Қалалық қоғамдық-саяси газет

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес – баршамызға ортақ іс

0 382

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев сыбайлас жемқорлықтың мемлекеттің бәсекеге қабілеттілігін біршама төмендететіндігін, елдің халықаралық беделіне көлеңке түсіретіндігін ескере отырып, «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Жолдауында сыбайлас жемқорлықтың алдын алу, жолын кесу, барынша төмендету жөнінде арнайы тоқталды.

Жолдауға сәйкес енді жемқорлықтың пайда болу себептеріне көбірек назар аударылып, жемқорлыққа апаратын факторларды анықтау үшін мемлекеттік органдар мен квазимемлекеттік сектордың нормативтік актілері мен жұмыс үдерісіне жемқорлыққа қарсы күрес тұрғысынан арнайы талдау жүргізілетін болады.


2021 жылдан бастап сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрестің жаңа тәсілдері енгізіліп, мемлекеттік қызметшілердің, депутаттардың, судьялардың шетел банктерінде есепшотқа ие болуы, қолма-қол ақша және бағалы заттар сақтауына қатысты жемқорлықпен күрес аясында жаңа шектеулер енгізіледі. Мемлекеттік қызметшінің немесе квазимемлекеттік мекеме басшысының қос азаматтығы анықталған жағдайда олар қызметінен босатылады.

Құқық қорғау органдары қызметкерлерінің, судьялардың, пара берушілердің және парақорлыққа делдал болғандардың сыбайлас жемқорлығы үшін жазаны қатайту тұрғысынан Қылмыстық кодекске өзгерістер енгізіледі.

Сыбайлас жемқорлыққа қатысты қылмыс жасағандарға шартты түрде мерзімінен бұрын босату шарасы қолданылмайды. Жемқорлықпен ұсталғандардың мемлекеттік қызметте және квазимемлекеттік секторда жұмыс істеуіне өмір бойы тыйым салатын қағида қатаң сақталады. Сыбайлас жемқорлық деректері туралы хабарлаған адамдарды заң жүзінде қорғайтын жүйе қалыптастырылады.

Сондай-ақ сыбайлас жемқорлықтың алдын алу мақсатында «Nur Otan» партиясының Төрағасы Н.Ә.Назарбаевтың тапсырмасымен 2015-2025 жылдарға арналған Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бағдарламасы бар.

2025 жылға дейін бағытталған сыбайлас жемқорлыққа қарсы бағдарламаның басым бағыттарының бірі – барша қоғам болып жасайтын іс-қимыл еркіндігі мен азаматтық қоғамды жұмылдыруға негізделіп отыр. Мемлекеттің сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатының тиімділігін арттырып, сыбайлас жемқорлықтың кез келген көрінісіне «мүлдем төзбеушілік» ахуалын қалыптастыру қажет.

Бүгінгі таңда Жамбыл облыстық фтизиопульмонология орталығының бірінші қабатында республикалық сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттігінің «Адалдық алаңы» жобасы шегінде облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының тапсырмасымен «Оpen space» форматындағы тұрғындардың ұсыныс-тілектерін, арыз-шағымдарын қабылдайтын кабинет ашылды. Онда емделушілерге жоғары медициналық көмек түрлері, кепілдендірілген тегін медициналық қызмет аясында көрсетілетін қызметтер туралы ақпаратпен, сондай-ақ аурухананың қабылдау бөліміндегі әрбір дәрігердің науқасқа деген қарым-қатынасын қадағалауға мүмкіндік беріледі. Емдеу мекемесінде «Ашық кеңістік» қағидаты бойынша жасалған бөлме пациенттермен қарым-қатынасты жеңілдетуге, халықтың қазіргі заманғы отандық медицинаға деген сенімін арттыруға және сыбайлас жемқорлыққа негізделетін құқық бұзушылықтарды азайтуға септігін тигізеді. Бұл – пациенттердің медициналық мекемеге арыз-шағымдарын төмендетіп, туындаған мәселелерді «қазір және осында» қағидаты бойынша шешу арқылы жүзеге асырылады. Халықтың медициналық қызмет көрсету сапасына қанағаттану дәрежесін арттырады.

Жалпы Қазақстанда тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан-ақ сыбайлас жемқорлықпен күрес жіті қолға алынған болатын. Бірақ бұл індет қоғам өмірінде әлі де көрініс табуда. Сондықтан сыбайлас жемқорлықпен күрес жүргізу – тек сот, құқық қорғау немесе мемлекеттік органдардың ғана міндеті емес, баршамызға ортақ іс.

Қайрат ЖЕТІБАЕВ,
Жамбыл облыстық көпбейінді ауруханасы
бас дәрігерінің міндетін атқарушы,
«Nur Otan» партиясы Тараз қалалық филиалы
Саяси кеңес Бюросының мүшесі

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.