімен таныстырды. Оқушылар да өз кезегінде от жауынгерлеріне көкейкесті сауалдарын койып, тұшымды жауаптар алды. Осылайша жасөспірімдер шарадан өрт қауіпсіздігі ережелерін үйреніп, мол мағлұмат алып қайтты.
Бұған қоса, мерекеге орай тараздық журналистер де бір күн мамандығын өзгертіп, өрт сөндіруші-құтқарушылардың таңертеңгі қабылдау-өткізу бойынша жиынына қатысып, өздерін құтқарушылар ретінде сезініп көрді. Шабуылдық сатымен 4 қабатты оқу ғимаратына да жылдам шығудың әдіс-тәсілдерімен танысып, бөлімдегі өрт сөндіру-құтқару техникалары мен жарақтарының қызметі туралы ақпараттарға қанықты. Ал өрт сөндіруші-құтқарушылар өз кезектерінде өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары бойынша, яғни адам өміріне араша болған сәттері туралы естеліктерімен бөлісті. Шара соңында құтқарушылар облыс тұрғындарын жылыту маусымында өрт қауіпсіздігі ережелерін қатаң сақтауға және газдан, улы түтіннен улану жағдайларының алдын алу үшін сақтық шараларын барынша күшейтуге шақырды.
Шынымен де, қай кезде болса да құтқарушы мамандығының мәртебесі биік. Мәселен, су тасқыны, өрт, апаттар, тіпті қарапайым тұрмыстық мәселелерде де ең әуелі біз «112» нөміріне қоңырау шалып, құтқарушылардың көмегіне жүгінетініміз шындық. Қиындыққа қарамастан, олар зардап шеккендерге алғашқы көмек көрсетеді. Алаулаған оттың ортасына кіріп, кез келген жанға көмек қолын созады. Олардың қызметі сонысымен де бағалы.

Жұмаш ЖОЛБОЛДЫ

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.