Қалалық қоғамдық-саяси газет

Суға шомылудағы қауіпсіздік ережелері

0 314

Алдымызда жаздың алғашқы айы келе жатыр. Ауа температурасы да осы кезде көтеріліп, суға түсу маусымы басталады. Әр аптаның соңына таман су айдындарын жағалайтын шомылушылардың қатары көбейе түседі. Суға түсу, бір жағынан, демалыс әрі денсаулыққа пайдалы десек, екінші жағынан, мұндағы қайғылы жағдайлардың негізгі себебі – адамдардың судағы қауіпсіздік ережелерін сақтамауынан немесе оны білмеуінен орын алады.

Бүгінде Тараз қаласы аумағында гидрографиялық тұрғыда 10-нан аса су айдыны бар. Оның ең ірілері – Талас, Аса өзендері мен «Шөлдала» алқабындағы каналдар мен табиғи түрде пайда болған су айдындары. Соңғы екі жылда бірлесіп жүргізіліп жатқан профилактикалық жұмыстардың арқасында қайғылы оқиғалардың көрсеткіші төмендеуде. Айталық, өткен жылы 1 маусым мен 31 тамыз аралығында ересектер мен жасөспірімдердің судағы қауіпсіздігіне арналған түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Атап айтсақ, Тараз қаласы аумағындағы барлық жасанды немесе табиғи түрде пайда болған су айдындарында балалардың және тұрғындардың қаза болу жағдайларының алдын алу мақсатында 96 рейдтік жұмыс жүргізіліп, 2 345 жадынама таратылды. Сондай-ақ есепті мерзімде теле-радио арналарында 13 сұхбат беріліп, жергілікті басылымдарға 16 мақала жарияланды. Сонымен қатар қала аумағындағы шомылуға рұқсат етілген және тыйым салынған су айдындарында адамдардың қауіпсіздік шараларын сақтау жөніндегі үгіт-насихат және профилактикалық жұмыстарына «Lider.kz» волонтерлық қозғалысы мен «Amanat» жастар қозғалысы бірлесе профилактикалық жұмыстарға 18 ерікті қосылды. Бұған қоса жергілікті атқарушы органдармен шомылу айдындарына арналған 21 ескерту тақтайшасы дайындалып, қала аумағында «дөңгелек үстел» отырыстары өткізілді. Алайда қазіргі таңда барлық ескерту тақтайшалары бұзылып немесе ұрланып кеткен.
2022 жылғы 7 мамырдан бастап қала аумағындағы суда шомылуға рұқсат етілмеген жерде рейдтік жұмыстарды жүргізу барысында Тараз қаласы әкімдігі ішкі саясат бөлімі мен Жамбыл облыстық төтенше жағдайлар департаментінің ресми парақшаларына 7 бейнебаян енгізілді. Ағымдағы жылғы шомылу маусымына байланысты біршама іс-шаралар жоспарға сәйкес бекітіліп, орындалуда.
Қазіргі уақытта «Шомылу маусымындағы судағы қауіпсіздік» жобасы аясында қалалық білім бөлімімен бірлесе отырып барлық орта білім беру мектептерінде «Жазғы шомылу маусымындағы судағы қауіпсіздік», «Өрт қауіпсіздігі», «Жер сілкінісі кезіндегі іс-қимылдар», «Балалардың терезеден құлауының алдын алу» және «Жазғы саябақтардағы әткеншектер мен батуттардағы қауіпсіздік» тақырыптары бойынша дәрістер өткізілуде. Осы уақытқа дейін аталған дәрістерге 3 000-нан астам оқушы қамтылды. Сонымен қатар қала аумағында халықты хабардар ету мақсатында маңызды көшелерге арнайы билбордтар орнату үшін тиісті жұмыстар да жүргізілуде.
ҚР Ішкі істер министрлігінің 2015 жылғы 19 қаңтардағы №34 бұйрығымен бекітілген «Су айдындарындағы қауіпсіздік ережелері» талаптарына сәйкес, жабдықтау жұмыстарын жүргізу туралы» бұйрығына орай мекеме басшыларына су айдындарында ескертпе тақтайшаларын орнату мен жүзу құралдарын жалға беру орындарында құтқарушы желеттермен жабдықтау бойынша сұраныс хаттар жолданды. Биыл жергілікті полиция қызметімен бірлесе отырып күнделікті рейд жұмыстарын жүргізу кезінде полиция қызметкерлерімен суға шомылуға тыйым салынған жерде, сонымен қатар су айдындарында алкогольдік ішімдікті қолдану бойынша жұмыстар жалғасын табады. Мәселен, өткен жылы 440-бап бойынша 50 адам су айдындарында алкогольдік ішімдікті қолданғаны үшін тәртіптік жауапкершілікке тартылып, айыппұл салынса, 364-бап бойынша, яғни суға түсуге тыйым салынған жерлерде шомылғаны үшін 52 адамға хаттама толтырылып, ескерту берілді.
Биылғы шомылу маусымы қарсаңында шешілуі тиіс өзекті мәселелер аз емес. Айталық, жыл сайын орнатылатын ескерту тақтайшаларының шомылу маусымы аяқталғанға дейін бұзылуы мен ұрлануына байланысты биыл оларды сапалы жасау қажеттілігі туындауда. Сондай-ақ оқу жылы аяқталғанға дейін балаларды жүзуге үйрету мақсатында мектептерде каркасты бассейндер орнату және Тараз қаласы әкімдігінің кәсіпкерлік бөлімімен бірлесе отырып көпбалалы отбасылар мен жағдайы төмен отбасылардың балаларына жекеменшік бассейндерде түрлі жеңілдіктерді қарастыру қажет. Себебі жазғы маусымда су айдындарында демалушыларының 90 пайы- зы – жасөспірімдер мен оқу-шылар. Тағы бір айта кетерлігі, биылғы күнделікті рейдтік іс-шараны құтқарушылармен ғана емес, жергілікті полиция және білім бөлімінің қызметкерлерімен бірге қосып өткізу ұсынылуда. Сонымен қатар «Жеңіс» саябағында орналасқан жүзу құралдарын жалға беру орындарын ескерту тақтайшалары және медициналық пунктпен жабдықтау – күн тәртібінде тұрған мәселенің бірі.
Әрине, әуелі адамдар белгіленбеген орындарда шомылуға болмайтынын есте сақтаулары тиіс. Суға тек рұқсат етілген орындарда, жағажайларда шомылу керек. Суға түсетін жердің, су тазалығы, тереңдігі де өте маңызды. Мұны да мұқият тексерген жөн. Тамаққа тойып алып шомылу да денсаулыққа зиян екенін де айта кетейік. Суға түскенде бір-бірін және балаларды көзден таса қылмай, қоршау белгілерінен асып кетпеген абзал. Әсіресе техникалық ескерту белгілерінің және басқа құралдардың үстіне шығуға қатаң тыйым салынады. Қорыта айтқанда, судағы төтенше жағдайдан қорғанудың ең сенімді жолы – шомылу ережесін мен қауіпсіздік шарасын қатаң сақтау.

Әскер Сарбатов,
Тараз қалалық төтенше жағдайлар басқармасының бастығы

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.