Қалалық қоғамдық-саяси газет

Сыбайлас жемқорлық – қоғам дерті

0 2  757

Сыбайлас жемқорлықпен күресу еліміздің бүгінгі күнгі күрделі мәселелерінің бірі болып отыр. Үлкен әлеуметтік қасірет болып табылатын ол саяси даму тұрғысынан бір-біріне ұқсамайтын әлемдегі барлық елдердің қайсын болмасын да қатты алаңдататыны айқын.

Сыбайлас жемқорлықтың мемлекеттің бәсекеге қабілеттілігін едәуір төмендететіні, қоғамда демократиялық қайта құруларды жүзеге асыруды тежейтіні, елдің халықаралық беделіне көлеңке түсіретіні белгілі. Ең бастысы — адамдардың қоғамның демократиялық негізіне деген сеніміне, заң мен әділдікке деген сеніміне, түптеп келгенде, билікке деген сеніміне кері әсер ететіні хақ.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы стретегияның негізгі басымдықтарының бірі – сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениет деңгейін қалыптастыру болып табылады. «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» Қазақстан Республикасының Заңында «сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру – сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл субъектілерінің қоғамда сыбайлас жемқорлыққа төзбеушілікті көрсететін құндылықтар жүйесін сақтау және нығайту бойынша өз құзыреті шегінде жүзеге асыратын қызметі» деп түсіндіріледі..

Яғни, сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениет – бұл адамның саналы және адамгершілікпен сыбайлас жемқорлыққа қарсы тұру қабілеті. Тұлғаның сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениеті дегеніміз, ол сол тұлғаның қоғам қауіпсіздігіне және игілігіне сыбайлас жемқорлықтың зияны туралы білімін қамтитын қасиеті. Ол индивидтің жай ғана сыбайлас жемқорлықты төзбеуі ғана емес, сонымен қатар оны жоюға, онымен күресуге талпынуы болып табылады.

 «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» Заң талабының аясында жемқорлыққа қарсы іс-әрекеттер әр салада жүзеге асырылуда. Әсіресе, халық парақорлық дертімен жиі бетпе-бет келеді. Сыбайлас жемқорлықпен күресті жеке қарау мүмкін емес. Сондықтан, кез келген ортада пара беру мен пара алудың жолын кесуде қоғам болып белсенділік танытуымыз қажет.

Мемлекеттік қызметшілердің сыбайлас жемқорлық қылмыстар және осы тұрғыдағы құқық бұзушылықтарға бой алдыруының себебі көп. Оған ең алдымен қызметшілердің білім деңгейінің, әдептілік ұстанымының төмен болуы әсер ететін болса керек. Кей мемлекеттік қызметшілердің құқық бұзушылыққа немқұрайлылық танытуы, кәсіби әдептілігінің жетіспеуі де, жеке басының қамын ойлауы да парақорлықтың дендеуіне септігін тигізуде. Осы орайда, Қазақстан Республикасы 2015 жылғы 18 қарашадағы «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» Заңының талаптарын орындау мақсатында облысымыздағы құзырлы органдардың тарапынан ветеринария басқармасында жүйелі түрде сыбайлас жемқорлықтың алдын алу, Әдеп кодексі және мемлекеттік қызмет дін мәселелері салаларында Қазақстан Республикасының заңнамаларын сақтау, сондай-ақ осы заңнамалық актілерге енгізілген жаңашылдықтар бойынша түсіндірме жұмыстар жүргізіледі.

Сонымен қатар, ішкі жоспарға сәйкес ұжым қызметкелеріне жыл басынан бастап, сыбайлас жемқорлықтың алдын алу, мемлекеттік қызметшілердің Әдеп кодексі бойынша құқықтық оқытулар, семинар сабақтары ұйымдастырылып өткізілуде. Мамандар арасында сыбайлас жемқорлықтың алдын алу жұмыстары үнемі бақылауға алынған. Ветеринария басқармасының ресми сайтында және әлеуметтік желілерінде (facebook, Instagram) сыбайлас жемқорлықтың алдын алу және оған жол бермеу тақырыбында мақалалар үнемі жарияланады.

Жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін уақытылы және сапалы қарау қадағаланып, барлық өтініштер белгіленген мерзімде қаралады. Басқармада мемлекеттік қызметтің 3 түрі көрсетіледі. Мемлекеттік қызметтер «elicense.kz» веб порталы арқылы электрондық түрде қабылданып, заң шеңберінде қаралып жауап беріледі.

Түйіндей келе, Қазақстан Республикасының әр азаматы сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыра білсе еліміздің дамуы бұданда биік дәрежеге көтерілетіні хақ. Жалпы, кез-келген қызметкер өз отбасында, әріптетерінің арасында осы бір қағидаларды ұран қыла білсе, бұл індеттің түбімен жойылатыны анық.

Әрбір қоғам дамуының жақсы жағымен қатар көлеңкелі тұсы да қатар жүретіндіктен, елдің әлеуметтік хал-ахуалының жақсарып, экономикалық жоғары даму деңгейіне жетуді, халқымыздың демографиялық өсіп-өнуін көздеген шаралар жасалынып жатқан кезде, алға басқан қадамды кейін тартып, дамуымызға тежеу болып отырған сыбайлас жемқорлықпен күресті күшейту — әрқайсымыздың азаматтық борышымыз болып табылады.

Олжас КӨКЕЙ,
Жамбыл облысы әкімдігі
ветеринария басқармасы
басшысының орынбасары

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.