Қалалық қоғамдық-саяси газет

Құтқарушы болу сіз ойлағандай оңай емес

0 157

Жадыраған жаз айы келгенде күннің ыстығында салқын суға шомылу жанға рақат сыйлайды. Алайда судан келер қауіптің көп екенін ескере бермейміз. Соның салдарынан орын алған оқыс оқиғалар аз емес. Ал төтенше жағдай кезінде құтқарушылар қызметіне жүгінетініміз анық.

Бүгінде елімізде 50 мыңнан аса су айдыны болса, оның тек 497-сіне ғана суға түсуге рұқсат етілген екен. Облысымызда дәл осындай 12 орын бар. Ресми дерекке сүйенсек, республика бойынша 2020-2021 жылдары 857 адам суға кетсе, оның 380-і кәмелет жасына толмаған жасөспірімдер екен. Бір қуанарлығы, биыл ересектер өлімі 42 пайызға, балалардың көрсеткіші 45 пайызға азайған. Күні кеше «Қант зауыты» маңынан ағып өтетін Талас өзенінен облыстық төтенше жағдайлар департаменті Өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметінің Жедел-құтқару жасағының мамандары 10 жасар баланы құтқарып қалған болатын. Сондай-ақ құтқарушылар «Шөлдала» алқабындағы ағыны қатты каналдың бойынан бір әйел азаматшаны ажалдан арашалап қалғаны тағы бар. Әрине, бұлар оқыс оқиғалардың бір парасы ғана. Дегенмен мұндай жайттардың барлығы қуанышпен аяқтала бермейді. Айталық, жуырда Талас өзенінің арыны қатты ағысы атасы мен немересін түбіне тартып әкетіп, бір отбасы қара жамылғаны жұртшылықтың қабырғасын қайыстырды. Оларды іздестіруге 74 құтқарушы мен 100-ден аса ерікті және жергілікті тұрғындар жұмылдырылды.
Адам жанын ажалдан аман алып қалуға күш салып жүрген құтқарушылардың қызметі әркез қауіпке толы. Осы орайда «Журналист мамандық өзгертеді» айдары аясында облыстағы өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметінің Жедел-құтқару жасағының құтқарушыларымен бірлесіп Талас өзенінің жағасын барлап қайттық.
Өзімді сала қызметкері ретінде сезініп, сүңгуірлерге арналған киімді киіп, арқама 35 келі тартатын «Фабер» кислороды бар баллонды асынғанда, бұл жұмыстың шынымен ауыр екеніне көзім жете түсті. Алайда іздестіру және құтқару жұмыстарына қолданылатын арнайы жабдықтарды, аппараттар мен құрылғыларды, суға батып бара жатқан адамды құтқарудың тәжірибесін және дәрігерге дейінгі алғашқы көмек көрсету тәсілдерін көзбен көріп, көңілге түйдім. Мұның да өз қиындығы жетерлік екен. Әсіресе қатерге ұшыраған адамның жоғарғы тыныс жолдары мен асқазанын судан арылту үшін оның кеудесін көмек көрсетушінің тізесінің бүгілген аяғының үстіне басын төмендетіп салып, кеуде сүйегінің астыңғы бөлімдерін ырғақпен қысып басу оңай емес. Ал ең жеңіл және тиімді тәсіл – «ауыздан – ауызға» немесе «ауыздан – мұрынға» ауа үрлеу екен. Сондай-ақ суға батқан адамның бетін жоғары қаратып жатқызып, бір қолды оның мойнының астына жіберіп, екінші қолымен маңдайынан басып, мүмкіндігінше шалқайту қажет. Бас бармақпен және сұқ саусақпен мұрнын қатты қысып, демді ішке терең алып, оның аузына минутына 18-20 дем салу да аса маңызды. Бұдан бөлек, жүрек соғысын жиі қадағалап отыру шарт.
Әлбетте, құтқару қызметінде әлсіздерге орын жоқ. Бұл үшін ептілікпен қатар, батылдық та ауадай қажет. Бірақ бұл мамандықты арнайы оқытатын бірде-бір білім ошағы жоқ. Десе де, ниет білдірген азаматтарға қойылатын талап та аса ауыр емес көрінеді. Құтқарушылардың сапына енемін десеңіз, кәмелет жасына толған, медициналық, психологиялық сараптамалары ойдағыдай және бұған дейін сотталмаған Қазақстан Республикасының азаматы болсаңыз жеткілікті. Бұл жұмысқа орналасамын деушілерге 3 ай сынақ мерзімі беріледі. Осы уақыт аралағында суға түсудің, қауіпті аймақтардан адамдарды алып шығудың, алғашқы медициналық жәрдем көрсетудің ережелерімен толықтай танысып, дәріс алады. Осы орайда біз қалалық жедел құтқару жасағының бастығының орынбасары Қуаныш Абилкасымовты сөзге тартқан едік.
– Суға кетушілердің көбеюі құтқарушылардың әлсіздігінен емес. Қазір көптеген азаматтар рұқсат етілмеген жерлерге барып суға түседі. Ал біз шаһардағы барлық өзен-көлдердің маңына арнайы мамандарды орналастыра алмаймыз. Бүгінгі таңда бізде 74 маман жұмыс жасауда. Оның 24-і судан құтқарушылар. Бір қынжылтатыны, Тараз қаласында суға түсуге рұқсат етілген жер жоқ. «Зербұлақ» арнасына жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатқандықтан, халық осындай өзендерге ағылады. Біз барынша түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, тұрғындарды сақтандыруға тырысудамыз. Осы орайда бір мәселені айта кеткім келеді. Мәселен, Тараз, Жаңатас, Қаратау қалаларында құтқару бөлімшесі жұмыс істейді. Бірақ Шу қаласында мұндай қызмет атымен жоқ. Құтқару бөлімшесі болмағандықтан, оқыс оқиға тіркелсе, 600 шақырым жолды артқа тастап Тараздан Шуға баруға мәжбүр боламыз. Шуға дейін 4 сағат, әрі қарай Балқашқа 7 сағат жол жүріп жетеміз. Сол үшін 10 шақты адамнан тұратын бөлімше ашылса деген тілегіміз бар. Себебі Шу өзенінің бойында бірнеше елді мекен бар. Балқаш көлінің бір бөлігі осы өңірлерге тиесілі. Егер бөлімшеміз болса жедел түрде жәрдем көрсетіп, қайғылы жағдайлардың алдын алуға мүмкіндік туады, – дейді Қуаныш Қасымбекұлы.
Жаз мезгілінде төтенше жағдайлардың алдын алу мақсатында су айдындарында рейд және патрульдеу жиі жүргізіліп тұрады екен. Сала қызметкерлері оқу орындарында жиындар, интерактивті сабақтар да өткізеді. Бұл жұмысқа волонтерлер де белсене атсалысуда.
Ресми мәлімет бойынша, облыс аумағында 3 мобильді құтқару бекеті, 40 стационарлық бассейн, балалардың шомылуына арналған 6 орын бар. Биылғы шомылу маусымы басталғалы бері 3 жазатайым жағдай орын алып, 4 адам суға кеткен. Оның 2-і бала. Сондай-ақ құтқарушылардың арқасында 2 жаөспірім құтқарылған. Осыған байланысты облыстық білім басқармасы 12 мыңнан астам баланы жүзуге баулу мақсатында бассейн иелерімен 22 келісімшарт жасасқан. Қазіргі уақытта мұның аясында 1622 оқушы жүзуге үйренуге мүмкіндік алған.
Жалпы біздің бұл сапардан түйгеніміз аз болмады. Суға кету фактілерінің көбеюіне құтқару қызметтерін кінәлауға болмайтын сияқты.
Құтқарушылар қызметі қашанда қауіпті. Олардың тағы бір ерекшелігі, белгіленген аумақтан тыс жерде де адам өміріне араша түсуге даяр. Бұған дәлел көп. Солар көрсеткен медициналық көмектің арқасында өмірге қайта келген адамдар да жеткілікті. Мұның бәрі құтқарушының күнделікті қызметінің бір көрінісі ғана. Денсаулықтарына қауіп төндіре отырып жұмыс атқарған олардың басты міндеті – апатқа жол бермей, халықтың тыныш өмірін, өндірістегі қауіпсіздікті қамтамасыз ету. Олардың қауырт, ауыр жұмыстары құтқарылған адамдардың алғысымен бағаланады.

Жұматай Көксубайұлы 

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.