Жамбыл облыстық қоғамдық-саяси газет

Сыныптастар туған жерім деп келді

0 378

Біздің өңірде көптеген ұлт өкілдері тұрады. Барлығы бір шаңырақ астында тату тәтті ғұмыр кешуде. Кеңес одағы кезінде әр аудан, ауылдарда да өзге ұлт өкілдері тұратын.

Оны сол кезде алыс кеңшарлар мен фермаларда тұрған аға буынның бәрі біледі. Еліміз Тәуелсіздігін алған соң олардың көпшілігі өз Отандарына көшіп кетті. Немістер Германияға, орыс ұлтының өкілдері Ресейге қоныс аударды. Олар өз Отанына кеткенімен, жүректері өздері туып-өскен өңірде қалып қойған еді. Көшер кезде де қимай, әрең көшкен екен.
Жақында Жамбыл ауданы, Аса орта мектебін 1975 жылы бітірген түлектер бас қосты. Яғни, мектепті бітіргендеріне 50 жыл толуына арналған мерекені атап өтті. Сол іс-шараға Ресей мемлекетінен бұрынғы қауіпсіздік комитетінің жауапты қызметкері, зауыт директоры, байланыс мекемесінің басшысы, көлік жүргізуші, мал дәрігері, дәнекерлеуші болған азаматтар келді. Атап айтқанда, кәріс ұлтының өкілі – Леонид Кан, орыс ұлтының өкілі – Капиталина Баженова, неміс ұлтынан – Эльвира Шнайдер, Наталья Руф, Нина Дейч бар. Оларды бастап келген – Жанат Жанұзақов пен Нұржау Жігітеков.
– Біз қазір өз Отанымызда жүргенімізбен, туған жеріміз – Қазақстанға деген әсер бөлек. Оның ішінде Жамбыл топырағын, Аса аулын аңсап тұрамыз. Он жыл бірге оқыған ұлты әртүрлі сыныптастар әрқашан ыстық. Асаның көшелерін, көрші қазақ ата-апаларды, солардың жылы мейірімін сағынамын. Сол сағыныш жетелеп, мектеп бітіргенімізге 50 жыл толған жиынға келіп отырмын, – дейді кәріс ұлтының өкілі Леонид Кан.
– Сыныптастар бас қосады дегенге ерекше қуандым. Германияға, Ресейге қоныс аударған жігіттер де достарымыз ғой. Сол сыныптас достарымызды біз де сағыныппыз. Кездестік. Әсерге толы жиын болды. Жарты ғасыр бір-бірін көрмегендердің қауышуы қандай ғажайып оқиға?! Енді біздер жиі бас қосу туралы ақылдастық. Оны, әрине, уақыт көрсетеді. Сырттан келген неміс, кәріс, орыс сыныптастарымыздың туған жерді аңсауы, елді құрметтеуі, өздері жүріп өткен жолды құрметтеуі ерекше, – дейді 1975 жылы Аса орта мектебін бітірген зейнеткер Бақытжан Оспанов.
50 жылдан соң кездескен сыныптастар Аса орта мектебіне барып, сый жасады. Сыныптастарымен тауға қыдырды. Жергілікті жұрттың құрметіне бөленіп, сағыныштарын басты. Алдағы жылдары да мұндай игі істер жалғасын таба бермек.

Алтынбек ҚАРТАБАЙ,
фотожурналист

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.