Қалалық қоғамдық-саяси газет

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы вакцина – «нөлдік төзбеушілік»

0 875

Қазіргі заманғы әлемде сыбайлас жемқорлықпен күресуді күшейту жұмысы үздіксіз жүргізілуде және әрдайым жетілдірілу үстінде. Әлемде сыбайлас жемқорлықпен күресу механизмінің барлық елдерге тиімді болатын бірегей жинағы жоқ. Әрбір мемлекет қолданатын сыбайлас жемқорлықпен күресу әдістерінің жиынтығы өзгеше, ол елдің саяси және экономикалық тұрақтылығына ғана емес, сонымен қатар әдет-ғұрпы мен салт-дәстүрлеріне, діни ерекшелігі мен құқықтық мәдениет деңгейіне және аумағы бойынша алатын жеріне, халқының саны мен орналасу тығыздығына да байланысты болып келеді.

Қазақстанда экономиканы жандандыру және ауқымды әлеуметтік түрлендіру жағдайында мемлекеттің сыбайлас жемқорлыққа қарсы бағытталған заманауи әлеуметтік-экономикалық саясатымен тығыз байланысқан бүтіндей стратегияның қажеттілігіне анық көз жеткізілді.

Осыған байланысты 2014 жылдың 26 желтоқсанында Қазақстан Республикасының 2015-2025 жылдарға арналған Сыбайлас жемқорлыққа қарсы жаңа стратегиясы бекітілді.

Стратегияның мақсаты мемлекеттің сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатының тиімділігін арттыру және сыбайлас жемқорлыққа қарсы қозғалысқа кез келген жемқорлықтың туындауына «нөлдік» төзімділік таныту атмосферасын құру жолын қолдану арқылы барлық қоғамды тарту, сондай-ақ Қазақстанда сыбайлас жемқорлық деңгейін төмендету болып табылады.

Стратегиямен белгіленген сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылдың басты бағыттары: мемлекеттік қызмет саласындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл, қоғамдық бақылау институтын енгізу, квазимемлекеттік және жекеше сектордағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл, соттар мен құқық қорғау органдарында сыбайлас жемқорлықтың алдын алу, сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениеттің деңгейін қалыптастыру, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша халықаралық ынтымақтастықты дамыту.

Осы бағыттар шеңберінде 2015 жылдың 18 қарашасында «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» Қазақстан Республикасының Заңы қолданысқа еңгізіліп, қоғамдағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл саласындағы қатынастарды реттеуге, сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатын жүзеге асыруға бағытталған мақсаттар мен жемқорлық құқық бұзушылықтар арасына нақты шек қойылатын міндеттер айқындалды.

Осы заң аясында қаржылық бақылау шараларын жүзеге асыру мақсатында мемлекеттік функцияларды орындауға уәкілеттік берілген адамдар мен олардың жұбайлары және өзге де айқындалған тұлғалар активтері мен міндеттемелері, кірістері мен мүлкі туралы декларацияларын заңмен белгіленген мерзімде ұсынуда.

Жауапты мемлекеттік лауазымды атқаратын адамдардың, мемлекеттік функцияларды орындауға уәкілеттік берілген адамдардың, оларға теңестірілген адамдар: мемлекеттік функцияларды орындаумен сыйыспайтын қызметті жүзеге асыру, жақын туыстарының, жұбайлары мен жекжаттарының бірге қызмет (жұмыс) істеуіне жол бермеу, мүліктік және мүліктік емес игіліктер мен артықшылықтар алу немесе табу мақсатында, ресми таратылуға жатпайтын қызметтік және өзге де ақпаратты пайдалану секілді сыбайлас жемқорлықтың алдын алуға бағытталған шектеулер қабылдауы міндеттелген.

Мемлекеттік қызметкерлерге педагогтік, ғылыми және өзге де шығармашылық қызметті қоспағанда, ақы төленетін басқа да қызметпен айналысуға тыйым салынған.

Кәсіпкерлік саласындағы сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтар жасауға ықпал ететін себептер мен жағдайларды барынша азайту мақсатында адал бәсекелестік қағидаттарын сақтау, мүдделер қақтығыстарын болғызбау, шешімдер қабылдау рәсімдерінің есептілігін, бақылауда болуын және ашықтығын қамтамасыз ететін тетіктерді белгілеу сияқты шаралар жүзеге асырылуда.

Кәсіпкерлік субъектілерінің құқығы мен заңды мүдделерін қамтамасыз ету мен қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәселелерді жедел әрі жүйелі шешу үшін «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасында Кәсіпкерлер құқығын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл кеңесі құрылған.

Сыбайлас жемқорлық көріністеріне төзімсіздік атмосферасын құру және қоғамдағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті насихаттау – Сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегияның негізгі бағыттарының бірі.

Қоғамда сыбайлас жемқорлыққа қарсы сананы қалыптастыру бойынша ағарту мен тәрбие жұмыстарына үлкен мән беріліп, соған байланысты мемлекеттік органдар мен қоғамдық ұйымдарда, білім беру мекемелерінде және бұқаралық ақпарат құралдарында сыбайлас жемқорлықтың кез келген көрінісіне төзбеушілік саясаты жүйелі түрде жүргізіліп, іс-шаралар өткізілуде.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл – мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі және коррупцияға қарсы тек мемлекеттің ғана емес, қоғамның мемлекеттік емес ұйымдардың, әрбір азаматтың міндеті болуы тиіс.

Осыдан алты жыл бұрын құрылған «ЖАҢАРУ» сыбайлас жемқорлыққа қарсы жалпыұлттық қозғалыс» республикалық қоғамдық бірлестігі бүгінде еліміздегі сыбайлас жемқорлыққа қарсы бағытталған ықпалды қоғамдық ұйымға айналды.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2020 жылғы 1 қыркүйектегі Қазақстан халқына Жолдауында: «Біз мемлекеттік бақылауға балама ретіндегі қоғамдық бақылау институтын қолдай отырып, тиісті құқықтық негіз қалыптастыруымыз керек. Мемлекеттік органдардың, квазимемлекеттік сектордың қоғам алдындағы ашықтығын және есептілігін қамтамасыз етуге жол ашатын «Қоғамдық бақылау туралы» Заңды әзірлеп, қабылдауды тапсырамын. Қоғамдық кеңестердің рөлін арттыра түсу керек. Оларды сатып алуды ұйымдастыратын комиссиялардың жұмысына тарту қажет», – деді.

Жолдауда Президент мемлекеттік бақылауға балама ретіндегі қоғамдық бақылау институтын қолдай отырып, тиісті құқықтық негіз қалыптастыруымыз керектігін, мемлекеттік органдардың, квазимемлекеттік сектордың қоғам алдындағы ашықтығын және есептілігін қамтамасыз етуге жол ашатын «Қоғамдық бақылау туралы» Заңды әзірлеп, қабылдауды тапсырды.

Бұған дейін 2015 жылдың 2 қарашасында «Қоғамдық кеңестер туралы» ҚР Заңы қабылданғаны белгілі. Қазақстанның барлық өңірін қамтыған қоғамдық кеңестер 2016 жылдың қаңтарынан бастап жұмыс істей бастады. Осы қоғамдық кеңестер арқылы Қазақстанның кез келген азаматы мемлекеттік органдардың қызметіне қоғамдық негізде үн қоса алады. Яғни мемлекеттік органдардың қандай да бір шешімдерді қабылдауына ықпал етеді.

Стратегияда көзделген мемлекет тіршілігіне азаматтық бақылау жүйесін құру және енгізуге мүмкіндік беретін, сондай-ақ азаматтардың көпшілік ақпаратқа еркін рұқсат алуын қамтамасыз ететін «Рұқсаттар және хабарламалар туралы» Заң күшіне енгізілген. Аталған заңмен тұтынушылар, кәсіпкерлер және мемлекет мүдделерінің теңгерімі, сыбайлас жемқорлықтан азат болу, мемлекеттік органдарда бар, пайдаланылуы шектелмеген және мүдделі адамдарға қажетті ақпарат қолжетімді болуы және рәсімдер мен талаптар барлық мүдделі адамдар үшін түсінікті болуы көзделген.
Өңірімізде барлық деңгейдегі әкімдіктердің сервистік форматқа көшуі «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасына сәйкес жүзеге асырылуда. Жобаның басты мақсаты – халық үшін мемлекеттік органдардың қолжетімділігін арттыру және кедергісіз кеңістікті қалыптастыру (open space).

2019 жылы Тараз қаласының әкімдігі Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Жамбыл облысы бойынша департаментімен бірлесіп жаңа форматта қызмет көрсететін «Жамбыл – Адалдық алаңы» жобасын іске асыру аясында Тараз қаласы әкімдігінің сәулет және қала құрылысы бөлімінің ғимаратында орналастырылып, іске қосылды. Мемлекеттік қызметтерді цифрландыру мен автоматтандыруды қамтамасыз ететін бірыңғай геоплатформа құрылды.

2020 жылы Тараз қаласы Төле би көшесі, 55-ші үйде «Open space» форматындағы сервистік қала әкімдігінің кеңсесі ашылды. Мұнда облыс орталығының тұрғындарына ауыл шаруашылығы, кәсіпкерлік, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, құрылыс, дене шынықтыру және спорт саласындағы қызметтер ұсынылуда.

Сыбайлас жемқорлық көріністері үшін алғышарттардың бірі шенеуніктің азаматпен тікелей байланысы болуы саналады. Мемлекеттік көрсетілетін қызметі алу рәсімі неғұрлым оңай және ашық болса, сыбайлас жемқорлықтың деңгейі де соншалықты төмен болады.

Осыған байланысты бірқатар мемлекеттік функцияларды мемлекеттік емес секторға – өзін-өзі реттейтін ұйымдарға кезең-кезеңімен беру іске асырылуда. Нәтижелі мысал ретінде «Азаматтарға арналған үкімет» (бұрынғы Халыққа қызмет көрсету орталығы) корпорациясының жұмысын атауға болады. Сыбайлас жемқорлыққа жағдай туғызатын төрешілдік пен әкімшілік кедергілерін жою үшін мемлекеттік қызметті «жалғыз терезе» қағидаты бойынша көрсету үшін құрылған. Басты оң қасиеттері – барлығына тең қолжетімділікті қамтамасыз етуі, әртүрлі органдардың қызметтерін бір жерде алуға мүмкіндігінің жасалауы, сондай-ақ құжатты орындаушы мен клиенттер арасында тікелей байланысты болдырмау.

Тараз қаласы әкімдігінің бірнеше бөлімдерінде «Өзіне-өзі қызмет көрсету бұрыштары» ашылған. Бұл дегеніміз – электрондық веб-портал арқылы алынатын қызметтерді алуды қамтамасыз ету. Бар болғаны, электрондық сандық қолтаңба мен ғаламтор желісімен жұмыс істей білу қажет. Қарапайым халыққа да қажетті мемлекеттік көрсетілетін қызметтерді ешкімнің көмегінсіз санаулы минуттарда сапалы алуға қол жеткізуге үйрету де мұнда басты назарда.

Заңдардың сапасын көтеру және мемлекеттік қызметкерлерге заңдарды бұрмалауға мүмкіндік бермеу мақсатында ағымдағы жылы Үкімет тарапынан «Нормативтік құқықтық актілер жобаларына сыбайлас жемқорлыққа қарсы ғылыми сараптама жүргізу қағидалары» бекітілді.

Жасыратыны жоқ, сыбайлас жемқорлық дертінің пайда болу себептері әлеуметтік, экономикалық жағдаятарынан қалыптасуы мүмкін. Сондықтан осы зұлымдықпен күресте себептерді дер кезінде анықтау және мемлекеттік басқару жүйесінде сыбайлас жемқорлық көріністерін туындататын жағдайлардың өзін жою бойынша кешенді әлеуметтік-экономикалық, ұйымдық-құқықтық, оның ішінде идеологиялық-тәрбиелік шараларды іске асыру маңызды.

Адалдық пен әділдік барлық қоғамдық және әлеуметтік қарым-қатынаста сезілуі және көрініс табуы тиіс. Балабақша, мектеп табалдырығынан бастап өскелең ұрпақтың ішкі жан дүниесіне қозғау салып, санаға әсер ету арқылы ар-абырой, адалдық пен әдептілік қасиеттерін бойына мол сіңірген жеке тұлға қалыптастырудан бастау керек.

Сыбайлас жемқорлық, бірінші кезекте, өзінің қызметтік жағдайын өзін байытуы үшін пайдалануға жол беретін немесе жол бермейтін жеке адамның, шенеуніктің әдептілік, ішкі жай-күйін бейнелейтінін түсіну маңызды.

Мұндай құбылысқа қарсы тұрудың негізгі факторларының ішінде ымырасыздықты, азаматтардың құқықтық мәдениеті мен құқықтық санасының деңгейін арттыруды атап өтуге болады. Әсіресе, жастар арасында жұмыс жүргізу және оларды жүргізіліп жатқан сыбайлас жемқорлыққа қарсы реформаларға тартуға ықпал ету маңызды. Әрбір қазақстандық бұл зұлымдықтың сөзсіз жазаланатынын түсінуі керек.

Аталған қоғам дертімен бұқаралық ақпарат құралдарының рөлін едәуір арттыру қажет. БАҚ тек ақпарат көзі ғана емес, ең бастысы, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жүйесінің бір бөлігі, елдің сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегиясын ілгерілетудің маңызды құралы болуы тиіс.
Жемқорлық пен парақорлық қасиетті Құранда харам және қылмыс іс ретінде көрсетілген. Шариғаттағы жемқорлықтың үкімі – харам. Яғни үзілді-кесілді тыйым салынған. Асыл дінімізде жемқорлық үлкен күнәлар қатарына жатады. Бұл жөнінде Алла Тағала қасиетті Құран Кәрімде («Мәида» сүресі, 42-аят): «Олар өтірікке құлақ салушы, арам жеушілер. (Мұхаммед ғ.с.) егер олар саған келсе, араларына үкім бер немесе олардан жүзіңді бұр. Егер олардан жүз бұрсаң, олар саған ешбір зиянын тигізе алмайды. Ал егер араларына үкім берсең, тура үкім бер. Шексіз Алла турашылдарды сүйеді», – деген. Аяттағы «арам жеушілер» дегені – өзгенің мал-мүлкін иемденіп, ақысын жегендер. Ал тәпсірнама деректеріндегі Сағид Бин Жубайр: «Мұнда жемқорлық турасында айтылған», – деп түсінік берген.

Енді бір аят жолында Алла Тағала («Бақара» сүресі, 188-аят): «Араларыңдағы малдарыңды арам жолмен жемеңдер. Сондай-ақ біле тұра адамдардың малынан бір бөлігін жеу үшін билерге апармаңдар», – делінген.

Әрқайсымыз және жалпы қоғам сыбайлас жемқорлық экономикалық реформаларды ілгерілетуге, инвестициялар тартуға кедергі келтіретінін, елдің бәсекеге қабілеттілігін төмендететінін және сол арқылы біздің әл-ауқатымыздың өсуін, азаматтардың өзекті әлеуметтік проблемаларын шешуді: жұмыссыздықты, білім берудің, денсаулық сақтаудың жоғары сапасын және т. б. тежейтінін түсінгені маңызды.

Сыбайлас жемқорлықтың кез келген көрінісіне «мүлдем төзбеушілік» ахуалын жасау арқылы сыбайлас жемқорлыққа қарсы қозғалысқа бүкіл қоғамды тартуымыз қажет.

Жеңіс Пәрімбеков, Тараз қалалық қаржы бөлімінің басшысы

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.