Қалалық қоғамдық-саяси газет

Сыбайластық сыйлық беруден басталады

0 1  212

Сыбайлас жемқорлық Қазақстанның ұлттық қауіпсіздігіне, мемлекет пен қоғамның тұрақтылығына қатер төндіреді, халықаралық аренада Қазақстан Республикасының жағымсыз имиджін жасай отырып, жүргізіліп жатқан экономикалық жəне əлеуметтік реформаларға кедергі жасайтыны сөзсіз. Сыбайлас жемқорлық жемқор жəне адал (жергілікті немесе шетелдік) кəсіпкерлерді алдын ала теңсіздік жағдайына қоя отырып, сыртқы жəне ішкі нарықтардағы бəсекелестікке нұқсан келтіріп, ұлттық экономикаға жағымсыз əсер етеді. Сыбайлас жемқорлық жөніндегі тəуелсіз сарапшылар қауымдастығының бағалауы бойынша, ол Қазақстанда тауарлар мен қызметтердің құнын көтереді, бұдан ең алдымен халық зиян шегетіні анық.

Сыбайлас жемқорлық бизнес жүргізудің экономикалық жəне қаржылық ортасына зиян келтіріп, мемлекеттік басқару мен бизнестің тиімділігін, инвестицияларға ынталарын төмендетеді, экономикалық жəне саяси дамуды тежейді, əлеуметтік теңсіздікті туындатады, сондай-ақ саяси үдеріске белгілі бір тұрақсыздықты енгізеді.
Құқық қорғау органдары қабылдап жатқан сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес шараларына қарамастан, олар айтарлықтай нəтиже бермей отыр. Қазақстан Республикасының Экономикалық қылмысқа жəне сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттігінің ресми мəліметтеріне сəйкес, егер 2005 жылы анықталған сыбайлас жемқорлық қылмыстар бойынша келтірілген зиян сомасы 379 миллион теңгені ғана құраса, 2012 жылы осы көрсеткіш 7,8 миллиард теңгеге дейін өскен. Ал ҚР Білім жəне ғылым министрлігінің Ғылым комитетінің экономика институтының директоры Сәкен Еспаевтың мəліметтері бойынша, 1994-2013 жылдардағы Қазақстанға жемқорлықтан келген зиян 7,5 миллиард долларға тең. Соңғы екі онжылдықта елден 120 миллиард долларға жуық капитал кеткен. Соның ішінде біразы сыбайлас жемқорлық салдарынан.
Бұл көрсеткіштер, əрине, көңіл көншітерлік емес. Алдыңғы қатарлы 30 елдің қатарына қосылуды мақсат етіп отырған біздің ел үшін жақсы көрсеткіш деп айта алмаймыз. Осы құбылыстың ұлттық қауіпсіздігімізге қатер екендігі ҚР Президентінің Қазақстан халқына Жолдауы «Қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты «Қазақстан-2050» Стратегиясында: «Жемқорлық – жай құқық бұзушылық емес. Ол мемлекеттің тиімділігіне деген сенімді сетінетеді жəне ұлттық қауіпсіздікке төнген тікелей қатер», – деп көрсетіледі.
Сыбайлас жемқорлықтың мемлекеттің бəсекеге қабілеттілігін едəуір төмендететіні, қоғамда демократиялық қайта құруларды жүзеге асыруды тежейтіні, елдің халықаралық беделіне көлеңке түсіретіні белгілі. Ең бастысы, адамдардың қоғамдық демократиялық негізіне деген сеніміне, заң мен əділдікке деген сеніміне, түптеп келгенде, билікке деген сеніміне сызат түсіретіні даусыз. Сондықтан да сыбайлас жемқорлықпен күресте əлемдік елдердің нəтижелі тəжірибесін талдап, анықтау біз үшін маңызды.
Жемқорлықты қабылдамау индексінде көш бастап тұрған елдердің тәжірибесін зерделеп көрсек, соңғы бес жылдың ішінде алдыңғы қатардан көрінген Дания өз елінде сыбайлас жемқорлықпен күресетін бір емес, бірнеше ұйым құрған. Данияның халықаралық даму агенттігі, Экспорттық операцияларды несиелеу агенттігі, Дания өнеркәсібінің конфедерациясы, Сауда кеңесі секілді ұйымдар осы елдегі «Халықаралық даму агенттігі» Ассоциациясының құрамына енеді. Ассоциация мүшелері өз келісімшарттарына сыбайлас жемқорлыққа төзбеушілік туралы ережелерді енгізу арқылы халықаралық деңгейдегі сыбайлас жмқорлықтың тамырына балта шауып қана қоймай, өз еліндегі парақорлыққа төзбеушілік саясатын жүргізеді. Сонымен қатар Данияда біздің еліміздегідей шенеуніктердің кәсіби Әдеп кодексі қолданылады. «Транспаренси Интернешнл» 2013 жылы Даниядағы сыбайлас жемқорлыққа қатысты жүргізген зерттеулер нəтижесіне сəйкес, төмендегідей қорытындылар жасалған: Даниядағы сыбайлас жемқорлыққа «ымырасыздық» ең алдымен күшті мемлекеттік басқару мəдениетімен байланысты. Бұл жүйеде бұқаралық ақпарат құралдары маңызды орын алады. Сыбайлас жемқорлыққа байланысты құқық бұзушылықтардың көптеген оқиғалары бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланып жəне ұлттық аудиторлық бюрода, парламенттік омбудсмендердің талқылауына түседі. Яғни бұқаралық ақпарат құралдары өз жұмыстарын нəтижелі жүргізеді. Сыбайлас жемқорлық Данияда күрделі мəселе болмағандықтан, қоғамдық үрдістерге жəне мүдделерге ықпал ететін тақырып болып табылмайды. Ел азаматтары дат мекемелері мен лауазымды тұлғаларына «дұрыс» қарайды жəне олардың беделі жоғары. Елдің көптеген компаниялары өз ішінде жəне сыртқы серіктестермен жұмыс істеу барысында жемқорлыққа «ымырасыздық» саясатын ұстануда.
Соңғы жылдары жемқорлықты қабылдамау индексінде екінші орынға шыққан Финляндияда сыбайлас жемқорлыққа жол бермеу үшін мемлекет саясатының негізгі қағидалары заң шеңберінде жүзеге асырылады. Олар: құқық қорғау, саяси, қаржылық және кадрлық тәуелсіздік, тәуелсіз бұқаралық ақпарат құралдарының жұмысы, лауазымды тұлғалардың шешім қабылдау үрдісінің жариялылығы, мемлекеттік органдардың экономикалық секторға бақылау жүргізуін азайту, сыбайлас жемқорлықпен күрес барысында көмек көрсеткен азаматтарға мемлекет тарапынан қолдау көрсету, мемлекеттік орган басшыларының парламент мүшелеріне есеп беруі, мемлекеттік қызметшілерге жоғарғы жалақы төлеу, олардың еңбек өтіліне қарай әлеуметтік қамтылуы және, ең бастысы, фин қоғамының және лауазымды тұлғалар корпусының сыбайлас жемқорлыққа төзбеушілік мәдениеті. Атап өтерлігі, Финляндияда сыбайлас жемқорлықпен күрес жүргізудің арнайы моделі жоқ. Ең бастысы, бұл елде биліктің ашықтығы мен жариялылығы, мемлекеттік әкімшілікте заңдылықты қамтамасыз ету, лауазымды тұлғалардың жауапкершілігі мен парасаттылығы заң жүзінде бекітілген. «Мемлекеттік қызмет туралы» Заң нормалары бойынша фин шенеуніктеріне түрлі сыйлықтар алуға, өзге адамдардың есебінен көңіл көтеруге тыйым салынады. Сондай-ақ жоғары лауазымды тұлғалар, оның ішінде Үкімет мүшелері мен Парламент депутаттары жыл сайын өздерінің табыстары туралы декларация тапсырып, оларды халықтың танысуы үшін ашық түрде жариялайды.
Жемқорлықты қабылдамау индексінде үшінші орында тұрған Швецияда сыбайлас жемқорлықты жоюға бағытталған кешенді шаралар жүзеге асырылады. Оның ішінде мемлекеттік құжаттардың жариялылығы, құқық қорғау жүйесінің тәуелсіздігі қағидалары бар. Сонымен қатар швед парламенті мен үкіметі мемлекеттік қызметшілердің кәсіби жауапкершілігі мен жоғары этикалық стандарттарын заң жүзінде бекітіп берді.
XIX ғасырдың ортасына дейін Швеция сыбайлас жемқорлыққа белшесінен батқан ел болып табылды. Бірақ та саяси элитаның елді толықтай модернизациялау туралы стратегиялық шешімі қабылданғаннан кейін шенеуніктердің меркантильді ойларын толықтай жоққа шығаруға бағытталған іс-шаралар əзірленіп жəне жүзеге асырыла бастады. Мемлекеттік реттеу тыйымдар мен рұқсаттар арқылы емес, адал жəне жауапты басқару стимулдары – салықтар, жеңілдіктер мен субсидияларға негізделді. Азаматтар үшін мемлекеттік басқарудың ішкі құжаттарымен танысуға жол ашылып, мемлекеттің қалай жұмыс істейтінін түсінгісі келетіндерге мүмкіндік берілді. Ең бастысы, тəуелсіз жəне нəтижелі сот жүйесі қалыптасты.
Сонымен бірге швед парламенті мен үкіметі шенеуніктер үшін жоғары этикалық стандарттар бекітіп жəне оны орындатуға күш салды. Небары бірнеше жылдан кейін мемлекеттік бюрократия арасында адалдық беделді нормаға айналды. Шенеуніктердің еңбекақысы басында жұмысшылардың жалақысынан 12-15 есе көп болған. Алайда ел үкіметінің мақсатты əрекетінің барысында бұл айырмашылық екі есеге төмендеді. Бүгінде Швеция – сыбайлас жемқорлық деңгейі өте төмен елдердің бірі.
Швецияда сыбайлас жемқорлыққа қарсы тұруда шіркеу мен қоғамдық пікір үлкен орын алады. Сол арқылы бұл елде аз уақытта өте жоғары табысқа ие болған қандай да болмасын бизнесменге немесе шығыстары табысынан əлдеқайда жоғары шенеунікке күдікпен қарайды. Қоғамдық пікір бұл бизнесменді оқшауландырып, сондықтан оған бизнесте де, күнделікті тіршілікте де сенімсіздік білдіре бастайды. Жəне қоғамдық пікір мұндай шенеунікті қызметтен кетуге мəжбүрлеп, оған мемлекеттік қызметте жəне жеке бизнесте жұмыс табуға мүмкіндік бермейді. Қоғамдық пікір сыбайлас жемқорлықты, жалпы жеке бизнес пен мемлекеттік қызметтегі «арам пиғылды» сирек құбылысқа айналдырды. Ешқандай заңдық реттеу жолымен немесе тіпті қылмыстық жазалау жолымен де мұндай көрсеткіштерге қол жеткізу мүмкін емес.
Көптеген елдер сыбайлас жемқорлықпен күресте өздеріне ғана тән әлеуметтік, мәдени ерекшеліктерге мән береді. Мәселен, Қытай Халық Республикасындағы мемлекеттік қызметшілердің партия мектебінде парақорлықпен күресу үшін медитация, қытайлық тыныс гимнастикасы, шығыс жекпе-жектерінің элементтеріне негізделген арнайы жаттығулар өткізіледі. Халық арасында бұл жаттығулар «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы тай-цзи» деп аталып кетті. Лауазымды тұлғалар күн сайын «Жемқорлыққа қарсы күрес бойынша өзін-өзі тәртіпке шақыру дағдыларын қалыптастыру жаттығулары» бағдарламасына қатысады. Тренинг барысында олар өздерінен «Маған 15 мың доллар пара берсе, алар ма едім? Ал егер 1,5 миллион доллар ұсынса ше? Жемқорлығым үшін жазаға тартылуға әзірмін бе? Маған өлім жазасы тағайындалса ше?» деген сауалдарға жауап алады. Айта кету керек, Қытай – сыбайлас жемқорлық үшін өлім жазасы ең көп тағайындалатын мемлекет. 2000 жылдан бері Қытайда жемқорлық үшін айыпталған 10 мыңға жуық шендіге өлім жазасы кесіліп, ол жаза жүзеге асырылды. Яғни орта есеппен әр күн сайын 3 шенеунік өлім жазасына кесіледі деген сөз. Қытайлықтар жемқорлықпен тек медитация және өлім жазасын тағайындау арқылы ғана күреспейді. 2007 жылы бұл елде қалың бұқараға арналған «Сатылмайтын батыр» (Incorruptible Fighter)» онлайн ойыны жасап шығарылды. Ойын барысында қатысушылар парақор шенеуніктерді ғана емес, олардың туыстарын да қырып-жояды. Жемқорларды қарумен, магия және азаптау құралдарының көмегімен жазалауға болады.
Сыбайлас жемқорлықпен күрес жоғары саяси деңгейде де жүргізіледі. Шанхай қалалық партия комитетінің төрағасы Чэнь Лянъюй 18 жылға бас бостандығынан айырылса, Пекин мэрінің бұрынғы орынбасары Лю Чжихуа алдымен өлім жазасына кесіліп, кейін өмір бойы түрмеде отыратын болды. Сарапшылардың айтуынша, Қытайдағы жемқорлыққа қарсы күрес шараларының нәтижесінде жыл сайын 45 мың шенеунік пен 20 мың құқық қорғау органдарының қызметкерлері бостандығынан айырылады.
Шығыстағы көршіміз Қытайда кəсіп-кердің жекеменшігіне кез келген қол сұғушылық ауыр мемлекеттік қылмыс болып табылады. Кез келген мұндай қол сұғушылық фактісіне полиция немесе басқа да билік органдары тарапынан сылбыр қимыл бұл ауыр қылмысқа болысушылық болып саналады. Жекеменшік құқығы, сондай-ақ жеке тұлғалар мен мемлекет арасындағы келісімшарттардың нормалары мен мерзімдерінің қандай жағдай болмасын өзгерместігі арқылы қорғалады. Қытайда барлық келісімшартттар билік органдарымен қатаң сақталады.
Жекеменшіктің жəне кəсіпкерліктің нақты мұндай қорғалуы қоғамда жақсы сезіледі. Қытайлықтар кəсіпкерлікпен құлшына айналысып, елге жергілікті билікке сенетін көптеген шетелдік инвесторлар тартылады. Осының барлығы, əрине, Қытайдың жылдам экономикалық өсіміне ықпал етеді.
Көптеген ғасырлар бойы Қытай бюрократиясы елдегі ерекше каста болды жəне қоғамдық игіліктерді уысында ұстады. Өз əлеуметтік жағдайларын жақсартуды ойлаған надан бюрократияның кесірінен Қытай көптеген уақыт бойы дамуда тежеліп қалды. Кадрлық жұмысшының мəртебесі (ганьбу) қоғамда ерекше орын алып, басқаларға қарағанда, жоғары өмір сүру деңгейін қамтамасыз етті. Қытайдағы нарықтық қатынастардың дамуы бюрократтардың жауапты лауазымдарда бола отырып, мемлекеттік ресурстарды реттеу мен бизнесмендерге рұқсат беру құқығын берді. Бұл мүмкіндіктер көптеген Қытай шенеуніктерін сыбайлас жемқорлық əрекеттерін жасауға, мемлекет пен жеке бизнес есебінен заңсыз байытуға итермеледі.
Қазіргі Қытайда билік органдарының жəне шенеуніктердің жеке бизнеске қысым жасауы төменгі деңгейде. Бұған сыбайлас жемқорлыққа қарсы қытай заңнамасының қаталдығы себепші. Қытай билігі шенеуніктердің жемқорлық əрекеттерін елдің экономикалық дамуына қатер деп анықтауымен байланысты. Жəне де, олардың ойынша, жемқорлыққа, ең біріншіден, себепші болатын – шенеуніктер. Бизнесті қолдаудың тағы бір маңызды факторы – шенеуніктердің заңсыз əрекеттерінен олар зардап шегетін болса, мемлекет ол шенеунік үшін шығынның орнын жауып, содан кейін ол шенеуніктің отбасынан, туысқандарынан өндіріп алады.
Бірақ та мемлекет өз шенеуніктерінен өртке қарсы қауіпсіздіктің, санитарлық бақылау жəне басқа да мемлекеттің бақылаушы қызметтері үшін жауапкершіліктен босатпайды. Егер де мысалға, жеке кəсіпорында өрт бола қалған жағдайда бірінші кезекте осы кəсіпорын үшін жауап беретін инспектор кінəлі деп танылып, қатаң жазаға ұшырауы мүмкін. Сондықтан ол инспектор бизнесменді өрт қауіпсіздігі сақталмаған деп санап, бизнесменді оған қарсы əрекет жасауға көндіре алмаса, өртке қарсы құралдарды өз есебінен алуы жиі кездеседі.
1965 жылы тəуелсіздік алғаннан кейін Сингапур сыбайлас жемқорлықтың деңгейі өте жоғары ел болып саналды. Сыбайлас жемқорлықтың белең алғаны сонша, ол адамдардың өмір сүру салтына айналған. Салыстырмалы түрде аз тарихи уақытта, яғни тəуелсіздік алғаннан бастап қазіргі уақытқа дейін, кедей елден жоғары дамыған постиндустриялы елге айналды. Бұл жол 1959 жылы Сингапурдың премьер-министрі Ли Куан Ю жасаған таңдауды жүзеге асыру жолы болып табылады. Дəл осы адам, тұщы су мен құрылыс құмы сырттан əкелінетін портты қаланы Оңтүстік-Шығыс Азияның қаржы жəне сауда орталығына айналдыруды көздеді. Бұл үшін сыбайлас жемқорлықтың деңгейін төмендету қажет болды. Оны төмендету стратегиясы кешенді түрде жүзеге асты: шенеуніктердің қызметі қатаң реттелді, барлық заңдардағы екі мағыналық жойылып, көптеген рұқсат ету жəне лицензиялау түрлері алынып тасталды, заңның үстемдігі жəне заң алдында барлығы тең принципі қалтықсыз жүзеге асырылды, билік органдарының қызметін қарапайымдандырылып, этикалық стандарттардың сақталуы қатаң қадағаланды.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы тұрудың орталығы «Сыбайлас жемқорлық оқиғаларын тергеудің тəуелсіз бюросы» деп танылды. Бұл – əлемдегі ең бірінші арнайы мамандандырылған сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес органы. Оған азаматтар мемлекеттік қызметкерлерге қатысты арызданып жəне шығындарын қайтаруды талап ете алады. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы науқан басталған кезде бұл бюро Ли Куан Юдың үкімет мүшелеріне жəне оның жақын туыстарына да қарсы тергеулерді жүргізуге бастамашы болды. Сыбайлас жемқорлықпен ұсталған бірқатар министрлер нақты бас бостандығынан айыру шараларына ұшырады. Бұл əрекеттер арқылы Ли Куан Ю мемлекеттің барлық азаматтарына өз үкіметінде министрлер мен өзге де жауапты тұлғалар, адал жəне жоғары кəсіби білікті мамандар ғана бола алатынын дəлелдеді. Сыбайлас жемқорлықтың деңгейін төмендете отырып, Ли Куан Ю сингапурлықтарға аяусыз еңбек пен біліктіліктің əрқашан да жоғары ақыға ие болатынына жəне жоғары өмір сүру деңгейіне алып келетінін дəлелдеді. Қауіпсіз жəне жемқорлықтан еркін мемлекеттің бейнесін қалыптастыра отырып, олар экономикаға ішкі жəне сыртқы инвистицияны көптеп тарту арқылы жоғары экономикалық өрлеуге қол жеткізді. Бірақ та бұл нəтиже сыбайлас жемқорлыққа үнемі қарсы шаралар қабылдағанда ғана қолжетімді. Осы мақсатта Сингапурдың жемқорлыққа қатысты заңнамасы оған жол бермеу үшін жетілдіріліп отырады.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.