Қалалық қоғамдық-саяси газет

Су тапшылығы қайтсе азаяды?

0 772

Ғылымға сенер болсақ, жер бетінің 71 пайызын су алып жатыр екен. Дегенмен де, осыншама мөлшерде жеріміз суға бай бола тұра әлемде су тапшылығы өте көп. Әсіресе таза су мәселесі шешілер емес.

Әлемдегі жарты миллиардтан астам халық су тапшылығына душар болып отыр. Нақтырақ айтқанда 780 миллион адам жер бетінде суға зәру. Соның салдарынан талай адам ажал құшуда. Санитарлық талаптарды сақтамау салдарынан да балалар көз жұмуда.
Өз елімізде де таза ауыз су мәселесі әлі күнге толық шешімін таппай келеді. Бірақ, жерасты сулары жіті зерттеліп, гидрогеологиялық картасы жасалған. Картада қай жерде қаншалықты тереңдіктен қандай су шығатыны, оның мөлшері толықтай көрсетілген.
Жерасты суы жауын-шашынның, мұздықтардың әсерінен көбейеді. Мәселен, Қытай, Өзбекстан, Ресей, Қырғызстан елдерінен келген су Сырдария, Ертіс, Іле, Жайық, Талас өзендерін толықтырып отырады. Су тұтыну көздерінің көбеюіне байланысты әлемде су тапшылығы мөлшері де ақырындап артып келеді.
Гидрология – жерасты суларының пайда болуынан бастап құрамын, қозғалысын, орналасуын зерттейтін ғылым. Елімізде де осымен жүйелі айналысатын ғылыми- зерттеу институттары бар. Соның ішінде Қ.Сәтбаев атындағы Қазақ Ұлттық техникалық зерттеу университетінің Гидрогеологиялық , инженерлік және мұнай-газ геологиясы кафедрасының беделі биік. Аталған кафедра тек қана мамандар оқытумен айналысып қоймай, геоэкология, су ресурстары бағытында да зерттеу жұмыстарын жүргізеді. Сондай-ақ магистратура, Phd доктарантура білім бағдарламалары бойынша мамандар даярлауда.
Мемлекеттік өңірлерді дамыту мәселесі бойынша бүкіл елді мекен таза сумен қамтамасыз етілуі керек. Ғалымдарымыз осы бағытта үздіксіз жұмыс істеуде. Осы мақсатта жер асты суының қорын іздеу-барлау жұмыстары жүргізіліп, 150 ден аса елді мекенді сумен қамтамасыз ету үшін жобалық-сметалық құжаттама әзірленген. Қазіргі таңда кейбір жерлерде, әсіресе халық тығыз орналасқан елді мекендерде үлкен өндіріс ошақтарын пайдалану әсерінен жерасты суының ластануы орын алуда. Соның әсерінен қазір зерттеу жұмыстары жүргізілуде. Тағы бір айта кетерлігі, жасанды су көздерін, оның ішінде су жинау ұңғымаларын, шахта құдықтарын салу есебінен Қазақстанның жайылым аумақтарын сумен қамтамасыз етуді жақсарту қажет.
Сондықтан қолымызда бар құнды ресурстың қадіріне жетіп, ысырапшылдыққа жол бермей, керісінше үнемді түрде пайдаланар болсақ, болашақта су тапшылығын тартпаймыз.

Арайлым Ершеева,
М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің
«Конвергентті журналистика» мамандығының 4-курс студенті

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.