Сын сағаттар туғанда көкейде туған көп күмәннің бірі – «тәуелсіздігімізді сақтап қала аламыз ба?» деген сауал болғанын несін жасырамыз?! Себебі, халықтың бейбіт шеруін беймәлім топ өз мүддесіне пайдаланып кетуге ұмтылғаны бірден байқалған болатын. Жұрт талабын жеткізді, билік оны естіді. Соған сай шешімдер қабылданатыны да жария етілді. Алайда, алаңсыз жұрттың мазасын қашырған басбұзарлардың әрекеті үрейімізді ұшырды.
Жалпы бұл оқиға елімізде жүйелі және шынайы өзгерістер қажет екенін көрсетіп бергенін де жоққа шығара алмаймыз.Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Парламент Мәжілісі отырысында ұзақ уақыт бойы қоғамда талқыланып келген аса маңызды мәселелерге жеке-жеке тоқталғаны да, сондықтан.
Елдегі саяси реформаларға бей-жай қарамайтын азамат ретінде айтарым, Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев атап өткендей, мемлекеттік басқару жүйесінің қайта құрылы керек екендігі айқындала бастаған. Ал күштік құрылымдарды реформалау және армиямыздың әскери әлеуетін арттыру мәселесінің өзектілігі – айтпаса да түсінікті жайт.
Жалпы алғанда Президент ұсынған іс-шаралар жүйелі сипатқа ие. Олар мемлекеттік басқару жүйесін, экономиканың құрылымын, әлеуметтік саланы түбегейлі өзгертуге, азаматтарымыздың өмір сүру сапасын жақсартуға арналған.
Тұрсынай Абдықадырова,
М. Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің «Қазақ тілі және әдебиет» кафедрасының меңгерушісі, п.ғ.д, профессор