Қалалық қоғамдық-саяси газет

«Сырыңды бөліскің келсе, басқа дос іздемейсің»

0 254

Мына өмірде барлық құбылыс қатар қалыптасқан. Біз табиғат пен адам егіз деген ұғымды да жиі айтамыз. Сол сияқты күн мен түн, ақ пен қара, тіпті адамның көзі, құлағы, аяқ пен қолы қос-қостан. Әсіресе егіз балалардың өмірге келуі – ерекше жаратылыстың белгісі. Тараз қаласында жыл сайын егіздердің қатары көбейіп келеді. Бұл еліміздің демографиясына қосылған елеулі үлес екені сөзсіз.

2011 жылы мамырдың 17 күні Мұхтаровтар әулетінің жас жұбайлары Замир Селеубаев пен Ақбота Сихымбаеваның шаңырағы шаттыққа кенелген еді. Бұл күні Әмина мен Мадина есімді қос әлди дүние есігін ашқан болатын. Сол сәтті егіздердің анасы зор тебіреніспен еске алады.

– Қыздар егіз болатынын әкесі екеуміз жүктіліктің алғашқы айларында білдік. Бастапқыда біраз уақыт сене алмадық. Бірақ кеудемізді қуаныш кернеді. Себебі екеуміз жақтан да бұрын-соңды егіз балалар өмірге келмеген. Мұны естіген туыстарымыз да таңданыстарын жасырмады. Әкесі қыз баланы қатты жақсы көріп, өзінің де қыздары болғанын армандайтын. Алла сол тілегін қабыл еткеніне шүкір дейміз. Мәдина Әминадан 20 минут бұрын өмірге келді. Қыздарымыз тумысынан нәзік болғандықтан, бес жасқа келгенше көп қиындық көрдік, екеуі де жиі ауыратын. Әрине, қазір оның барлығы ұмыт болды. Екі қыздан соң, екі інісі дүние есігін ашты, – дейді Ақбота Бөкенбайқызы.

Егіздерге ат қоюға келгенде жас жұбайлар алдымен үлкендерге өтініш айтқан көрінеді. Қариялар «өздеріңе ұнаған есімді қойыңдар, еш қарсылығымыз жоқ» деп рұқсатын беріпті. Осылайша олар перзенттерін адамзаттың соңғы пайғамбары Мұхаммедтің анасы Әминаның және Алланың назары түскен қос қаланың бірі Мадинаның құрметіне атаған екен.

Біз де Әминаны сөзге тартқанымызда, ол өзінің шыдамсыздау, өз айтқанынан қайтпайтын бірбеткейлігі бар екендігін жасырмады. Ал сыңары туралы сұрағанымызда: «Мадина салмақты, әр ісіне байыппен қарайды, елдің көңілін қалдырмайды, сондай биязы», – деп бауырмалдық танытып, ағынан жарылды. Әминаның бұл сөзін сынып жетекшісі Алия Тышқанбаева да қуаттайды.

– Мен алғашында екеуін ажырата алмай, жиі шатасатынмын. Бүгінде екеуін де жазбай танимын. Әрине, түріне қарап емес, мінездерінен. Мадинаның мінезі ашық болса, Әминанікі тұйықтау. Екеуі де жақсы отбасынан шыққан, өте мәдениетті. Сабаққа да үлгерімдері жақсы. Егіздердің болашағынан зор үміт күтемін, – деді ұстазы.

Осы тұста Мадинаның мына бір қызық оқиғасына біз де еріксіз езу тарттық.

Бірде анасы екеуін нағашы атасының үйіне ертіп барады. Төркін жақтың төрінде басқа ауылдан келген бөтен қонақтар да отырса керек. Сол қонақтардың бірінің баласы залға барса да, ас ішетін бөлмеге кірсе де егіздерді көреді. Қонақ бала өз көзіне өзі сенбей, апасына жүгіріп келіп: «Мына қыз екеу болып кетіпті», – деп жұрттың бәрін күлкіге қарық қылған екен. Екеуі де егіз болған қатты ұнайтынын айтады.

– Кішкене кезімізден бірге ойнап өстік, бірге жүреміз, бірге күлеміз, сабаққа да бірге барамыз, бір партада отырамыз. Бір-біріміздің сабағымызға көмектесеміз, бөлек бола қалсақ сағынамыз, кездесуге асығамыз. Сыңарың болған керемет сезім. Ол үнемі саған қолдау білдіреді. Қайда барсаң да жаныңнан табылады. Тіпті сырыңды бөліскің келсе, басқа дос іздемейсің, – дейді Әмина.

Әкесі Замир «қос қанатым, қос көзім» деп еркелететін қыздарының бауырмал болып өсіп келе жатқанына қатты қуанады.

– Жалпы екеуі де адамдармен тез тіл табысады, бауырмашыл әрі балажан. Өмірде екеуімен болған қызықты сәттер өте көп. Олар қазіргі таңда қалалық №30 мектепте білім алуда. Мадина дәрігер болуды армандаса, Әмина полиция қызметкері болғысы келеді. Бір қызығы, екеуі маған мектепте ұстаздарын шатастырып жүру үшін «сырғамызға дейін бірдей етіп алып беріңіз» деген талап қояды. Бұрын олар өзге адамдар есімдерін ажырата алмай айтса мән бермейтін. Қазір есейген сайын мұндайға ашуланып, өздерінің жеке тұлға екендігін көрсеткендей болады, – деп күледі Замир Селеубаев.

Әлемде егіздер туралы аңыз да көп. Үнді-еуропа мифологиясында егіз ағайынды жігіттер «Аспан құдайының балалары» деген атауға ие болыпты. Осы сияқты Африка халық аңыздарында «аспан ұлдары» деген бейнелеу жиі кездеседі. Егіздерді өмірге әкелудің көш басында Нигерия тұр. Онда əрбір 22 адамға бір егізден тура келеді. Ал Қазақстан ғалам бойынша егіздерді өмірге əкелуде 48-орынға тұрақтаған екен.

Жұматай КӨКСУБАЙ

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.