Қалалық қоғамдық-саяси газет

Ұстаздың жолы – ұлы жол

0 306

Біздің студенттік кезіміз еліміз тәуелсіздік алып, еңсесін енді тіктеп келе жатқан тұсқа сәйкес келді. Ауылдан алыс ұзап көрмеген бір-бір үйдің көген көздеріне қаланың тыныс-тіршілігіне тез бейімделіп кету оңай болған жоқ. Алғашқы кездері ата-анамызға деген сағыныш, ауылға деген ынтызарлықпен студенттік өмірдің дүрмегіне ілесе алмай жүргеніміз анық. Бір көңілге демеу болары, кураторымыз Сейсегүл апай да өзіміз сияқты ауыл мектебінен жаңа келген оқытушы екен.

Биязы мінезімен бәрімізді бірден бау-рап алды. Екінші анамыздай болып кетті. Алғашқы күннен әдебиетке әуестігі, өлеңге іңкәрлігі білініп тұрды. Бізді жақындастырып жіберген де сол еді. Уақыт өте келе әдебиетке жақын студенттерді жинап, әдебиеттің айдынында өзіндік жолын қалдырып, өмірден ерте кеткен ақын Бауыржан Үсенов туралы кеш өткізу туралы ойымен бөлісті. Бауыржан ақын туралы бұрын-соңды естігеніміз жоқ еді. Сондықтан оның шығармашылығымен тереңірек таныстық. Топтағы ақын қыз Зульфия Қалматаева екеуміз кештің жос-парын жасап, қалай өткіземіз, қонаққа кімдерді шақыру керек деген сұрақтар төңірегінде Сейсегүл апаймен ақылдастық. Апайымыз баспа бетіне шықпаған біршама өлеңдерін тауып, бауыры Ботагөз апаймен байланысып, інісі Байжанды шақырып, кеш қонағы етті. Кеш өте жоғары деңгейде өтті. Одан кейін Бауыржан ақын туралы өз арамызда аз уақыт айтылып жүргенмен, кейін ол кісі туралы естімей кеттік. Осы күні ойласам, егер Сейсегүл апай кеш өткізіп, ақынның өзі өлсе де, өлмес өлеңдерін танытпағанда, өмірден кім өткенін білмей кетер едік. Ақындар шығармашылығына арналған кеш өткізу туралы ой келсе, апайымыз жанары жалындап, ерекше ілтипатпен қоштай кететін еді. Апайымыздың ұйытқы болуымен ақын Серік Қалиевтің, Абай Құнанбаевтың, Мұқағали Мақатаевтың, т.б. көптеген шығармашылық кештер өткізілді. Бір жолы өткізген кешке өзі сабақ беріп жүрген сол кездегі қазақ-түрік есеп-экономикалық колледжіндегі өлеңге құмар, әдебиетке жақын студенттерді де шақырыпты. Олар да шетінен өлең оқып, домбырамен күй тартып, кештің көрігін қыздырғаны бар еді.

Сейсегүл апай қайда жүрсе де, өнерге жақын жастарды жинап, қамқорлық көрсетіп жүретін. Институтты бітіргенімізге 25 жылға жуықтаса да, байланысымыз үзілген емес. Руымыз жағынан жеңге қылып, кейде сырласатынымыз бар. Қалай десек те, бізді жақындастырған – сөз өнері, өлең, әдебиет. Жүрген жерінде ақын-жазушылардың жоғын түгендеп, өнерін паш етіп жүру – Сейсегүл Молдабекқызының сүйікті ісі. Өзі содан ләззат алады. Бұл – өнерге, өлеңге деген құрметі.
Оқу бітіріп, туған ауылыма жолдама алып, студенттік күндерім өткен, жастығымның куәсі болған қаланы тастап, ауыл жаққа ығыстық. Тоқырау кезіне тұспа-тұс келген еңбек жолымызды жалақысыз бастадық. Сейсегүл апайым: «Сен қыз ауылда жүріп, қалып кетпе, қалаға қайтсайшы», – деп жүрді. Заманның ағымымен «балапан басымен, тұрымтай тұсымен» болып жатқан кезде жұмыс ауыстыруды жөн көрмедім. Қала шетіндегі Амангелді ауылында сабағымды беріп жүрдім. Кейде айтысқа оқушы дайындап, апайымның салып кеткен соқпағымен шығармашылық кештер өткізіп, шыңдалып жүрмін өзімше. Бір жолы хабарласқанымда, өзі қызмет атқарып жүрген қазақ-түрік колледжіне «жұмысқа кел» деп ұсыныс білдірді. Өзі басқа оқу орнына ауысатынын, өзінің орнына мені мұғалімдікке қалдырғысы келетінін айтты. Аяқасты күтпеген жерден табиғаты да, талғамы да бөлек ортаға топ ете қалдым. Ұстазымның мақтауына лайықты болуға тырыстым. Екі айға сынақ мерзімімен жұмысқа алынған едім, екі аптадан соң тұрақты түрде жұмысқа қабылдандым. Осы ұжым мені рухани байытты. Есеп-қисапта оқып жүрсе де өнерге құштар, өлеңге іңкәр шәкірттер таптым. Апайымның ізімен көптеген шығармашылық, әдеби кештер ұйымдастырдық. Ұстаздық жолда шыңдаған осы оқу орнында 13 жыл еңбек еттім. Мен сияқты талай студент Сейсегүл Молдабекқызының осындай шарапатын көргені анық.

Бір жолы апайдың кенже қызы Манзураның мезгілсіз өмірден өткенін естіп, қабырғамыз қайысты. Өлім түгілі ауруға қимайтын еліктің лағындай ерке қыздың бейнесі жадымыздан кетпеді. Біз оқу бітірер жылы Манзура бірінші курста оқып жүрген еді. Анасына қызының өлімі ауыр тиді, білем. Бір кездесуде Сейсегүл апай Манзурасы туралы ақтарыла айтып, көзіне жас алды. Қайғының қара шәлісін жамылған ананың ішкі құсасы ақтарылсын дедім бе, «Қызы қайтқан ананың монологын» жаздым.

Қызыл гүлім, құлпырған қызғалдағым,
Ерте солды-ау көктемей ізгі арманың.
Езіледі жүрегім сезсем-дағы,
Жаз артынан келетін ызғар барын.

Жайраң қаққан жәудір көз елігім ең,
Ақылшымдай сырласар серігім ең.
Еркелеген кезіңді күлім қағып,
Қалай ғана сызамын көңілімнен.

Аманат қып тапсырдым жерге сені,
Жас едің ғой қимайтын көрге тегі.
Салғанына айла жоқ Жаратқанның,
Бауырына ап Жер-анаң тербетеді.

Қолдан келер амалым, таусылды ісім,
Қайғы-мұңнан өзегім, ашиды ішім.
Алтынға да атыңды айырбастап
Ала алмадым, сағындым даусыңды шын.

Қайғы, қазаң жүректі тілімдеген,
Ұмыта алман әндеткен үніңді ерен.
Алдың пейіш болсын деп дұға еттім,
Елес болды-ау тек бейнең күлімдеген.

Тұрмыстың илеуінде кетіп, апайыммен біраз уақыт хабарсыз кеттік. Осы аралықта Сейсегүл Молдабекқызы әдебиеттің ғылымына түрен салып, Сауытбек ақынның «Ақ бөпесін» «тірілткен» екен. Ол туралы «Ақ жол» газетінен оқып білдім.

Бұл күнде Сейсегүл апайдың сан шәкірті түрлі салада халыққа қалтқысыз қызмет етіп жүр. Мен де ұстаздың ұлы жолымен жүріп өткен шәкірттерінің бірімін. Руханиятқа өзіндік үлесін қосып жүрген ұстазым, филология ғылымдарының кандидаты, доцент Сейсегүл Молдабекқызы Исматова осы жасқа әдемі қалпымен, өзіндік әдеби әлемімен келіп жетті деп ойлаймын. Өйткені ұстаздың жолы – ұлы жол. Сайрап ізі жатыр…

Райхан Мәселбек,
Тараз қаласы физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің қазақ тілі және әдебиеті пәнінің мұғалімі

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.