Қалалық қоғамдық-саяси газет

Сыйынар ем ана деген тәңірге!

0 390

Ана бір қолымен бесікті тербетсе, екінші қолымен әлемді тербейді. «Адамдық негізі – әйел» дегенді Әуезов неткен даналық, тапқырлықпен айтқан! Аяулы жар, қамқор ана, білікті кәсіпкер. Осының бәрі бір әйелдің бойынан табылса, керемет емес пе?!

Нәзікжандылар отбасының ырыс-берекесін сақтап, өскелең ұрпаққа тәрбие берумен қатар, қоғамның сан алуан саласында да белсенділік танытуда. Еліміз іскер әйелдерге көрсетілетін қолдаудан кенде емес. Қолға алған кәсібін кеңейтіп, әр ісін тыңғылықты жүргізетін кәсіпкер әйелдер біздің өңірімізде де жетерлік. Кәсібін дөңгелету екінің бірінің қолынан келе бермейтін, кім-кімнің да алақанына қонбайтын, етегіне жармаспайтын бақ десе де болады. Бағалағанға алтын, табалағанға тас құм болатын кәсіп нәзікжандылардың барлығына бірдей бұйыра бермейтіні де шындық. Ал өз кәсібін сонау 90-шы жылдарда бастап, еліміздің даму сатысынан тәуелсіздікке дейінгі тарихына куә болған аналарымыз ортамызда бар. Халықаралық әйелдер күні қарсаңында аяулы жар, ардақты әже, «Жер ана» фермер әйелдердің корпоративті қорының төрайымы, «Мария» шаруа қожалығының басшысы Мария Ибраимовамен сұхбаттасудың реті келді.

– Мария Қалмаханқызы, сізді еліміздегі алғашқы кәсіпкер ханымдардың бірі десек қателеспеспіз. Бүгінгі таңға дейін еліміздің түрлі сатыдан өткен тарихының куәсі болдыңыз. Қиын-қыстауда екі қолға күрек алып, егемендігіміз үшін алғы шепке шыққан қазақ әйелдерінің ішінде сіз де барсыз. Алғашқы баспалдақ неден басталды?

– Жамбыл облысы, Байзақ ауданының тумасымын, мамандығым – инженер-экономист. Бала күнімнен бау-бақшада жұмыс істегенді ұнататынмын. Иә, еліміз сан түрлі сатыдан өтіп, егемендік алды. Ол жылдары халықтың жағдайы мәз емес еді. Кім, қайда барарын, жұмыссыз қалғандар не істерін білмей дал болды. Үкіметтік жұмыстан шығып қалған ерлердің көбісі үйде отырып қалды. Сол тұста ала дорбасын арқалап нәзікжандылар көк базарға, пойыз бен автобусты жағалай алыпсатарлықпен айналыс-ты. Ешбір жұмысты қиынсынбады. Шыны керек, сол тұста біздің ауданда, яғни Байзақтан жастар легі түгел азайып, қарттар қалды. Ал қарттар жұмысқа жарамсыз. Сонда марқұм жолдасым Өмірзақ Каримов: «Бұлай отыру жарамас, тірлік істейік. Халыққа қолдан келгенше көмек берейік», – деп мені қанаттандырды. Ол кісі мені «Сабаз» деп атайтын. Бір күні: «Сабаз, қарттарға тегін тамақ беретін асхана ашайық», – деп ұсыныс айтып, оны іске асырдық. Күніне түскі уақытта ауыл тұрғындары келіп тамақтанатын асханадан бөлек, қыз-келіншектерге тігін цехын ашып, оларды үйретіп, әрқайсысына тігін машинасын алып беріп, қолдан келгенше қолдау көрсеттік. Макарон цехында да жұмыс қызып жатты. Ел жұмыссыз отырмасын деп өзім танитын, білетін азаматтарды егін егуге тарттым. Ол кезде кәрістер жаппай пияз егумен айналысып жатқан болатын. Сол кезде мен өзіміздің қаракөздерді жинап алып: «Ешкімнен еш жеріміз кем емес. Ел істеген жұмысты біз де істейміз», – деп 10 отбасына жерді жыртып, дән-дақылды егіп, дайындап бердім. Әрине, 70 пайыз өнім алатын жерден о баста тек 20-30 пайыз өнім алып отырдық. Бірақ сонда да қайтпай, өз мақсатымызға жетіп, ең бастысы, омалып отырмаудың қамын жасадық.

– Бүгінде жұмыссыздық жайлап, қос-қос дипломы бар азаматтар Үкіметке қарап отыр. Жалпы, сіздің ойыңызша, елімізде жұмыссыздықтың деңгейін азайту үшін мемлекет қандай жағдай жасау керек?

– Мен жұмыс жоқ дегенге келіспеймін. Шыны керек, мемлекет жағдайдың барлығын жасап отыр. Түрлі мемлекеттік бағдарламалар, төмен пайызбен несиелер жан-жақты әр салаға қарастырылған. Біздің өңір – аграрлық саланың отаны. Кеңес үкіметінде зауыттарда қазақтар жұмыс істемеді. Ондағы жұмыскерлердің 99 пайызы өзге ұлт өкілдері болды. Ал біздің қаракөздер егін екті, мал шаруашылығымен айналысып, ата кәсіпті қуды. Бүгінде аграрлық саланы барынша дамыту керек. Біреудің бергені біреуге олжа болмайды. Сондықтан ешкімге қол жаймай еңбек ету керек. Ал тіпті оңтүстікте жұмыс жоқ, бизнес көзі көп, бізде бәсекелестікке дәрмен жоқ десе, солтүстікке барсын. 10-15 отбасы бірігіп, мемлекет ұсынып отырған «Оңтүстіктен Солтүстікке» бағдарламасын қолдансын. Тегін үй, балаларын мектеп пен балабақшаға орналастыру, өздері жұмысқа тұру бойынша ешқандай мәселе жоқ. Үкімет жағдайды жасауындай жасап-ақ жатыр, біздер жалқаумыз. Тіпті солтүстікке көшіп барған отбасының балалары ЖОО-ға тегін грант алу мүмкіндігіне ие болады. Бұдан артық сізге қандай жағдай керек? Тек тәуекелге бел буып, күнкөрістің ғана қамын емес, балалардың болашағын ойлап, өсу мен өркендеуді, әсіресе, көпбалалы аналар ойласа екен.

– Сіз фермер әйелдердің басын бір арнаға тоғыстырып, «Жер ана» фермер әйелдердің корпоративті қорын құрдыңыз. Идея қайдан туды? Қордың жұмысы туралы айтып берсеңіз…

– Қор 1999-2000 жылдары құрылған болатын. О баста 5-6 бөлмеде орналасқан мекемеде шалғай ауылдан сан түрлі мәселемен қыз-келіншектер келетін. Біздің қорға алдын ала қандай мәселемен, қанша күнге келе жатқанын хабарлаған нәзікжандыларға мамандарды сол келетін күнге жинап, қолдан келгенше мәселесін шешуге тырыстық. Ол тұста облыс әкімі Серік Үмбетов еді. Біздің қорға да сол тұстағы басшылықтар түсіністікпен қарап, қыз-келіншектердің мәселесін шешуде барынша белсенділік танытатын. Біздер облыс әкімімен айына 1-2 рет кездесу өткізіп, өз ойымызды ашық жеткізіп, мәселелердің шешілуін қамтамасыз ететінбіз. Ол кезде көбінде жер мәселесі, пәтерге кезекке тұру сияқты тақырыптар өзекті еді. Құрылған күннен бастап біздер еліміздің өзге аймақтарымен тығыз қарым-қатынас орнаттық. Қорға Қарағанды, Ақмола, Павлодар, Ақтау облыстарының әйелдері де мүше. Бұл тұста «Қарағанды ҚазАгро» қауымдастығының төрайымы болған марқұм Клара Омаровамен көптеген жобаларды жасап, ауыл қыз-келіншектерінің имиджін көтеруде аянбай еңбек еттік. Біздер сан түрлі мәселені шешуде барынша белсенді болдық. Шыны керек, Байзақ ауданында жерімізді құртып, қалпына келтірмеген Қытай мен Азия компанияларының өкілдерімен соттасқан болатынбыз. Қайта-қайта Қытайға барып, соттың табалдырығын 3 жылдай тоздырып, діттеген мақсатымызға жеттік.

– Бүгінде аналар өз мұңын әкімдіктің алдында митинг ұйымдастырып жеткізетін болды. Сіздің ойыңызша, бұған кім кінәлі?

– Осы мәселе мені де ойландырады. Баланы біз өзіміз үшін дүниеге алып келеміз. Оны әкімдікке барып, шенділердің алдына лақтырып, кімге, нені дәлелдемекпіз? Әкімдікте отырған атқамінер азаматтар заңнан асып, көпбалалы аналарға жағдай жасай алмайды. Ал заңды Мәжілісте, Парламентте шығарады. Бүгінде жаһанданудың белгілі бір деңгейіне жеттік. Президентке дейін хат жолдауға мүмкіндік бар. Шыны керек, өз мұңыңызды, мәселеңізді айқайлап шеше алмайсыздар. Мен ата-аналардың ішінде белсенділерді танимын. Сол кісілер бірігіп, 10 шақты көпбалалы ананы жинап, шулап-айқайламай өз мәселелерін шешуде арнайы сала мамандарымен кездесулер мен дөңгелек үстелдер өткізсін. Бүгінде жағдай жасалып жатқан жоқ емес. Арнайы орталықтар мен әрбір мекемеде ашықтық бар. Тіпті облыс әкімінің қолдауымен «Бақытты отбасы» орталығы да жұмыс істейді. Онда арнайы мамандар тегін кеңес беріп, тіпті арнайы курстарды тегін оқытады. Сондай-ақ әкімдіктің қызметкерлері көпбалалы аналардан «қорықпай», олармен жиі кездесулер өткізіп, мән-жайды бақылауда ұстаса, аналар да байбалам салмайды деп ойлаймын.

– Сіз аяулы ана, ардақты әжесіз. Бала тәрбиесіндегі ұстанымыңыз қандай?

– Баланың тәрбиесі табалдырықтан басталады. Оған мектеп немесе орта жауап бермейді. Біздің үйде темірдей тәртіп болды. Ұлым мен қыздарым әкелерінің қатал тәрбиесін көрді. Кешқұрым себепсіз сыртқа шығу, орынсыз жүріп-тұру біздің отбасында болған емес. Бірақ отағасы балаларға қатты дауысын көтеріп, айқайлап, зекіп, ұрысқанын көрмедім. Махаббатпен тәрбиеленген балалардың болашағы жарқын болатынын өзімнің ұл-қыздарыма қарап айта аламын. Әрине, біздер әр сенбі-жексенбі жұмысты ысырып қойып, күнімізді отбасымызға арнайтынбыз. Бүгінде сол тәрбиені ұлым полковник Тимурдан көремін. Әкесінен көрген тәрбиесін ұл-қыздарына беруде. Бұл да ұрпақтар сабақтастығы деп білемін. Адам бірінші баласын емес, өзін тәрбиелеу керек деп ойлаймын.

– Мереке қарсаңында аруларға тілегіңіз болса…

– Әрине, көктемнің алғашқы күндерімен қатар келетін мейрамда жанұяларыңызға жылулық, отбасыларыңызға амандық тілеймін. Бүгінгі таңда қазақ қызы, аяулы жар, ардақты ана деген атқа кір келтіріп жүрген нәзікжандылар арамызда бар. Бірақ дұрыс жолға түсу, өміріңді өзгерту бір-ақ сәтте. Ешқашан кеш емес. Болашағымызды бүгіннен ойласақ, жақсы ғұмыр кешуге, ұрпағымыз мақтанатын, үлгі алатын өмірдің өрнегін өрейік, құрметті қыз-келіншектер. Себебі ана – бәрінің бастау бұлағы, сарқылмас қайнары.

– Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан
Арайлым ШАБДЕНОВА

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.