Жамбыл облыстық қоғамдық-саяси газет

Құтқарушы қызметі – адал азамат міндеті

0 116

Құтқарушылар – төтенше жағдайлар кезінде халықты қорғау және қауіпсіздік шараларын қамтамасыз ету үшін ерекше дайындықтан өткен мамандар. Олардың қызметі өрт, су тасқыны, жер сілкінісі, өндірістік апаттар, автокөлік оқиғалары сияқты түрлі оқыс оқиғалардың салдарын жоюға бағытталған.

Құтқарушылардың жұмысы әрдайым күтпеген жағдайлармен және қиындықтармен байланысты. Олар төтенше жағдай туындаған кезде тәуліктің кез келген уақытында шақыртылып, адамдардың өмірін сақтап қалу үшін шұғыл шаралар қабылдауға міндетті. Олар апат орнында дұрыс шешімдер қабылдап, қиын сәттерде азаматтарды қорғап қалуы керек. Бұл қызметке келетін азаматтарға батылдық пен жанқиярлық тән. Өйткені құтқарушылар көбінесе өз өмірлерін қатерге тігеді. Бұл қатарда тараздық Төтенше жағдайлар басқармасына қарасты мекемелердің қызметкерлері де бар.

Жуырда сала мамандары Тараз қаласының көпқабатты үйлерінің бірінде орналасқан пәтерде егде жастағы әйел адамды ажал аузынан алып қалды. Мәселенің мәніне үңілсек, шаһар тұрғындарының бірінен дабыл қоңырауы түсіп, есікті шұғыл ашуға көмек сұрайды. Хабарласқан азамат пәтер ішінде қарт әйелдің барын, оның қоңырауларға жауап бермей, есікті ашпай жатқанын жеткізеді.

Оқиға орнына жедел жеткен құтқарушылар үш иінді сатыны пайдаланып, терезе арқылы ішке кірген. Төтеншеліктер қарт әйелдің еденде ес-түссіз жатқанын көріп, шұғыл түрде көмек көрсетуге кіріскен. Содан соң жедел жәрдем бригадасына тапсырып, дәрігерлер оған толыққанды жәрдем берген.

Жалпы, жазғы аптаптың кейде қайғылы жағдайларға ұрындыратыны бар. Аспан айналып жерге түскендей көрінетін ыстықта өрт шығу ықтималдығының жоғары болатыны да елдің бәріне белгілі. Дегенмен, көп жағдайда сақтық шараларын ескере бермейтініміз бар. Мұндай ыстықта балалардың қауіпсіздігі басты назарда болу керек. Осыған байланысты Тараз қаласы №2 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінде Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігінің 30 жылдығын мерекелеу аясында «Эрудит» балабақшасының тәрбиеленушілері үшін «ашық есік» күні өтті.

Шара аясында балдырғандарға өрт сөндірушілер мен құтқарушылардың күнделікті қызметі туралы мол мағлұмат беріліп, өрт сөндіру техникасы мен жабдықтары көрсетілді. Балалардың қызығушылығын, әсіресе, жедел-құтқару жасағының жабдықтары оятты. Бүлдіршіндер құтқару операцияларында қолданылатын құралдардың қалай жұмыс істейтінін өз көздерімен көріп, ерекше әсерге бөленді.

Сонымен қатар ҚР ІІМ Оңтүстік өңірлік әскери-тергеу басқармасы Тараз бөлімінің аса маңызды істер жөніндегі аға жедел уәкілі, аға лейтенанты Елдос Қалматаевтың қатысуымен облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің әскери қызметкерлерімен заңсыз іс-әрекеттерге жол бермеу және әскери тәртіпті сақтау бойынша сабақ өткізілді.

Сабақ барысында әскери қызметшілерге әскери заңнама, құқықтық жауапкершілік негіздері және қызметтік тәртіпке қойылатын талаптар кеңінен түсіндірілді. Сондай-ақ қызмет барысында кездесетін құқықтық тәуекелдер мен оларды болдырмау жолдары талқыланды.

Бұдан бөлек шаһар төріндегі «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының базасында өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы талаптар мен Қазақстан Республикасының «Азаматтық қорғау туралы» Заңына енгізілген өзгерістерді түсіндіру мақсатында мұнай өнімдерінің айналымымен айналысатын нысандардың, соның ішінде жанармай құю станцияларының иелерінің қатысуымен жиналыс өтті.

Басқосу барысында қауіпті өндірістік нысандарда заңнама талаптарының сақталуы, өндірістік бақылауды күшейту, жобалық құжаттаманың болуы және объектілерді міндетті түрде есепке қою мәселелері қарастырылды.

Ашық диалог форматында өткен жиналысқа қатысушылар белсенді түрде сұрақтар қойып, пікір алмасты және ведомстволық нысандарда өнеркәсіптік қауіпсіздік деңгейін арттыруға қатысты ұсыныстарын білдірді.

Кездесу қорытындысы бойынша кәсіпорындарға нақты ұсынымдар мен алдағы жұмыс бағыттары берілді. Қолданыстағы нормативтік талаптарды сақтаудың маңыздылығы және мемлекеттік органдардың бизнесті қауіпсіздік мәселелері бойынша қолдауға дайын екені сөз болды.

 Жалпы, мұндай іс-шаралар қала тұрғындарының қауіпсіздігін сақтауға маңызды рөл атқарады.

Карина КАРТАШОВА,

Төтенше жағдайлар департаментінің ресми өкілі,

азаматтық қорғау аға лейтенанты

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.