Қалалық қоғамдық-саяси газет

Су тапшылығын қалай шеше аламыз?

0 247

Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев кезекті өз Жолдауында өте өзекті мәселелерді қозғады. Соның бірі – су мәселесі. Жасырын емес, қазір су тапшылығы сезілуде. Соған байланысты мәселелер де ашық айтылуда.

Жолдауда: «Қажетті мамандарды даярлау үшін бұл саладағы іргелі әрі мықты жоғары оқу орнын анықтаған жөн», – деп Президентіміз нақтылап айтты. Осы орайда мен де үн қоса кеткім келеді.

М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университеті Жамбыл гидромелиоративтік-құрылыс институтының мұрагері ретінде 60 жыл бойы су шаруашылығының мамандарын даярлауды жүзеге асырып келеді. М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университеті құрамындағы «Су шаруашылығы және табиғатқа үйлестіру» институтының кадрлық әлеуеті мықты. Ұжымда 19 ғылым докторы, профессорлар, 50-ден астам ғылым кандидаттары, доценттер, 13 PhD докторы республиканың су ресурстарын тиімді және ұтымды пайдаланудың негізгі оқу-ғылыми мәселелерін шешуге атсалысып жүр. Институттың екі кафедрасы «Су ресурстары» және «Мелиорация және агрономия» тікелей су шаруашылығы мамандарын даярлаумен айналысады және Тараз қаласында орналасқан Қазақ су шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтымен тығыз қарым-қатынаста.

Соңғы екі жылда біздің ғалымдардың қатысуымен су шаруашылығы саласында бірнеше кәсіби стандарттар әзірленіп, енгізілді. «Академиялық үстемдік орталығын құру» жобасы аясында университетіміздің «Су шаруашылығы және қайта өңдеу өнеркәсібінің ғылыми білім беру хабы» бойынша құрылатын зертханалардың бағыттары мен атаулары мақұлданып, министрлік тарапынан 4 миллиард теңге қаржы бөліну жоспарлануда.
Шыны керек, Жолдауда атап өтілгендей, қазіргі уақытта Қазақстанның су шаруашылығы гидротехникалық құрылымдар мен су шаруашылығы жүйелерін жобалау, реконструкциялау, салу және пайдалану жөніндегі жұмыстарды жүргізуге қабілетті мамандарға аса мұқтаж.

Президенттің Жолдаудағы тапсырмасын орындау үшін М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің «Су шаруашылығы және табиғатқа үйлестіру» институтының ұжымы «Су шаруашылығы» білім беру бағдарламасын іске асыру және дамыту бойынша бірқатар ұсыныстарды айта кеткім келеді. Біріншіден, ҚР бойынша су шаруашылығы мамандарын даярлау мен өндірісті қамтамасыз ету үшін «Су шаруашылығы» білім беру бағдарламасы тобында инженерлік мамандықтарды дайындауға арналған гидротехникалық құрылыс, гидротехникалық мелиорация, елді мекендерді сумен қамту және суды бұру, гидроэнергетика, гидромелиоративтік жұмыстарды механикаландыру, су дипломатиясы, су шаруашылығы экономикасы жаңа білім бағдарламаларын әзірлеу және мемлекеттік тізілімге енгізу керек. Екіншіден, су мамандарының мәртебесін (имиджін) көтеру мақсатында «Су шаруашылығы» білім беру бағдарламасы бойынша білім алатын студенттерге шәкіртақыны екі есеге көтерген жөн. Үшіншіден, «Су шаруашылығы» білім беру бағдарламасы бойынша оқуға қабылданатын барлық сырттан келетін студенттерді және шақырылған жас мамандарды жатақханамен 100 пайыз қамту да аса маңызды. Сондай-ақ «Су шаруашылығы» білім беру бағдарламасы бойынша сабақ беретін ПОҚ-н сыртқы академиялық бағдарлама негізінде алыс шетелдерге және ТМД елдеріне білім алмасу іссапарларына жіберу, дуалды білім алу мақсатында студенттердің тәжірибе өткізу орындарын – республиканың ірі су шаруашылығы мекемелері базасында өткізуді ұйымдастыру, аталған білім беру бағдарламасы бойынша толық курсты аяқтап, диплом алған студенттерді жұмыспен 100 пайыз қамту, мамандардың сапасын жоғарылату мақсатында біздің университетіміздің материалдық базасын ескере отырып, республика бойынша бакалаврларды, магистрлерді, докторанттарды Тараз өңірлік университетінде дайындау, мамандарды осы университетке шоғырландыру, «Су ресурстары» кафедрасының материалдық базасын нығайтуға, заманауи зертханалар ашуға қаржы көздерін қарастыру, Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан мемлекеттерінен арнайы гранттармен студенттерді қабылдау бүгінде кезек күттірмейтін мәселелерге айналып отыр.

Егер ел Үкіметі М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетін су саласындағы іргелі әрі мықты жоғары оқу орны деп есептеп, ұсыныстарымыздың негізінде ұтымды шараларды жүзеге асырса, бұл су проблемасын шешуге бағытталған дұрыс, тиімді әрі батыл қадам болмақ.

Кенжеғали ШИЛІБЕК, М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университеті «Су шаруашылығы және табиғатқа үйлестіру» институтының директоры

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.